Болгарияның астанасы – Софияда грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионаты (U-20) өз мәресіне жетті. Алғашқы күні 87 кило салмақта сынға түскен Мақсат Сайлау қола медаль иеленсе, келесі тәулікте тағы бес балуанымыз боз кілемге шығып, солардың екеуінің қанжығасы майланды.
Қазақстан құрама командасы мүшелері арасынан Юсуф Мациевтің өнеріне тәнті болдық. 97 кило салмақ дәрежесінде айқасқан жерлесіміз бастапқы бәсекеде украиналық Владислав Драганчукті (9:0) айқын басымдықпен ұтса, іле-шала швециялық Маанс Эрик Хейнц Клостерманды (7:3) қапы қалдырды. Ширек финалда сербиялық Лука Катичті қос жауырынымен жерге қадаған ол жартылай финалда қырғызстандық Нурманбет Раймалыуулуның (11:2) тас-талқанын шығарды. Финалда Юсуфтың жолы Иранның мықтысы Али Рамананәли Абедидарзимен қиысты. Бұл тартыс 9:4 есебімен Парсы елі өкілінің пайдасынан шешіліп, біздің Юсуф күміс медаль иеленді.
67 кило салмақтағы Дінмұхамед Қошқар үндістандық Анкит Гулияны (8:4), молдовалық Каспер Никлай Оэверибиді (8:0) және америкалық Роберт Паул Пересті (3:3) ұтқанымен, жартылай финалда әзербайжандық Каннан Абдулазадеге (2:9) жол берді. Десек те қола медаль үшін бәсекеде Дінмұхамед түркиялық Онур Юртаданың (3:2) осал тұсын тапты. Қошқардың жеңіп алған қола жүлдесі де қазақтың тақиясына тар келмесі анық.
Жұбаныш бәсекелерінде Бақытжан Қабдыл мен Мерей Мәулетханов күш сынасты. 60 кило салмақтағы Бақытжан аремениялық Сурен Агаджянға және 72 кило салмақтағы Мерей молдовалық Александру Словейге жеңілгенімен, қарсыластары финалға шыққанның арқасында олар жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Бірақ Қабдыл бірден ұтылса, Мәулетханов екі бірдей қарсыласын қапы қалдырып, үшінші орын үшін белесуде Амир Али Абдиге (0:4) есе жіберді. Сөйтіп, Қазақстанның грек-рим күресі шеберелері Софиядағы сайысты қос жүлдемен қорытындылады.
Командалық есепте Иран құрамасы озды. Парсы елінің пехлевандары 4 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжалады. Екінші орында – Әзербайжан. Қап тауының қырандары 3 алтын мен 2 қолаға қол жеткізді. Үшінші сатыға Арменияның арландары табан тіреді. Олар 1 алтын мен 1 күмісті еншіледі. Үздік бестікті Украина
(1 алтын мен 1 қола) мен Германия (1 алтын) түйіндеді.
Грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған балуандар: 55 кило – Нихад Гулузаде (Әзербайжан), 60 кило – Саид Морад Есмаили (Иран) , 63 кило – Иман Хоссейн Мохаммади (Иран), 67 кило – Каннан Абдулазаде (Әзербайжан), 72 кило – Гурбан Гурбанов (Әзербайжан), 77 кило – Дэни Накаев (Германия), 82 кило – Алиреза Азизхох Мохамадипиани (Иран), 87 кило – Виген Назарян (Армения), 97 кило – Али Рамананали Абедидарзи (Иран) және 120 кило – Михайло Вышневецкий (Украина).
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның балуандары арасынан еркін күрестен Мерей Базарбаев (57 кило), әйелдер күресінен Алтын Шағаева мен Анастасия Панасович күміс медаль олжаласа, Мәдина Аман (59 кило) қолаға қол созған еді. Нәтижесінде, Болгарияның боз кілемінде жерлестеріміз жеті жүлдеге қол жеткізді. Тарқатып айтсақ, біздің балуандар 4 күміс пен 3 қола медаль иеленді.