• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 22 Тамыз, 2022

Гран-при Нұр-Сұлтанда өтеді

215 рет
көрсетілді

17-30 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтанда шахматтан әйелдер ара­сындағы Гран-при турнирінің бірінші кезеңі өтеді. Бұл жарысқа әлемдегі үздіктер санатына енетін 12 ойыншы қатысады.

Аталған жарыста Қазақстанның намысын Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева қорғайды. 22 жастағы Жансая қазіргі кезде әлемдік рейтингте 14-орынды иеленуде. Бұл – Қазақстанның шахматшылары арасындағы ең үздік көрсеткіш. Сол себепті ол осы турнирге бірден жолдама алып отыр. Сонымен қатар ұйымдастырушы тарап Women Grand Prix-2022 додасына тағы бір ойыншыны қоса алады. Бұл ретте таңдау 18 жастағы Бибісараға түсті. Үздіктер тізімінде ол 31-орынды еншілеуде. Осы бәсекелердің қорытындысы бойынша ең көп ұпай жиған бұрымды ФИДЕ-нің үміткерлер турниріне қатысу құқығына ие болады. Сондай-ақ ТОП-10 шахматшының қатарында Динара Сәдуақасова (33-орын) мен Меруерт Камалиденова (63-орын) сынды қазақ қыздары бар.

Ал әлемдік рейтингте үздік ондықтың санатына мына шахматшылар еніп отыр: Хоу Ифань (Қытай), Александра Горячкина (Ресей), Цзюй Вэнцзюнь (Қытай), Екатерина Лагно (Ресей), Лэй Тинцзе (Қытай), Нана Дзаг­нидзе (Грузия), Мария мен Анна Музычуктар (Украина), Тань Тжунъи (Қытай) және Александра Костенюк (Ресей).