Биыл Қазақстанда дәрілік заттардың міндетті цифрлық таңбалануы енгізіле бастады. Цифрлық экономиканы дамыту орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрілік заттарды цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі. Биыл бірінші кезең басталды, 2023 жылдың соңына дейін фармацевтикалық нарықтың барлық кезеңінен өту жоспарлануда.
Отандық өндірушілер дәрілік заттарды таңбалауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Өндірушілер таңбалау кодтарын қаптамада немесе жапсырма арқылы тікелей қолдану үшін өндірістік қуаттылыққа байланысты сериялау және біріктіру үшін жабдықты сатып алады.
Мысалы, «Химфарм» АҚ (SANTO сауда белгісі) Қазақстандағы ең ірі фармацевтикалық компания әрі Орталық және Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия нарықтарында жұмыс істейтін Polpharma халықаралық фармацевтикалық тобының бөлігі болып табылады. SANTO зауыттары дәрі-дәрмектің 240 түрін шығарады. Компания өкілі Шымкенттегі өндіріс орындарында міндетті таңбалаудың қалай енгізіліп жатқаны туралы айтып берді:
«Таңбалау контрафактілік өнімдерді шығару және дәріханаларға түсу мүмкіндігін азайтады. Қанатқақты жоба аясында біз әртүрлі дозалары бар бірнеше дәріні таңдадық. Пилоттық тәжірибе өте сәтті өтті», деді Химфарм инвестициялық және операциялық жобалар бөлімінің басшысы Сефи Караев.
Қазіргі уақытта «Химфарм» АҚ таңбалаған дәрілік заттары Ресейге экспортталады, өйткені Ресей Федерациясының үкіметі 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалауды енгізді.
Бірыңғай оператор («Қазақтелеком» АҚ) шығарған барлық таңбалау коды бірегей болып табылады. Міндетті таңбалауға жататын дәрілерде DataMatrix болмауы олардың заңсыз екенін білдіреді.
Цифрлық таңбалау бизнес үшін де тиімді: нарықты ақтау барлық қатысушыға тең бәсекелестік жағдайын, адал атын қорғауды және пайданың өсуін қамтамасыз етеді, бизнес-интеллект сапасын жақсартуға, өндірістік процестерді оңтайландыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Экономиканы цифрландыру арқылы қамтамасыз етілетін нарықтың ашықтығы мемлекеттік бақылау мен салық төлемдерін жинаудың тиімділігін арттырады.
Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Naqty Onim қосымшасы әзірленді, оның көмегімен пайдаланушы өнімді сатып алар алдында оның барлық техникалық регламентке сәйкес жасалған-жасалмағанын тексере алады. Таңбалау кодын сканерлеу арқылы сіз өнім туралы барлық ақпаратпен таныса аласыз. Қосымша PlayMarket және AppStore дүкендерінде қолжетімді.
Өнім соңғы тұтынушыға сатылғаннан кейін код жүйеден жойылады. Сондықтан егер бағдарлама «өнім қабылданбады» деп шығарса, бұл біреудің жапсырманы қолдан жасауға әрекеттенгенін білдіреді. Мұндай жағдайға тап болған тұтынушы өтініш арқылы шағым түсіре алады, содан кейін ақпарат https://eotinish.kz/ интернет-ресурсына бағытталады. Шағым техникалық себептерге қатысты болса, оны Цифрлық экономиканы дамыту орталығы, дәрілік заттар бойынша болса, оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі қарайды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 30-дан аса отандық дәрі-дәрмек өндірушілері, 115-ке жуық шетелдік өндірушілер, 170-тен астам GDP (good distribution practice) сертификаттарының иелері, 11 мыңнан астам дәріхана және 1 700-ге жуық мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдар жұмыс істейді.