Жұрт ұйқыда жатқанда, ел шетін кірпік қақпай күзететін шекарашылардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Атаулы мамандық иелерінің меншікті мерекесі қарсаңында Алматы іргесіндегі ҰҚК-ге қарасты «Қаскелең» шекара бөліміне барып, шептегі шымыр жігіттердің бір күнгі өмірімен танысып қайтқан едік.
Түн әлетінде кірпік қақпай дегенді әсірелеп айтқанымыз жоқ. Расында солай. Тәртіп бойынша шекарашылардың қызу жұмысы кешкі 8-де басталады. Сай тасындай саңлақтар сапқа тұрып, өздеріне жүктелген жауапты міндеттеріне жұмылады. Бірі биік мұнара басында мойнына дүрбі іліп, алыс-жақынды барласа, енді бірі атқа мініп аумақтың тыныштығын күзетеді. Мұздай қару асынған тағы бірнеше шекарашы тау-тасты аралап, күнделікті ісіне кіріседі.
Біз барған шекара бөліміне Ақсай мен Қаскелең шатқалдары арқылы өтетін қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын күзету міндеттелген. Мұндағы жігіттердің түгелдей дерлігі келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгерлері. Олардың көпшілігі шекарашыларға арналған әскери қалашықта отбасымен тұрып жатыр. Атшаптырым аумақты алып жатқан қалашықта әскерилер отбасының жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Жауапты іске жұмылған жандардың тыныс-тіршілігімен танысуға барған тілшілер қауымын «Қаскелең» шекара бөлімшесінің басшысы, аға лейтенант Дәулет Қалдыбек қарсы алды. Дәулеттің алғырлығына қарап «жас келсе іске» деген қанатты сөздің мәніне бойлағандай болдық. Жасы отызға да толмаған жалынды жауынгер бір бөлімшенің жұмысын өрге дөңгелетіп отыр. Мұнда келгенге дейін ол еліміздің бірнеше өңіріндегі шекараларда шыңдалыпты.
– Отан қорғау – абыройлы міндет. Біздің бөлімшедегі әрбір қызметкер мұны терең сезінеді. Бөлімше ішіндегі темірдей тәртіп бәрінен маңызды. Әркім өз жұмысын жақсы біледі. Бір қарағанда, шекарашылардың өмірі бір сарынмен өтіп жатқан бөлек бір әлем секілді көрінетін шығар. Алайда олай емес. Бөлімшедегілер өзара достық қарым-қатынас, жанашырлық пен қамқорлық секілді игі қасиеттерді берік сақтайды. Жауынгерлердің балалары бірге ойнап, отбасылары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бір сөзбен айтсам, бәріміз бір отбасы секілдіміз. Келісімшарт мерзімі аяқталып, басқа өңірге немесе бөлімшеге ауысатын жігіттерді қимастықпен шығарып саламыз. Біз күзететін шекарада екі ел арасын тау-тас пен шатқалдар бөліп жатыр. Ұлттық саябақ аумағына кіретін әсем табиғатқа аң аулау ниетімен келетін броконьерлердің де жолын кесеміз. Шекара маңында болған әрбір жағдай назарымыздан тыс қалмайды. Қарауымызда із кесуге машықтанған иттер, жүйрік аттар мен қажетті техникалар бар, – дейді Д.Қалдыбек.
Шекарашылардың өмірі өзіне тән қиындығымен һәм қызығымен ерекшеленеді. Белгілі бір шекарада бірнеше жыл қызмет атқарғаннан кейін басшылықтың бұйрығымен еліміздің кез келген нүктесіне жұмыс ауыстыруларына тура келеді. «Онда емес, анда барғым келеді» деген сыңайдағы уәж қабылданбайды. Себебі бұйрық талқыланбайды. Шекарадағы болаттай берік жігіттер мұндайға әбден үйренген.
Шекараға келісімшарт негізінде қызметке келуге әскери борышын өтеген кез келген Қазақстан азаматы ниет білдіре алады. Жасыңыз бен денсаулығыңыз сай келсе, әскери-нормативтік талаптардан мүдірмей өтсеңіз, соған сай тегеурінді болсаңыз сіз де шекарашы атана аласыз. Шекарашы үшін жақсы жалақы мен жайлы баспана қарастырылған. Олай болмаған жағдайда отбасыңыздың әрбір мүшесіне баспана жалдау ақысы төленеді.
Мамандығы әскери саламен мүлде қабыспаса да келісімшарт қызметі негізінде шекарашы болуға бел байлағандардың бірі – Жарылқасын Әміржаев. Төрт баланың әкесі жолдасы Әйгеріммен бірге шекара бөлімшесі ішіндегі қызметтік үйде тұрып жатыр. Биыл тұңғышы Медина мектеп табалдырығын аттайды. Әліппесін қолға алып, әріп көшін танымаққа бет алған қызын көршілес «Долан» ауылына тасымалдап оқытпақ. Тәулігіне 7-8 сағат қана демалатын Жарылқасынның бұған мұршасы жоқ. Негізінен бала тәрбиесімен жұбайы айналысады. Шекарашының әйелі Әйгерімді әңгімеге тарттық.
«Біз бұған дейін жеке кәсіппен айналыстық. Пандемия кезінде жұмыс тұралап қалды. Бір күні Жарылқасын келісімшартпен әскери қызметке барсам деген ұсыныс айтты. Мен оның кез келген шешімін қолдайтынымды жеткіздім. Іріктеуден ойдағыдай өтіп, бала-шағамызбен Қызылорда облысынан Алматыға келдік. Басында үйрену қиын болды. Қазір бәрі жақсы. Бөлімше ішінде жайлы баспанамыз, балалар ойнайтын алаңқай, жаттығу залы секілді қажетті дүниенің бәрі бар. Жолдасым демалыс алған күндері балаларды қалаға апарып қыдыртамыз. Кейде торығатын кездер де болады. Ондайда бір-бірімізге демеу болуға тырысамыз», дейді Ә.Балапанқызы.
Таңғы алтыда көзін тырнап ашып, жауапты міндетке жұмылатын Жарылқасын – үздік шекарашылардың бірі. Жұмыстан қолы босай қалғанда, бөлімше ішіндегі арнаулы орынға бау-бақша егіп, бала-шағасын өз қолымен өсірген қияр-қызанақпен қамтып отырған қағілез жігіттің жігері сүйсіндіреді. Ол өсірген малина мен қызанақтар бақша ішін жайнатып тұр. Әріптестері де оның бір сәт тыным таппайтын еңбекқорлығына тәнті. Себебі тәуліктегі шекарашыларға тынығу үшін берілетін айналдырған 7-8 сағатты жауынгерлер демалуға арнайды.
«Жұмысымыз жауапты. Кезекшілік кезінде бір сәт босаңсуға болмайды. Қару-жарақпен жұмыс істегендіктен жауапкершілік жоғары. Күн сайын жаттығу жасап, білігімізді арттырамыз. Арнаулы мамандардан сабақ аламыз. Өзім үшін шекара үлкен мектеп. Бала күнімде полицей болуды армандадым. Ол мақсатым орындалмаса да, ел шетінде Отанымның тыныштығын күзетіп жүрмін. Қызметім өзіме ұнайды. Бейбіт күніміз баянды болсын», дейді шекарашы Ж. Әміржаев.
Қаланың шулы тіршілігінен мұнда келсеңіз бір сәт тынығып қаласыз. Шекара бөлімшесі – өзімен-өзі жатқан бір әлем. Қалашық іші мұнтаздай. Сарбаздардың саптық адымы ғана естіледі. Әлемдегі геосаяси жағдайлар күрделеніп тұрған уақытта осы тыныштық мәңгі сақталса екен деп тілейсіз. Бізді мұнда бастап келген әскери-журналист Тамара Дәулетбаева шекарашылардың былайғы жұрт біле бермейтін маңызды міндеттері туралы әңгімелеп келеді. «Мұндай мықты жігіттер барда – шекарадан шыбын өтпейді», деп күлдірді әріптесіміз. Шекара шебін шегендеген Отан қорғаушылармен қоштасып, заставадан ұзай бердік.
АЛМАТЫ