Футболдан әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі артта қалды. Өкінішке қарай, «БИИК-Шымкент» бұл жарыста сәтсіз өнер көрсетті.
Алғашқы кездесуін жерлестеріміз өте жақсы өткізген еді. Хорватияның «Сплитіне» қарсы бәсекеде шымкенттік футболшылар ширақ қимылдап, алаң иелерінің тас-талқанын шығарды. Бұл матчта Грейс Чанда 18, 49 және 64-минуттарда нысананы дәл көздеп, хет-трик жасады. 58-минутта Гүлнар Габелия мергендік танытса, 88-минутта Екатерина Бабшук 11 метрлік нүктеден допты торда тулатты. «Сплиттің» сапындағы ойыншылар арасынан тек 77-минутта Селма Капетанович гол соқты. Есеп – 5:1.
Келесі кездесуді біздің қыздар Украинаның «Жилстрой-2» клубына қарсы өткізді. Өкінішке қарай, бұл бәсекеде жерлестеріміз білгендерінен жаңылып, 0:2 есебімен жеңіліс тапты. Осының салдарынан «БИИК-Шымкент» аталған жарыстың екінші кезеңіне шыға алмады.