• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Тамыз, 2022

Қазақстандық сарбаздар озды

155 рет
көрсетілді

Елімізде ұйымдастырылған VIII Халықаралық армия ойындары аяқталды. Он күн бойы сарбаздар түрлі тактикалық сайыста өзара кіл мықтыны анықтады. Жүлдегерлер Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында марапатталды.

Биыл армия ойындарына отандық сарбаздармен қатар, Әзербайжан, Армения, Бела­русь, Венесуэла, Иран, Вьетнам, Зимбабве, Қытай, Қырғызстан, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Қарулы Күштерінің өкілдері қатысуға ниет біл­діріпті. Салтанатты ашылу сал­танатында Зимбабве сарбаз­дарының сахнаға шығып, билеген сәті есте қалған еді. Ал нағыз айқаста кім үздік шықты екен?

«Артиллериялық атыс ше­­­бер­лері», «Тактикалық ат­қыш», «Меридиан» конкурс­тары Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы үш оқу-жаттығу полигонында өтті. Үшеуінде де жарыс қожа­йын­дары – Қазақстанның әскери қызметшілері жеңіске жетті.

«Артиллериялық атыс ше­бер­лері» сайысында Ресейдің әскери қызметшілері екінші орынды иеленсе, үшінші орын­ға Әзербайжанның артиллерис­тері тұрақтады. «Тактикалық ат­қыш» сайысында екінші са­ты­ға Қытай командасы жай­ғас­са, үшінші орынды Өзбекстан мен Ресей құрамалары өзара бөлісті. «Меридиан» сайысын­да қытайлықтар күміспен күп­телсе, Өзбекстан мен Беларусь командаларына үшінші орын бұйырды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар әр конкурста жеке номинациялар бойынша жеңімпаз атанғандар­ға да арнайы марапаттар табысталды. Марапаттау шарасына Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының басшысы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов қатысып, жыл са­йынғы халықаралық әскери-спорттық жарыстардың әскери қызметшілердің жауынгер­лік даярлығы мен шеберлігін же­тілдірудегі маңызы зор екенін атап өтті.

Соңғы жылдары халық­ара­лық армия ойындарын өткізуде өзіндік игі дәстүр қалыптасты. Ойындар шеңберінде қатысу­шы елдердің әскери қызметші­лері қарым-қабілетін шыңдап, тәжірибе алмасу арқылы кәсі­би деңгейін арттыра түсуде. Жалпы, XXI ғасыр армиясы­ның негізгі мақсаты әлемнің әр түкпірінде бейбітшілікті сақ­тау екені сөзсіз. Оның үсті­не әскери сарапшылар халық­аралық ойындарды әскери дип­ломатияның жаңа белесі деп санайды. Өйткені әскери-спорттық алаңдарда танысып, өзара бәсекеге түсетін қатардағы әскери қызметшілердің достық қарым-қатынасы әрдайым жо­ғары бағаланып келеді.