Алматы облысына қарасты Талғар қаласында бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділовтің жүлдесі үшін өткен жасөспірімдердің халықаралық турнирі аяқталды.
Бұл жарысқа Өзбекстанның былғары қолғап шеберлерінің жақсы даярлықпен келгені байқалды. Төрт салмақ дәрежесінің бас жүлдесі өзбекстандық өрендерге бұйырды. Олар – Акбаржон Рустамов (34 кило), Сейдахрор Мирзарахимов (36 кило), Алиахрор Кодиралиев (42 кило) және Ахатбек Ураимов (44 кило). Алматы облысы өкілдерінің арасында Ирза Жарас (32 кило) пен Данияр Ергешке (46 кило) тең келер ешкім табылмады. Алматы қаласының жас өрендері арасынан Әдият Бақытжан (40 кило) мен Данияр Ақбисенов (48 кило) алдына жан салмады. Тағы бір бас жүлде Жетісу облысынан келген Аян Әбілғабылға (38 кило) бұйырды.