• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Тамыз, 2022

Алты ай қақтығыстан соң...

979 рет
көрсетілді

Бүгін Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың басталғанына тура жарты жыл болды. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде Ресей билігі НАТО-ның бұл қақтығысты тоқтатуға қауқарсыз екенін көрсетіп бағуда. Ал ресейліктердің бұл әрекетінің қалай аяқталатыны Батыстың саяси ерік-жігеріне байланысты. Ресейдің Украинаға басып кіргеніне алты ай уақыт өтсе де Батыста Владимир Путиннің ұстанған саясатына қатысты түрлі пікір мен келіспеушілік әлі бар.

Ресей президенті Владимир Путин осы жылдың 24 ақпанына қа­раған түні халқына арнаған үн­деуінде Украина аумағында әскери операция басталғанын жариялады. Қақтығыс басталардан бірнеше апта бұрын Ресей мыңдаған әскерін Украина шекарасына орналастырды. Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Путиннің Украинаға қар­сы «соғыс» бастағанын айтты. «Ук­раинаның бейбіт қалаларына соққы беру жалғасуда. Бұл – жау­лап алу соғысы. Украина өзін қорғап, жеңеді», деп мәлімдеген еді ол. Ол сондай-ақ «Әлемдік қауымдастық Путинді тоқтата алады және тоқтатуы керек», деп «көмек сұраған» болатын. Алай­да жарты жылдан бері украин халқы күн сайын қақтығыс астында өмір сүріп келеді.

Путин Донбасста «арнайы әскери операцияның» мақсатын «сегіз жыл бойы Киев тарапынан зорлық-зомбылық пен геноцидке ұшыраған адамдарды қорғау, Украинаны демилитаризациялау, сондай-ақ бейбіт тұрғындарға, оның ішінде Ре­сей Федерациясының азаматта­рына қарсы көптеген қанды қыл­мыс­ты жасағандарды жауапқа тарту»,  деп атады. «Қақтығыс бей­біт халық арасында емес, әс­кери орындарда орын алады», деп сендірді.

Десе де сарапшылар Владимир Путиннің мәлімдемесін қаперіне де алмай, өздерінше шешім жасады. Батыс шенеуніктері қақтығыс басталған тұста «Путинді Ресей шекарасындағы демократиялық Украинаның орнауы мен оның перспективасы қорқытты», деген пікір білдірді. Сондай-ақ The Guardian басылымының мәлім­де­уінше, Ресейдің Украи­наға бас­қыншылығы тікелей жер ием­денумен байланысты. Ал Шве­цияның бұрынғы министрі «Егер келесі кезекте Эстония мен Лат­вия тұрса, мен таң қалмай­мын», деді The Guardian-ға берген сұхбатында.

Кезінде Путин Кеңес Ода­ғы­ның ыдырауын «XX ғасыр­дағы ең үлкен геосаяси апат» деп атағанын ескерсек, бұл қисынды болып көрінуі мүмкін. Қазірде Ресей армиясының Украинада «күштерінің» кете бастағанына қарап, Балтық елдеріне немесе Польшаға шабуыл жасауы оларды НАТО-мен тікелей қақ­ты­ғыс­қа әкелетінін болжау қиын емес.

Ал «шындығында Путиннің Украинаға басып кіруі өзге мәсе­ле­­лерден туындап отыр», деп са­найды Батыс сарапшылары. «Украина Путин билікке келгенге дейін де назарына ілікті. Ол сонау 1994 жылы Санкт-Петер­бург мэрінің орынбасары қызметінде жүрген кезінде Қырым­ның Ук­раи­наға қосылуына нара­зы­лы­­ғын білдірді. Ол сол жылы фран­цуз дипломатына Ресейдің XVIII ғасырда Осман империя­сын жеңіліске ұшыратқанын айта отырып, «Ресей Қырымды түріктерден қайтарып алды», деген еді», дейді The Guardian са­рап­шысы Филипп Шорт.

Бірақ 2008 жылы Украинаның Батыс альянсының толыққанды мү­шесі болу мүмкіндігі сөз бол­ған НАТО саммиті Путиннің ұста­нымын одан әрі ширата түсті.

Ресейдің орталық барлау бас­қармасының қазіргі басшысы, Мәскеу­дегі АҚШ елшісі бол­ған Билл Бернс сол кезде Ақ үйге бірнеше құпия хат жол­да­ғанын айтады. Хаттың бірінде ол «Украи­наның НАТО-ға қосылуы тек Путинге ғана емес жалпы ре­сейлік элита үшін де «жа­ғым­сыз» құбылыстың бірі. Екі жарым жылдан астам уақыт ішінде мен Кремльдің «жал­қау­ла­рынан» бастап, Путин­нің ең қатал либералдық сыншыларына дейін әңгіме-дүкен құрдым. Сонда мен әрбірінің Украинаның НАТО-дағы орнына бір «ерекше» көзқараспен қарайтынына таң қалдым. Барлығы дерлік оны Ресейдің мүддесіне тікелей қарсылық көрсету деп санайды. Сондықтан бұған әлі Ресей жа­уап береді» деп жазған. Бернстің ескертуі жазылған бірінен соң бірі келген хатты АҚШ әкімшілігі елемеді, алайда Путин оған «жа­уап» берді. 2014 жылы ол Қырым­ды аннексиялады, содан кейін Донбасста сепаратистік көтеріліс тудырды, ақырында, осы жылдың ақпан айында Украинаны бағын­ды­ру үшін оларға қарсы қақтығыс бастады.

НАТО құрамының кеңеюі Ресей үшін теңіздегі тамшыдай ғана. Путин билікте болған жиыр­ма жыл ішінде оның Батысқа қарсы көптеген өзге де наразы­лы­ғы жинала берді. АҚШ-тағы 11 қыркүйек оқиғасы кезінде Джордж Бушты толық қолдаған, Тони Блэр мен Билл Клинтонды таң қалдырған, Ресейдің Еуро­па­мен, Батыс әлемімен бірге болуын мақсат еткен жас ресей­лік көшбасшы бірте-бірте олар­мен бітіспес қарсыласқа айнал­ды. Бүгінде «АҚШ пен оның одақ­тас­тары Ресейді тізе бүкті­ру­ге бел бай­лағанына сенімдімін», дейді Филипп Шорт.

Сарапшылардың айтуынша, негізі Путиннің мақсаты Киевті «жеңу» ғана емес, одан да ма­ңыздысы НАТО-ның оны тоқ­татуға қауқарсыз екенін көр­сету. Оның табысқа жетуі ұрыс даласындағы жағдайға бай­ла­нысты әрине, сондай-ақ бұл өз кезегінде Батыстың қол­дауының дәрежесіне байла­нысты болады. Ал алдағы күз бен қыс Украинаның Батыс серіктестері үшін қиын болғалы тұр, өйткені энергия тапшылығы мен күн­көріс­тің қымбаттауы оларға ай­тар­лықтай әсер етуде. Қалай десе де, олар Ресей газы мен энергиясына тәуелділікті бір мезетте жоя алмайтыны анық.

«Путин жеңуі үшін Мәскеуге көп нәрсеге қол жеткізудің қаже­ті жоқ» деп санайды Филипп Шорт. Оның айтуынша, Ресейге бүкіл Донбассты және Қырымға баратын құрлықтағы көпірді бақылауға алу жеткілікті. «Әрине ол бұдан мол мүмкіндікке қол жет­кізуді қалайды. Ресей әскер­лері Одесса мен оған іргелес Қара теңіз жағалауын басып алса, Ук­раина тәуелді мемлекетке айналады. Батыстың нық қолда­уы­мен Украина мұның алдын алуы әбден мүмкін. Бірақ күмән бар», дейді ол.

Украинадағы қақтығыс жеке-дара болып жатқан жоқ. Ресей Еуропада АҚШ орнат­қан қауіпсіздік тәртібіне қарсы­лық танытса, Қытай Азия мемле­кет­терін «торып» оған қарсылық көрсетуде. Бүгінгі аумалы-төкпе­лі уақытты сарапшылар геосаяси өтпелі кезең деп бағалайды. Оның нәтижесі ондаған жылдар бойы белгісіз болуы әбден мүмкін. Өйткені қандай алпауыт ел болсын мұны тоқтатуға қауқары бол­­май тұр.

Әлем басынан өткерген бар­лық соғыс секілді қазіргі қақ­ты­ғыс кез келген уақытта аяқ­та­лары сөзсіз. Алайда Украина мен Ресей география анықтап бергендей бір-бірімен көршілес мәңгі өмір сүруге мәжбүр, оны өзгерту мүмкін емес. Қазір анығы осы ғана...