Аралас жекпе-жектен АҚШ-тың Солт-Лэйк-Сити қаласында UFC турнирі өтіп, басты бәсекеде жартылай орта салмақтың чемпиондық тәжі үшін Камару Усман мен Леон Эдварс айқасты. Алғашқысы америкалық азамат болғанымен Нигерияда туып-өскен. Екіншісі – Ұлыбританияның туы астында өнер көрсетіп жүрген Ямайканың тумасы. Бұл бәсеке бесінші раундта Эдварстың айқын жеңісімен аяқталды.
Алтын белбеу үшін тартыс аяқталған бетте дәл осы салмақта күш сынасып жүрген қазақтың мақтан тұтар азаматы Шавқат Рахмонов өзінің инстаграмында «Октагонға шыққан спортшылардың екеуі де нағыз чемпионға тән жекпе-жек өткізді. Леонды жеңісімен құттықтаймын. Иншалла, келесі жылы дәл осы белбеу үшін мен де таласамын. Чемпиондық атақты жаңа буынның өкілдері иелене бастағаны мені қатты қуантады», деген жазба қалдырды.
Иә, сол күнді барша Алаш жұрты тағатсыздана күтуде. Өйткені әлі Қазақстанның бірде-бір өрені әлемдегі ең белді промоушеннің чемпиондық белбеуі үшін таласқан емес. Тіпті үздіктер санатына енудің өзі мүмкін болмай тұр. Әзірге ең үздік көрсеткіш дәл осы 27 жастағы Шавқат Рахмоновқа тиесілі. Барлық 16 кездесуінде айқын жеңіске қол жеткізген ол 11-орынды иеленуде. Жартылай орта салмақтың жаңа чемпионы – Леон Эдварс. Сондай-ақ Камару Усман (АҚШ), Колби Ковингтон (АҚШ), Хамзат Чимаев (Швеция), Гильберт Бернс (Бразилия), Белал Мухаммад (АҚШ), Стив Томпсон (АҚШ), Шон Брэди (АҚШ), Джефф Нил (АҚШ), Хорхе Масвидаль (АҚШ) және Висенте Луке (Бразилия) қандасымыздың алдын орап тұр. Солардың бір-екеуін жақсылап тұрып сабаса, Шавқатқа да чемпиондық тәж үшін таласуға мүмкіндік берілетіні анық.
25 кездесуінің 24-інде (13 нокаут) жеңіс тойын тойлаған Дамир Исмағұлов жеңіл салмақтылардың рейтингінде 15-орынды еншілеуде. Орынбор облысында туып-өскен 31 жастағы қазақтың қайсар ұлының да әлеуеті жоғары бағалануда. Әр жарыста Дамир ортаға Ресеймен қатар, Қазақстанның да туын ұстап шығады. Бұл салмақта чемпион жоқ. Десек те рейтингте бразилиялық Чарльз Оливейра көш бастап тұр. 23 қазанда ол өз атағын қорғап қалу үшін дағыстандық Ислам Махачевпен күш сынасады.
Сондай-ақ үздіктер тізімінде америкалық Дастин Порье, Джастин Гэтжи, Майкл Чендлер және Бенеил Дариуш сынды дүлдүлдер бар. Дәл осы салмақта Рафаэль Физиев 7-сатыға табан тіреп тұр. 29 жастағы спортшы Әзербайжанның туы астында атой салып жүргенімен, оның Қазақстанда туып-өскенін жанкүйерлер жақсы біледі. Жамбыл облысындағы Қордай ауданының тумасы 13 кездесудің тек біреуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татты.
Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміз әзірге ТОП-15 файтерлердің қатарына қосыла алмай отыр. Осы орайда біздің спортшылардың UFC-де өнер көрсетіп жүргендеріне екі жылдан енді ғана асқанын ескерген жөн. Сол себепті де алдағы уақытта Қазақстанның өрендері дүбірлі додалардың талайында дараланатынына еш күмәніміз жоқ.