Алматыда Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық мәжіліс аяқталды. Конференцияда Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларының әлеуметтік салаларының өкілдері жаһандық пандемия кезінде жинаған тәжірибелері мен бүгінгі бастамаларын ортаға салды.
ХҚО басшыларының Алматыдағы басқосуы қауымдастық мүшелеріне пандемияның қысқа мерзімді жауап шаралары мен ұзақ мерзімді әсерін талдауға, сондай-ақ осы саладағы әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі проблемаларын талқылауға мұмкіндік берді.
Әзербайжан Республикасы тұрақты және жедел әлеуметтік қамсыздандыру агенттігінің (DOST) деректерді басқару және талдау департаментінің директоры Шахин Зульфугаровтың айтуынша, қазақстандық фронт-офистер баламасы саналатын Тұрақты және жедел әлеуметтік қамсыздандыру агенттігі (DOST) Президент жарлығымен 2018 жылдан бері жұмыс істейді. DOST агенттігі Бірыңғай үйлестіру орталықтарының қызметтерін қоса алғанда, тікелей орталықтар желісі арқылы 12 бағытта 154 қызмет көрсететінін айтады.
Өзбекстан Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы Зейнетақы қоры Атқарушы директорының бірінші орынбасары Зохидхужа Тұрсынов Жаңа Өзбекстанның 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясының әлеуметтік бөлігіне тоқталса, Беларусь Республикасының Халықты әлеуметтік қорғау қоры Басқарушысының бірінші орынбасары Виктория Трухан өз елінде мекемеаралық өзара іс-қимыл шеңберінде ұсынылатын, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдары шаруашылық жүргізуші субъектілерге де, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдары ұсынатын қызметтер мен сервистерді шоғырландыратын жалпы мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйенің электрондық қызметтерінің бірыңғай порталы жұмыс істейтінін айтады.
Халықаралық конференцияны ұйымдастырушылардың бірі – «Азаматтарға арналған үкімет» МК КеАҚ төралқа төрағасы Сүйеніш Әбділдин Қазақстан мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландыруға белсенді түрде кірісіп отырғанын жеткізді.
«Біз үнемі халықпен жұмыс істеуде алдыңғы шепте отырғандықтан өзекті мәселелерді көтереміз. Бүгінде елімізде еgov-ты монополиясыздандыру үрдісі жүріп жатыр. Бұл – мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін тек мемлекеттік қызметтердің бірыңғай порталында ғана емес, банктер, онлайн платформалар арқылы алуға ғана емес, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді, азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу үшін ең өзіне ыңғайлы нұсқаны таңдай алады. Әлеуметтік қамсыздандыру тұрғысынан алғанда, бұл – проактивті қызметтер. Өтініш беру форматынан анықтау, автоматты түрде қызмет көрсету форматына көшу. Бұл орайда Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі қолға алған «Отбасының цифрлы картасы» жобасынан үлкен үміт күтуге болады» деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК КеАҚ төралқа төрағасы Сүйеніш Әбділдин.
Екі күнге жалғасқан жиында ТМД өкілдері тәжірибелік әлеуметтік бағдарламаларға қатысып, Алматы қаласының Әлеуметтік қызметтер үйінің жұмысымен танысты.
АЛМАТЫ