Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті тур ойындары өтті. Бұл кезеңдегі кездесулер арқылы қай команданың көш бастайтыны анықталуға тиіс еді.
Сол мүмкіндікті «Ақтөбе» ұтымды пайдаланды. «Ордабасына» қарсы ойында бірден тізгінді қолға алған алаң иелері төреші белгі берген бетте допты торда тулатты. Жылдам соғылған голдың авторы – Дос Сантос Роджерио Алвеш. Арада 10 минуттан аса уақыт өткенде Елхан Астанов таразы басын теңестірді. Десек те, шымкенттіктердің қуанышы ұзаққа созылмады. 27-минутта Алвеш дубльдің авторы атанса, матчтың соңғы минуттарында Юго Видмон мергендік танытты. Есеп – 3:1. Осы жеңісінің арқасында «Ақтөбе» жарыс кестесінде бірінші орынға шықты. Олар 16 кездесуден кейін 32 ұпай жинап отыр.
Өзге ойындардың нәтижелері мынадай: «Ақсу» – «Қайрат» 1:2, «Астана» – «Қызылжар» 1:0, «Тобыл» – «Тараз» 2:2, «Ақжайық» – «Каспий» 2:0, «Шахтер» – «Атырау» 0:0 және «Мақтаарал» – «Тұран» 2:0.