• RUB:
    5.05
  • USD:
    494.95
  • EUR:
    525.49
Басты сайтқа өту
Спорт 22 Тамыз, 2022

Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы оқу-жаттығу жиынын аяқтады

669 рет
көрсетілді

Көкпардан ҚР ұлттық құрамасының мүшелері осы жылдағы екінші оқу-жаттығу жиынын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тамыз айында  Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Олимпиадалық даярлау орталығында  жалпы дене дайындығы бойынша жаттығу жасап, спортшылар физикалық тұрғыдан шыныққан болатын.

Кезекті оқу-жаттығу жиыны 7-20 тамыз аралығында Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт базасында өтті. Бұл оқу-жаттығу жиынында спортшылар арнайы дайындықтан өтіп, аттармен бірге жаттығу жасады.

Көкпардан бас жаттықтырушы Қуанышбек Құрамаев ұлттық құрамадағы 24 спортшыны жан-жақты дайындықтан өткізуде. Құрамада еліміздің барлық өңірінен мықты спортшылар қамтылған.

Ұлттық құраманың сапында көкпардан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Абылайхан Нышанбеков, көкпардан Азия чемпионы - Құрманбек Тұрғанбек сынды белді шабандоздар бар. Сондай-ақ, еліміздің намысын Нұрқасқа, Бүркіт, Заңғар, Найман, Кәмпит, Қаршыға сынды үздік аттар қорғайды.

Аталған оқу-жаттығу жиындары IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бағытталған. Көшпенділердің дәстүрі мен жауынгерлік рухын жаңғыртқан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Түркияның Изник қаласында 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.

Қазіргі таңда «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығынан» көкпар мен қазақ күресінен ұлттық құрамалар дайындықтарын пысықтап жатыр.

Сонымен қатар, Орталыққа қарасты асық ату, аударыспақ, жамбы ату, тоғызқұмалақ, саятшылық, теңге ілу ұлттық спорт түрлері де қатысады деп күтілуде.