• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 23 Тамыз, 2022

Шағын бизнес кредит сұрайды

315 рет
көрсетілді

Несие беру тәртібінің біршама қатаюы және несие ресурстары құнының өсуіне қарамастан биыл екінші тоқсанда бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс айтарлықтай артқан. Әсіресе банк кредитіне мұқтаждардың қатарын шағын және орта бизнес секторының өкілдері молынан толықтырады.

Әсіресе ірі банктерге шағын бизнес­тен сұраныс көп түскен. Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 310 мыңға дейін өскен.

«Өтінімдер санының өсуі, әсіресе ірі банктердің шағын бизнеске арналған скорингтік онлайн кредиттік өнімдерді белсенді дамытуымен, сондай-ақ  осы өнімдерді жекелеген банктердің іске қосуымен байланысты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кредиттеудің қайта жандану үрдісі есепті тоқсандағы сұранысқа оң әсерін тигізді. Орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан да кредитке сұраныс айтарлықтай көбейді. Есепті тоқсанда түскен кредиттік өтінімдердің саны 3,9 мыңға жетті», дейді Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Ерұлан Мұстафин.

Кредиттерге сұраныстың мейлінше аз өсімі ірі бизнес тарапынан байқалған. Сұраныстың өсуіне негізгі үлес қосушы – ірі банктерден қарыз алушылар. Есепті тоқсанда өтінімдер саны 203-ке дейін 10 пайызға көбейген.

Айта кету керек, қазіргі кезде бизнеске кредит беру талаптары біршама күшейді. Бизнеске берілетін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесінің, ең алдымен, ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін өсуі тоқтаған жоқ.

«Келесі тоқсанда жекелеген банк­тер ірі бизнес тарапынан кредитке сұраныстың біршама ұлғаюын күтеді, ШОБ бо­йынша сұраныс индексі орташа есеппен І тоқсанның деңгейінде сақталады. Банктің көбі келесі тоқсанда бизнеске берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің өсуін күтпейді. 2022 жылдың ІІ тоқсанында бөлшек қарыздарға сұраныс ипотекалық қарыз сегментінде азайды, ал тұтынушылық қарыздарға сұраныс ұлғайды. Банктер ипотекалық қарыздарға сұраныстың төмендеуін – жеңілдікпен берілетін кредиттерге деген қолжетімділіктің қысқаруымен, сондай-ақ халықтың негізгі сұранысы өткен тоқсанда 2022 жылғы 1 сәуірден бастап тұрғын үй сатып алу немесе жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша жеткіліктілік шегін арттыруға дейін өткен тоқсанда халықтың негізгі сұранысының іске асырылғанымен байланыстырады. Келіп түскен өтінімдер санында жеке банкте сандық өнімді іске қосумен, сондай-ақ басқа банкте мау­сымдық фактормен байланысты 135 мың­нан 258 мыңға дейін өскені байқалды. Де­се де, бұл факторлар ипотекалық кре­дит бе­ру нарығындағы сұраныс индексі­нің тө­мендеу үрдісінің өзгеруіне ықпал ете ал­мады», деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі.

Банктердің дерегі бойынша, тұтыну­шылық қарыздарға сұраныстың артуы – халықтың тұтынушылық қажеттілігінің өсуіне байланысты ұзақ пайдаланылатын тауарларға деген шығыстардың ұлғаюымен түсіндіріледі. Сонымен қатар банктер кепілмен қамтамасыз етіл­ген тұтынушылық қарыздар бойын­ша кепіл мүлікке қойылатын талаптар бөлігінде кредит беру талаптарын жеңіл­детті. Кепілсіз қарыздар бойынша кредит­тің лимиті мен өтеу мерзімі де ұлғай­ды. Қазақстанда жұмыс істейтін Ресей банктерінің санкцияға ұшырап, олар­дан клиенттердің жаппай кетуі де – сұра­ныстың өсуіне себеп болған бір фактор.

Ал автокредит алуға сұраныстың өсуіне жеңілдікпен берілетін кредиттеу бағдарламасының қосылуы себеп болды. Дегенмен банктер салондағы автокөліктердің жетіспеушілігі өтінім беру және қарау процесін қиындататынын айтады. Банктер санының қысқаруы да кредит алуға берген өтінімдер санының төмендеуіне әсер етіп, олар 4,4 пайызға азая келе 393 мың өтінімді құраған.

«Екінші тоқсанда бөлшек қарыз­дың барлық түрі бойынша сыйақы мөлшерлемелердің және клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптар­дың көтерілуі түрінде кредиттеу талаптарының күшейтілгені байқал­ды. Келесі тоқсанда банктер тұтыну қарыздарына сұраныстың ұлғаюын, автокредиттерге сұраныстың төмендеуін, сондай-ақ ипотекалық қарыздарға сұраныстың есепті тоқсан деңгейінде сақталуын күтеді», дейді Е.Мұстафин.

Ұлттық банктің кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалдамасына 20 банк қатысқан. Мұндай сауалдаманы Ұлттық банк кредиттік ресурстар­дың сұранысы мен ұсынысындағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізеді.