Мен поляк этносының өкілімін. Түпкі тамырым бұрынғы Көкшетау облысынан бастау алады. Сол жерге кезінде біздің әулетті, атамды жер аударған екен. Мен де Көкшеде туып, әскер қатарынан кейін Павлодар облысына қоныс аудардым. Осы жердегі Ассамблея қатарына 39 жасымда келіппін.
Қазір, міне, 21 жыл бойы осы Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық бөлімшесінде қызмет жасап келемін. Осы жолғы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Ассамблея сессиясы өмірімдегі ұмытылмас кезеңдердің біріне айналды. Себебі, Елбасының қолынан марапатқа ие болып, қуанышқа бөлендім.
Президент еліміздегі әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін, дінін дамытып, жаңғыртуды және ел ішіндегі бірлікті сақтауды ойлайды. Әлбетте, өткен кезеңнің жақсы-жаман дегендей тұстары болды. Өйткені, мен де сол кезде көпшілікпен бірге білім алып, облыс орталығындағы Индустриялық институтын бітірдім. Кейін әрбір этностың ұлттық мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін қайта жаңғырту рухы, Ассамблеяның ерекше лебі ескен біздің еліміздің тәуелсіздік алған жылдары басталды.
Қазіргі таңда елімізде 820 этномәдени бірлестік бар екен. Олардың қатарында 70 мыңнан астам белсенді этнос өкілдері қызмет атқаруда. Барлығы да тек қана ел бірлігін сақтау мақсатын көздейді. Ал, біздер, қоғамдық бірлестік мүшелері, мемлекетіміздегі ұлттар достығын, бейбітшілікті сақтауда өз жолымызды таңдадық деп ойлаймын. Игі істерімізді Қазақстан халқы Ассамблеясы атты бірегей институт арқылы жүзеге асырудамыз. Ең бастысы – қазақ жерінде тұрып жатқан соң түрлі мәдениетті байланыстыратын мемлекеттік тіл – қазақ тілі болуы тиіс. Жаппай жұмыла мемлекеттік тілді меңгеру бізді біріктіре түсуі тиіс.
Виталий СВИНЦИЦКИЙ,
«Полония» поляк
этномәдени бірлестігінің төрағасы.
ПАВЛОДАР.