Биыл Жетісу облысында 480 тоннадан астам жидек жинау жоспарланса, соның тең жартысы құлпынай мен бүлдірген болмақ. Ортақ іске Ескелді мен Көксу ауданының бағбандары елеулі үлес қосып келеді. Бірі жаздың ми қайнатар ыстығында тыңбай еңбек етсе, енді бірі қыстың қақаған аязында жылыжайын баптайды. Ауылдағы қожалықтар өңірді ғана емес, республика көлемінде тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз етуге қауқарлы.
Жаздың да жыры көп
Ескелді ауданына қарасты Теректі ауылында орналасқан «Лазаренко Н.П» шаруа қожалығы 10 жылдан бері жерден ризығын теріп, құлпынай мен таңқурай өсіріп келеді. Қазіргі кезде бағбандар отбасы күніне шамамен 700-800 кило құлпынай, екі күнде бір 100-150 килодан таңқурай жинайды.
Любовь Лазаренконың айтуынша, күйеуі мен оның бауырларының жермен жұмыс істеуге деген ынтасын оятқан әкелері Петр Андреевич екен. Ол бүкіл өмірін жергілікті ұжымшардың жұмысына арнаған майталман маман. Кейіннен пайға жер алып, жеміс-жидек өсіре бастаған. Міне, уақыт өте келе бұл кәсіпті балалары жалғастырған. Олар өз алдына бөлек отбасын құрып, жеке шаңырақ көтергеннен кейін де бүкіл әулетімен осы іске ден қойған. Қазір жердің бір де бір бөлігі бос жатқан жоқ, бәрінде жеміс ағаштары мен жидектер жайқалып өсіп тұр. Учаскенің басым бөлігін құлпынай мен таңқурай алып жатыр. Бос орындарға гүлзарлар, түрлі-түсті жаздық гүлдер отырғызылған. Лазаренколар ғаламтордың көмегімен бағбандыққа қатысты көп нәрсе үйреніп, оны тәжірибеде жиі пайдаланатынын айтады.
«Біз негізінен құлпынай мен таңқурай өсіреміз. Жидектер пайдалы әрі дәмді болғанына қарай бапты көп тілейтін кірпияз өсімдіктер. Сондықтан оны барынша күтіп-баптау керек. Таңғы самалмен бау-бақшаны аралап, өсу қарқынын бақылаймыз. Қазір білікті бағбандар сан алуан әдіспен жемістің маңызын жоғалтпай көбейтіп келеді. Бұлар да бір бала сияқты, аялап-әлпештеп отырмасаңыз солып қалуы мүмкін, тек істе ерінбеу қажет. Неғұрлым өнім мол болуы үшін, соғұрлым тыңбай еңбектенуіңіз шарт», дейді Л.Лазаренко.
Біраз күн жауынды болғандықтан, бақта жұмысшылар өнім жинауды қоя тұрып, көшет егуге дайындық жұмыстарына кіріскен. Бір айдан кейін көшет жерсінген соң дайын құлпынай көшеті полиэтилен пленкасымен жабылған топыраққа отырғызылады.
«Қазіргі кезде құлпынай 2 гектар жерді алып жатыр. Біз «Альбион» десерт сортын өсіріп отырмыз. Оның жемісі нәрлі, жұпар иісті, берік келеді. Дегенмен қатты ыстықта жемісі ұсақталып кетеді. Сондықтан биыл өнім орташа болды. Оған себеп биылғы қыста қардың аз түсуі. Бұл сорт өнімді мамырдың басынан бастап қара күзге дейін береді. Ең бастысы – дәмі тамаша, өнімділігі мол, жақсы сақталады, тасымалдауға да қолайлы әрі формалары да көз тартады. Бақсаңыз, сопақ түрі де, жүрек пішіндес формасы да бар», дейді бағбан өсіріп отырған сұрыптардың ерекшелігіне тоқталып.
Өнімді өткізуде қиындық жоқ. Талдықорғаннан көтерме бағада алып кететіндер көп. Лазаренко отбасының өсірген құлпынайларын астаналық тұрғындардың да дастарқанынан көруге болады. Сол сияқты Өскемен, Семей және басқа қалаларда да өз тұтынушылары бар. Мұнда аздаған килодан алуға ниетті адамдардың да қолын қайтармайды. Кез келген сатып алушыны қуана қарсы алады. Мақсат – тұтынушының талабына сай әрекет ету.
Алма бағы да биыл жақсы жеміс берген. Жемістің молдығынан ағаш бұтақтары иіліп жерге тиюге шақ тұр. Бүлдірген де пісе бастаған. Шаруа қожалығына тиесілі жер учаскесінің жалпы алаңы 20 гектарға жуық. Заманға сай жаңа техникалармен толық қамтамасыз етілген. Кәсіп иелері жеміс-жидек өсірудің түрлі әдістерін пайдалануды қолға алған. Мәселен, жидектің сапасын жақсарту үшін тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бұл әдіс судың жидек тамырына тікелей баруына мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға қол жеткізсе, өңдеу өнеркәсібін ашуға ниетті. Нақтырақ айтқанда, джем мен тосап дайындасақ деген ойда жүр.
«Осы шаруа қожалығында жұмыс істеп жүргеніме 12 жыл болды. Жұмыс қиын емес, керісінше, осы істен ләззат аламын. Еңбекақыны күнделікті береді. Басшылық тарапынан да көмек жиі көрсетіліп тұрады. Біздің алқаптағы құлпынай өте дәмді. Оған алыс ауыл-аймақтан арнайы келіп алып кететіндер дәлел», дейді еңбеккер Елена Сырых.
Жермен жұмыс істеуден жалықпайтын кәсіпкерлер Николай мен Любовь Лазаренколар жидектің басқа да түрлерін өсіріп көруді жоспарлап отыр. Қазір шаруашылық селекционерлердің таңқурай мен бүлдіргенді будандастыру арқылы жасаған жидектің жаңа түріне ерекше мән бергелі отыр. Оның алғашқы көшеттері отырғызылып, алды өнім бере де бастаған. Лазаренколар отбасы бұл жидекке де қызығушылардың көп болатынына сенімді.
Жеміс-жидек алқабында жергілікті тұрғындардан 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Оларға тегін түскі ас, таңертең және кешкі тасымал ұйымдастырылған. Маусым кезінде жұмысшылардың саны едәуір көбейеді. Өнім көбейгенде үлкен күш қажет, әйтпесе ерте піскен жемістерді дер кезінде сабағынан үзбесеңіз езіліп кетуі мүмкін.
Қыста да қарап қалмайды
Жетісу өңірінің топырағы құнарлы. Амалын тапсаңыз, жыл он екі ай жеміс егіп, шалқып отыруға болады. Мәселен, биыл Көксу ауданының халқын жидек өнімдерімен қамтамасыз ету үшін алғаш рет 0,25 гектар жерге жаңа әдіспен құлпынай өсірілді. Жылыжайға ғылым мен техника жетістіктерін қолдану арқылы оңтүстіккореялық «Сольхян» сұрпы егілген екен. Біз ауданға сапар барысында бұл игілікті істің мән-жайына үңілген едік.
2 гектар жерге иелік етіп отырған «ҚазАгроСервис» ЖШС 2014 жылдан бері жылыжай ісімен айналысады. Серіктестік басшысы Светлана Зубович жылыжайда көк жуа, гүлдің сан алуан түрін өсірумен қатар осы қыста алғаш рет жаңа әдіспен құлпынай өсіруді бастағанын жеткізді. Нәтиже жаман емес. Келер жылы да қалыс қалмай, өнімді көбейтсек деген ниетте отыр.
«Биыл алғашқы өнім болғандықтан 700 кило құлпынай алдық. Құлпынай өзге көкөністер секілді көп жылуды қажет етпейді. Бар болғаны 5-6 градус жылылықта өсіп шығады. Ал қыстыгүні аязда 10-15 градус жылы болса жеткілікті. Құлпынайдың үлкенінің салмағы 50-55 грамға жетеді. Өңірдегі бірден-бір құлпынай өсіретін жылыжай болғандықтан болашақта сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруға жұмыс істейміз. Дегенмен, мол өнім алу үшін жылыжайдың жылыту жүйесін көгілдір отынға ауыстыру қажет. Қолбайлау болып отырған жалғыз жай осы ғана. Бұл мәселеде Көксу ауданының әкімдігі қол ұшын беруге дайын екендіктерін айтты», дейді Светлана Зубович.
Жылыжайға қажет қондырғыларды «Жетінар» несиелік корпорациясының көмегімен орнатқан. Маусымдық жұмыстар кезінде 10-ға жуық адамды, тұрақты жұмыспен 2 адамды қамтып отыр. Жылыжай орналасқан Балпық би ауылы облыс орталығынан алыс емес. Сондықтан тұтынушы табуда қиындық жоқ. Себілген құлпынайдың кореялық тұқымы – қыстық сорт. Құлпынай желтоқсан мен мамыр айы аралығында піседі. Алдағы уақытта нысанға көгілдір отын тартылса, серіктестік жылыжай ауқымын кеңейтіп, қияр мен қызанақ өсіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда.
«Негізінен ауданда құлпынай бизнесі толық дамымаған, нарықта көбіне шеттен әкелінген құлпынай саудаланады. Келешекте жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының түрін кеңейту мен өнімділігін арттыруды мақсат етудеміз. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы аудан халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі артады. Жоба сәтті жүзеге асса жаңа технология өзге де елді мекендердегі фермерлік шаруашылықтарға енгізілетін болады», дейді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков.
Былтырмен салыстырғанда құлпынайдың бағасы біршама өсті. Оған көптеген жағдай әсер етуде. Дегенмен, басқа өңірлермен салыстырмалы түрде алып қарасақ, Жетісуда баға біршама арзан деуге болады. Оның үстіне мұнда өсірген құлпынайлардың сорты ерекше. Сондықтан болар, дәмі тіл үйіретін осы бір жидекті тұтынушылар ерекше бағалайды. Қазір ескелділік бағбандар шағын жәшіктерге өнімді мыжылмайтындай етіп мұқият салып, шетінен саудалап жатыр. Ал көксулық жылыжай иелері келесі маусымға дайындықты бастап кетті.
Жетісу облысы