Джиу-джитсудан Германияның Гамбург қаласында өткен халықаралық турнирде қазақтың қаршығадай қызы Дана Төлеужан қола медаль иеленіп, өз жанкүйерлерін тағы бір қуантты.
Дана 1999 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Бала кезінен саламатты өмір салтын ұстанып, су астында жүзу спортымен шұғылданды. Бұл ретте ол несібесіз болған жоқ. Бірқатар республикалық және халықаралық турнирде жеңіс тұғырына көтеріліп, спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Кейіннен джиу-джитсуға ден қойды. Уақыт оза спорттың бұл түрінде де жақсы нәтижелер көрсете бастады. Елішілік жарыстарда алдына жан салмай, 2019 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жалауы желбіреген жастар арасындағы әлем біріншілігінде күш сынасу құрметіне ие болды. Аталған бәсекеде Төлеужан күміс медальді мойнына ілді.
Дана Төлеужан – тек мықты спортшы ғана емес, сонымен қатар оқу озаты. Алматыдағы КИМЭП-ті ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Италияның астанасы – Римде орналасқан Жер-жаһандағы ең көне университеттердің бірі – Ла Сапиенцада каржыгер мамандығы бойынша магистратураның соңғы курсында оқып жүр, спорттан да қол үзген жоқ. Бірқатар халықаралық турнирде маңдайы жарқыраған Дана биыл да біраз олжаға кенелді. Атап айтсақ, маусым айында Испанияның бас шаһары – Мадридте ұйымдастырылған дүбірлі додада алтыннан алқа тақты.
Неміс жерінде өткен жарыста 30 мемлекеттен келген 400-ден аса спортшы бақ сынады. Олардың арасында 18-дегі жалынды жастар да, 50-дегі ардагерлер де болды. Қазақстаннан жалғыз Дана ғана өнер көрсетті. 55 кило салмақта күш сынасқан қандасымыз бастапқы бәсекелердің барлығында қарсыластарын қапы қалдырып, жартылай финалда ғана ұпай санымен ұтылды. Нәтижесінде, Дана Төлеужан қола медаль иеленді.