• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Кино 22 Тамыз, 2022

Ашаршылық қасіреті туралы фильм

2430 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда еліміздің кино саласын дамытуда шетелдіктермен әріптестік орнату ісі жолға қойылып келеді. Мұның бір мысалы ретінде «Қазақфильм» киностудиясында ашаршылық туралы «Өліара» атты толықметражды көркем фильмнің түсірілуін атап көрсетуге болады. Өйткені бұл көркем фильмнің қоюшы режиссері – Мажарстан Республикасының тумасы Тамаш Тот.

Еске сала кетейік, «Өліара» толықметражды көркем фильмнің түсірілімі 2021 жылғы 28 қазан мен 7 желтоқсан аралығында Алматы облысында жүргізілді. Ал 2022 жылдың шілде айында кинокартинаның монтаждау-әрлеу кезеңі басталған.

Фильм сценарийінің авторы – Нұрлан Санжар. Фильм­нің желісі XX ғасырдың отызыншы жыл­дарындағы нәубет, қазақ халқын жаппай қыр­ғынға ұшыратқан ашаршылық қасіреті баяндалады.

Фильмнің атқарушы продюсері Жансерік Шонаұлының айтуынша, кино картинаның сю­же­тінде «саяси кінәсін» өтеу үшін қазақ жеріне жібе­рілген Иштван Мадьярдың куә болған аянышты жағдаяттар суреттеледі.

Бас кейіпкер – Иштван Мадьяр қазақ жеріне келген соң Қарабайдың жедел отрядына түсіп, кулак малын іздеумен және тәркілеумен айналысады. Сол кезде өз көзімен ашаршылыққа ұшыраған халықтың азапты өмірін, жасанған жаналғыштай жауынгерлердің қатыгездігін көріп, төңкеріс туралы көзқарасын өзгертеді.

Иштван Мадьяр қазақ даласындағы жан төзгізсіз жағдайға күйзеліп, ақырында жергілікті тұрғындарға жақтасып, солармен бірге қызыл империяның озбыр саясатына қарсы күреседі. Бас кейіпкер небір өткелектерден аман қалып, қазақ халқының ұлы қасіреті туралы шындықты жеткізуге бар күшін салады.

Фильмге екі елдің танымал актерлері қатысқан. Басты рөлдерде Мажар елінің театр және кино актері Питер Барна, белгілі қазақстандық актерлер Алдабек Шалбаев, Ержан Нұрымбет және басқалар ойнаған.

Картинаның үлкен экранға шығуы 2023 жылға жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Өліара» толықметражды көркем фильм Шәкен Айманов атындағы АҚ «Қазақфильм» киностудиясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бо­йынша түсірілген.