«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өтті.
Республикалық форум жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған NIS-тің ауқымды жобасын жалғастырып, елорда, Өскемен, Қарағанды, Алматы, Павлодар және Қостанайда бірқатар кейс-сессия ұйымдастырды.
– Технология мен экономиканың қарқынды дамуы білім саласына қуатты серпін береді. Бүгінгі таңда мұғалімдердің заман талабына сай болуы маңызды. Мұғалім – сұранысқа ие мамандық, сондықтан оның даму траекториясы жеке, бірақ әрқашан әлемдік білім беру үрдісіне сай болуы керек, – деді ұйымның басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
TEDTalk-те өз кәсібінде табысқа жеткен азаматтар тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы білім беру жүйесінде жұмыс істеу – өмірлік таңдауы, мұғалім – әр адам үшін ата-анадан кейінгі тұлға, ал мектеп – елдегі ең маңызды институт екенін жеткізді. Белгілі телерадио жүргізушісі, актриса Майра Төлепберген, танымал актер Асқар Ілиясов өздерінің мұғалімдер отбасында өскенін мақтанышпен әңгімелесе, «Ассамблея жастары» республикалық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев жас педагогтер қауымдастығы олардың әлеуетін кеңейтуге кәсіби алаң болатынын атап өтті. Өйткені елімізде жас педагогтермен тікелей жұмыс істейтін, озық тәжірибелермен алмасуға көмектесетін ұйым жоқтың қасы. Жас оқытушылар қатарындағы ұлыбританиялық әріптес, Кембридж университетінің білім беру факультетінің өкілі Элейн Уилсон білімді ұдайы жетілдірудің маңызына тоқталды.
Форум аясында қатысушылар Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесті. Жас ұстаздар электронды білім беру жүйелеріндегі ақпараттық интеграцияға, ауылдағы интернет жылдамдығының төмендігіне, мектептерге арналған серверлер мен платформалардағы мәселелерге ведомство басшысының назарын аударды.
Жеке шеберлік сабақтар өткізген жас мамандар сабақты ұйымдастыру және жеке кәсіби дамуда өте өзекті саналатын цифрлы мұғалім, сабақ форсайты, педагогикалық ангажемент, дифференция және оқытудағы лайфхактар сияқты креативті кейстерімен таңғалдырды. Айталық, Қостанай облысынан келген тарих пәнінің мұғалімі Дамир Сұлтанов сабақты жоспарлауда YouTube пен Google-дағы білім жеткіліксіз болған соң гидтерді дайындау және цифрландыру бойынша түрлі курсқа қатысу арқылы Меңдіқара ауданы бойынша авторлық туристік бағдарламаны құрастырғанын әңгімеледі. Ал Рудный қаласының №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлдана Бұхарбаева педагогикалық ангажемент шеберлік сабағында білім ордасында құрылған театр жайында баяндап, креативті тәсілдер қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын дамытып, пәнге деген қызығушылықты арттыратынын айтты. Алматылық математика пәнінің мұғалімі Темірбек Сағындықовтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда әр мұғалімнің цифрлы болуы қажеттілікке айналды. Тik-Тоk-та 14 мың жазылушыны есептерді тез шешуге үйреткен және балалардың математикаға деген қызығушылығына қолдау көрсетіп жүрген Темірбектің үлгісі жас мұғалімдердің шабытына қозғау салғаны анық. Форумға Қостанай облысынан келген Ботагөз Мақатова биология сабағына цифрлы технологияны енгізу үшін сабақты STEAM зертханасында өткізуді қолға алғанын, оған Mozaik Web бағдарламасын таңдап, ROQET интерактивті панелін қолданғанын жеткізді. Ал павлодарлық Әсет Серікбаев бірнеше жыл бұрын қолына АҚШ Конституциясы түскенін, сол кезден бастап мемлекеттік құрылысқа қызығушылық таныта бастағанын, кейін Қазақстан Конституциясына қосымша жасауды ұйғарғанын әңгімеледі. Биыл маусым айында Әсет қазір сұранысқа ие «PRO100 Конституция» жобасына патент алды. Қарағандылық Олег Тё мен Ержан Акижанов оқушылардың сабаққа қызығушылығын ояту тәжірибелерімен бөлісті. Ержан жеке білім беру бағыттарын әзірлеп, қосымшаларды ілкімді пайдалануды алға тартты. Wooclap ауқымды аудиториямен жұмыс істеу кезінде тиімді болса, Formative бағдарламасы қалыптастырушы және жиынтық бағалауды жүргізуге көмектеседі. Олег «төңкерілген сыныптың» негізгі қағидаларын түсіндіріп, сандық әдістердің, атап айтқанда, ISpiring Learn, Anchor fm қосымшаларының оқушылармен сәтті ынтымақтастық құрудағы маңызын жеткізді. Өскемендік Алена Рахимова топтық жұмыста оқушыны бағалау әрдайым қиын екенін, объективтілік баланың оқуға деген қызығушылығын сақтайтынын ерекше атап өтті. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әділ Анарбеков бағалау кезінде баланың психологиялық жай-күйі шешуші мәнге ие екенін, шәкірт пен ұстаз арасындағы алтын көпір – сенім, сүйіспеншілік пен үміттен құралатынын айтты.
Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдықәрімова online.cpm.kz платформасында жұмыс істейтін «Жас мұғалім мектебі» ашық онлайн курсы әзірленгенін, жаңа ресурс түрлі бағыттағы оқу материалдарын біріктіргенін атап өтті. Сондай-ақ әр өңірде «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубы құрылды, «Шамшырақ» онлайн платформасы ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялауды бастады.
Жаһандық білім беру комиссиясының Азия хаб комиссары, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әр делегатқа үміт артатынын және отандық білімнің бәсекеге қабілетті әрі табысты болатынына сенім білдірді.