Баянауылдық жұрт көмір кеніштерінің қайырымы жоқтығына қапалы. Бұл өлкеде үш бірдей кеніш бола тұра, олардан босатылатын тас көмірдің игілігін жергілікті халық мүлде сезінбейміз дейді. Қоғам белсенділері кәсіпорындар Ресейге өткізетін отынның бағасын 2,5 есеге арзанға сататынын, ал жергілікті тұтынушыларға ешбір жауапкершілік танытпай отырғанын ашына жеткізді. Көршілес кейбір аудандарда отынның құнына қатысты шектеулер енгізіліп, тіпті Май ауданында көмірдің тоннасы биыл мың теңгеге арзандаған. Қазба байлықтың үстінде орналасса да әлгіндей артықшылықты пайдалана алмай отырған Баянауыл басшылығына жұрттың өкпесі қара қазандай.
Тамыз айының екінші жартысы жаз бойы болмаған жауын-шашынды әкеліп, Ертіс-Баян өңірінде биыл күн ерекше салқын. Енді бір аптадан соң қыркүйек келсе, су да суып, жергілікті табиғат жазғы тонын өзгерте бастайды. Соңғы он күнде тұрып алған өкпек жел жер үйлердің тұрғындарын пеш жақтырып, бой жылытуға мәжбүр етті. Күздің ызғары білінгелі керекулік атқамінерлерден де маза кетуде. Қазір әр аудан-қала басшысының алдында жергілікті халықты тұрмыстық көмірмен қамтамасыз ету міндеті тұр.
Осы ретте Баянауыл ауданының тұрғындары ерекше алаңдаулы. Айтуларынша, өңір басшылығы көмірмен қамтамасыз етуде әрекетсіздік танытып отыр. Аудан аумағында орналасқан «Майкөбе», «Сарыкөл» кеніштерінен жергілікті халыққа түк пайда жоқ.
Әлеуметтік жауапкершілікті былай қойғанда, өңір жұртшылығына қатты отынның бағасын түсіріп беру, жеңілдіктер жасау «Майкубен-Вест» және «Гамма-Сарыкөл» кәсіпорындары басшыларының ойына да кіріп шықпайтындай. Ел мен жердің иесі – халық, ендеше, қазіргідей ауыртпалық кезеңде кеніштер тұрғындарға қарайласуы керек.
– Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханұлы: «Туған жердің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек», деген. Олай болса өзіміздің табанымыздың астынан шығып жатқан қазына не себепті жергілікті халыққа қымбат бағаға сатылып отыр? Кәсіпорын тұрғындарға қарайласып, қайырымын танытуға тиіс деп санаймыз. Биыл баянауылдықтар аудан әкімдігіне өз талап-ұсыныстарын айтып, әсіресе көмірдің тым қымбат екенін, оның бағасын түсіруді талап еткен болатын. Алайда әзірге еш өзгеріс жоқ. Керісінше көмірдің босатылу бағасы көтерілетіні туралы ақпарат шықты. Білуімізше, «Майкөбе» кенішінен шығарылып, Ресейге сатылатын көмірдің әр тоннасы былтырлары 3 мың теңгеден, ал жергілікті халық тұтынатын көмірдің бағасы 7,5 мың теңгеден сатылып келді. Неге кеніштің дәл жанында тұрып, көмірді экспортқа бағытталатын бағадан 2,5 есеге қымбатқа сатып алып отырмыз? Бұл мәселе қазір баянауылдықтарды айрықша алаңдатуда, – дейді баянауылдық қоғам белсендісі Айбат Ыдырысов.
Тұрғындардың өтініші бойынша аудан әкімі Серік Батырғожиновқа хабарласып көріп едік. Бірнеше мәрте қоңырау шалып тырысқанымызбен, өңір жетекшісі телефонға жауап бермеді, жазбаша сауалымызға да әу деп үн қатпады. Соған қарағанда әкіммен байланысқа шығу жергілікті халық үшін қиямет-қайымның өзі ме деген ой түйдік. Әлеуметтік желі арқылы байланысып көреміз бе деген сеніміміз де ақталмады.
Баян елімен көрші жатқан Май ауданының әкімі Ағыбай Әміриннің халық өтінішін орындаудағы әбжілдігі байқалады. Май – қысы ұзақ әрі суық өңірлердің бірі. Облыс басшысы жуықта аудан-қала әкімдеріне көмір өндіретін кәсіпорындар басшыларымен кездесіп, тұрғындарға отынды қолайлы бағамен сату бойынша келісім жасауды тапсырған болатын. Май ауданының әкімі биыл бұл тұрғыда ерлепті. Жылу маусымы жақындап қалғанын ескеріп, аудан тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету мақсатында «Қайнама Көмір» ЖШС-мен меморандумға қол қойған. 2023 жылдың 1 сәуіріне дейінгі келісім негізінде көмір бағасы жергілікті тұрғындар үшін 7 500 теңгеден 6 500 теңгеге түсірілді. Демек алдағы қыста көмір бағасының қымбаттауына жол берілмейді.
«Баянауыл ауданында үш бірдей кеніш бола тұра, мұндай жеңілдікті әріптесіңіз Серік Барлыбайұлы, тіпті онда бұған дейін де әкім болған азаматтар жасай алмай кеткен. Сіз «Қайнама» кенішінің құрылтайшысын қандай сиқырдың күшімен көндірдіңіз?», деп сұрадық.
– Көмірдің бағасын арзандату туралы мәселені бұрыннан ойлап жүргем. Кеніштің өзі өңіріміздегі Майтүбек ауылдық округінде, ал кәсіпорын басшылары Алматы жақта орналасқан. Маусым айында біздің елге келгенде арнайы барып сөйлестім, халықтың жағдайы осындай, бағаны түсіріңіз деген талап қойдым. Құрылтайшы ойланатынын айтқан еді. Облыс әкімінің жуықтағы тапсырмасынан соң тағы хабарластық. Міне, нәтижесі жаман болған жоқ. Тоннасын мың теңгеге арзандатып әрі оны сәуір айына дейін ұзартып қойды. Көмірі өте қызулы, баянауылдық «Майкөбе» көмірінен де асып түседі дейді ауыл адамдары. Тез тұтанады әрі күлі аз қалады. Бұған дейін біздің жеткізушілер қатты отынды 250-300 шақырым жерден таситын. Енді көмір жеткізу құны да арзандап, оны тасу радиусы 100-150 шақырымды ғана құрап отыр. Нәтижесінде, ауылдарға дейін жеткізу тоннасы үшін 12-13 мың теңге болады деп күтілуде. Тұрғындар кемінде 8-9 мың теңгесін үнемдеп қалады, – дейді Ағыбай Әмірин.
«Қайнама көмір» кеніші осыдан 2-3 жыл бұрын ғана ашылған. Аяғына енді тұра бастаған кәсіпорынның көміріне Ресей елі де қызығушылық танытуда екен. Отынның сапалы екеніне көз жеткізген жергілікті тұрғындар бір шеті сонау Курчатов, Баянауыл, Екібастұздан тасуды биылдан доғара бастайтындарын айтады. Май бойынша көмір жеткізетін 10 кәсіпкердің жүк көліктерінің нөмірлері кенішке беріліп қойған. Әр тоннасы 6 500 теңгеден сатылатын арзан көмір тек соларға ғана тиелетін болады. Ал сырттан келетіндерге баға бұрынғыша қала бермек. Бүгінде ауданда 9 700-дей адам тұратынын айтып өткен абзал.
Ағыбай Қойшыбайұлы жергілікті әлеуметтік және әкімшілік нысандар да келесі жылдан «Қайнаманың» көмірін пайдалана бастауы мүмкін екенін де айтып қалды. Дей тұрғанмен бұл жерде бір кедергі бар. Ғимараттардағы қазандық пештерінің көбі Тереңкөлдегі Песчан зауытында шығарылған. Ал бұл пештер екібастұздық көмірге бейімделіп жасалыпты. Биыл қазандықтарға жергілікті көмір аз-аздап жағылып, сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Айтпақшы, былтыр жергілікті кеніш әкімдіктің өтінішімен 200 тонна көмірді тұрмысы төмен отбасыларға, оңтүстіктен қоныс аударып келгендерге таратып берген. Биыл да сондай көмек болады деп күтілуде.
Бұған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салхановтан өңірдегі негізгі үш кеніштен босатылатын тұрмыстық көмір бағасын сұраған едік. Мекемеден жолданған жауап хатта былай делінген: «Богатырь-Көмір» ЖШС-нда өздігінен тасымалдау бағасы (темір жол арқылы емес) қосымша құн салығымен қоса есептегенде 2 756,32 теңгені құрайды. Ал «Майкубен-Вест» ЖШС-нда темір жолмен жеткізу бағасы 6 741 теңгені, автокөлік арқылы жеткізу 7 500 теңгені құрап отыр. Бұған қоса «Гамма-Сарыкөл» ЖШС-нда темір жол арқылы – 5 400 теңге, автокөлікпен жеткізу – 5 500 теңге».
«Майкубен-Вест» серіктестігіндегі коммерциялық директордың орынбасары Нұрлан Сарбөпеев тұрмыстық негіздегі көмірдің бағасы соңғы 3 жылда өзгермегенін айтады. Алайда көмірді вагондармен жеткізудегі тасымалдау шығындары биыл 13 пайызға қымбаттапты. Кеніштегі тиеу жұмыстарының бағасы 6 пайызға, «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі жүк вагондарында тасымалдау қызметінің құны 7 пайызға өскен. Автокөлікпен келіп алып жатқандар үшін баға бұрынғыша қала береді. Былтыр кеніш жалпы көлемі 3 млн 800 мың тонна көмір өндіріпті. Биылғы көрсеткіш те сол шамада болады деп болжанып отыр.
Нұрлан Сарбөпеевтен жергілікті халыққа жеңілдік жасала ма деп сұрадық. Ол бұл мәселені құрылтайшылар шешетінін, әзірше Баянауыл басшылығы тарапынан ондай өтініш айтылмағанын жеткізді. Кеніш жыл сайын өңірдегі мешіттерді көмірмен тегін қамтамасыз етіп келе жатқанын, биыл бұл игі үрдіс жалғасады деп жауап берді.
Баянауыл жұртын алаңдатып отырған жалғыз бұл мәселе емес. Биыл құрылғанына 90 жыл толған алтынды Майқайың кенті жуық арада қиындыққа ұрынуы ғажап емес. Кенттегі көпқабатты 64 тұрғын үй мен 384 жеке баспана, әлеуметтік және әкімшілік мекемелер, өндірістік кәсіпорындар және кәсіпкерлік нысандары биыл қыста жылусыз қалуы мүмкін. Елді мекенді жылумен қамтып отырған «Майқайың алтын» акционерлік қоғамының бас директоры Қуаныш Ботин жылыту бойынша келісімшарттың күші биылғы қараша айының 27-сінде жойылатынын, сол уақытта кәсіпорын бұл қызметті көрсетуден біржола бас тартатынын жазып, тиісті мекемелерге хат жолдаған. Орталық қазандықтың шығыны көп, желілерге қызмет көрсетудің өзі тым қымбаттап кетті деген уәж айтыпты.
Майқайыңның әкімі Ербатыр Молдатаевпен сөйлескенімізде бұл мәселені аудан басшылығы жақсы білетінін, жуық уақытта облыстан көмек сұралатынын жеткізді.
Кентке жылу беруден бас тартуға қатысты мәселе бұл бірінші рет емес. Кәсіпорын бұған дейін де бірнеше мәрте қызмет көрсетуді доғарамыз деп доқ көрсеткені есімізде. Елдің көңілін алаңдатып отырған бұл жайттарға жергілікті билік жедел назар аудармаса болмайды. Қыс – қыр астында. Енді бір айдан соң орталық қазандықтар іске кірісіп, үйлерге жылу беріле бастайтынын ұмытпау керек.
Павлодар облысы