• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Тамыз, 2022

Транскаспий бағыты: Мүмкіндік пен меже

3524 рет
көрсетілді

Әлемді әбігерге салатын геосаяси шиеленістер тың мүмкіндіктер іздеуге де мәжбүр етеді. Бұл жолы да солай болды. Ресей мен Украина арасындағы жағдай жаһандық логистикалық тізбектің бұзылуына алып келді. Осыдан соң мемлекеттер жаңа бағыттар қарастыруға көшті. Қазақстанға да логистикалық мүмкіндікті қайта қарауға тура келді. Бір айдай уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жөнінде кеңес те өткізді. Әлбетте, Қазақстан дәстүрлі бағыттардан айнымақ емес. Сондай-ақ жаңа әрі мүмкіндігі толық пайдаланылмай келген маршруттардың жүктемесін арттыруды да көздеп отыр. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы зор. Біз аталған бағыттың мүмкіндігі мен болашағы жайлы сарапшылардың пікірін білген едік.

 

Гайдар ӘБДІКЕРІМОВ, «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы:

– Транскаспий халықаралық көлік бағыты дегеніміз – 8 мемлекеттің аумағындағы 11 мың шақырымға созылған жол бағдары. Бұл жол Қытай Халық Республикасының шығыс жағалауында орналасқан Ляньюньган портынан басталып, Еуроодаққа дейін жетеді. Жол Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Польша, Румыния секілді мемлекеттерді басып өтеді. Шығыс пен Батысты жалғайтын аса маңызды көлік дәлізі болып саналады. Жақын болашақта көлік дәлізінің маңызы артпақ. Өйткені қазіргі жағдайларға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағыты негізгі бағыттардың біріне айналып отыр.

2017 жылғы 30 қазанда жүктерді өткізу мақсатында Баку – Тбилиси – Карс темір жол телімі ашылды. Бұл қазір аяқталуға жақын. Одан басқа, 340 шақырым аумақты қамтитын Зангезур жаңа көлік дәлізі салынады. Бұл да Қазақстанның жүк жөнелтушілері үшін тағы бір зор мүмкіндік. Ол алдағы 5 жылда орындалмақ. Себебі осыған дейін алты елдің министрлері Баку қаласында кездесіп, үшжақты келісімге қол қойып, декларация жариялады. Аталған көлік дәлізі де қазіргі жүк ағынының екпінін қарқынды етеді деп ойлаймыз. Бұдан  басқа, Түркия мемлекетінде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Осылайша, біз Еуроодақ елдеріне тікелей шығуға мүмкіндік аламыз. Ірі интеграцияланған көлік-логистикалық компания құру – қазіргі заманның талабы. Бұл жақсы нәтижелерге жетелейді. Аталған бастама жүзеге асырылса, Қазақстанның әлемдегі логистикалық индексі біршама өседі.

Қазіргі таңда көлік дәлізінде теңіз, темір жол саласын қамтитын жұмыс­тар атқарылуда. Бұл мультимодальді, интермодальді көлік дәлізі болып есепте­леді. Себебі онда тасымалдау бірнеше көлік түріне тиесілі технологияларға сай жүзеге асырылады. Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілеті осы жылдың соңына дейін екі есе немесе одан да жоғары ұлғаюы мүмкін. Көлемге деген сұраныс артып отыр.

Соңғы бес жыл ішінде – 2017 жыл­дың басынан бастап және осы жылдан аталған бағыт бойынша 3,9 млн тоннадан астам сыртқы сауда жүктері тасымалданды. Оның 2,1 млн тоннасы – қазақстандық экспорттық жүк. Бағыт бойынша тасымалдау көлемі жылдан-жылға еселеп өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жүк айналымы 700 мың тоннаны құрады. Бүгінгі таңда әлемдегі жағдайға байланысты қазақстандық экспорттың жүк ағынының едәуір бөлігі – мұнай-химия өнімдері, қара және түсті металдар, көмір, ферроқорытпа, астық және басқа да жүктер осы бағытқа бағдарлануда.

Қасым ТІЛЕПОВ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары:

– 5 шілде күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткені мәлім. Аталған саланың республика үшін қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Қазіргі уақытта әлемде орын алып жатқан жағдайларға байланысты көліктік-коммуникациялық кешенге ерекше мән беру керек. Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған шараларды да қайта өзектендіру, барынша күшейту қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты біз үшін ең бір тиімді балама бағыттардың бірі. Бұған дейінгі мем­лекеттік бағдарламалардың нәтиже­сін­де Ақтау портында паром кешені салын­ған болатын. Сондай-ақ қолданыстағы Ақтау портының өткізу мүмкіндігін арттыруға қатысты тиісті шешімдер қабылданған еді. Нақтырақ айтсақ, үш құрғақ жүк терминалы салынды. Бүгінде біздің инфрақұрылымның өткізу мүмкіндігі шамамен 21 млн тон­наға тең. Ең бастысы, біз аталған бағыт бойынша жүктің кез келген түрін тасы­малдай аламыз. 2022 жылдың бірін­ші жартыжылдығында Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында 732,5 мың тонна жүк тиелді. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,5 есе артық.

Сонымен қатар Қазақстанның жеке сауда флоты бар. Бұл құрғақ жүк тасымалдайтын төрт кемеден тұрады. Бүгінде олар Каспий теңізінде жақсы жұмыс істеп тұр. Ақтау – Баку фидерлік желісі бойынша тасымалды қамтамасыз етіп отыр. Еліміздің ұлттық теңіз тасымалдаушысы – «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компания­сы жыл соңына дейін тағы екі контейнер тасушы іске қосылады деп хабарлады. Алдағы уақытта отандық паром флотының құрылысын бастау жоспарда бар. Ұзақмерзімді келешекте контейнер тасымалдаушы паромдардың санын 10-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір Каспийде Әзербайжан кемелері монополия орнатқан.

Контейнерлік ағын күшейіп келеді. Сондықтан Ақтау портында контей­нерлік хаб құратын боламыз. Бұған халықаралық «Писиэй Интернешнл» көлік-логистикалық компаниясын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл іске әлемдік деңгейдегі «Маерск», «Энси», «Коско шиппинг» секілді контейнерлік операторлар да тартылады. Осылайша, біз олардың контейнерлік паркін өзімізге жұмылдыра аламыз. Өйткені қазір бізде контейнерлер жетіспей жатыр. Сондықтан бұл шаруаның ретін тапсақ, Қазақстанның транзиттік экспорттық мүмкіндігі күшейеді. Әрине, вагон арқылы жеткізумен салыстырғанда, контейнермен тасымалдау қымбатқа түседі. Бірақ бұл әлдеқайда тиімді әрі жылдам. Сервис тұрғысынан да жақсы.

Біздің назар аударып отырған келесі бағытымыз – Иран. Аталған бағыттың мүмкіндігі мол. Бүгінде соның 19 па­йызы ғана пайдаланылып отыр. Бұл бағытпен Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік бар. Сол арқылы Үндістан нарығына шыға аламыз. Одан әрі ашық теңіз жолдары арқылы Еуропа елдеріне жол ашылады. Біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысының Иранға жасаған сапары барысында демонстрациялық контейнерлік пойыз ұйымдастырылды. Ол Қазақстан, Түрікменстан, Иран, Ван көлі арқылы тікелей Түркияға өтті. Бұл дамытуға және пайдалануға болатын тағы бір ықтимал жақсы бағыт.

Жалпы, біздің жоспарымыз – Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі негізгі көлік-логистикалық хаб ретінде қайта құру. Бұл үшін барлық алғышарт бар. Көлік инфрақұрылымының сұлбасы жасал­ды. Қазір темір жол инфра­құрылы­мын, терминалдық желілерді одан әрі ұлғайту бойынша шараларды қарқынды қабылдау қажет. Оның ішінде жылжымалы құрамды жаңарту керек. Белгілі бір жоспарлар бар. Мемлекет басшысы біздің ұсынған бастамаларымызды қолдады.

Қанат ӘЛМАҒАМБЕТОВ, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары:

– «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы үшін биылғы басты көлік векторы – Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін ашу. Қазіргі әлемдік жағдайда қазақстандық өндіру­шілер өнімдерінің бәсекеге қабілет­тілігін сақтау және экспорттық келісім­шарт­т­арды орындау айрықша маңызды болып отыр. Халықаралық жүк тасы­малдарының бағыты өзгеріп жатқан­дықтан, жүк жөнелтушілер Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Сол­түстік-Оңтүстік дәлізіне көп көңіл бөле бастады. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты жобасына қатысушылар арасында өзара түсіністік қалыптасқан. Елдер мен компаниялар аталған бағыт бойынша жүктердің қозғалыс уақытын барынша қысқартып, оның өткізу қабілетін арттыруға ниетті.

Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі көлік-логистикалық хабқа айналатын мүмкіндігі мол. Қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде темір жолдың әлеуетін арттыру, оның мүмкіндігін барынша пайдалану маңызды. Сондықтан «Қазақстан темір жолының» инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру елдің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Компания алдында тұрған жаңа міндеттерді орындау үшін логистика саласында, оның ішінде елден тыс жерлерде активтер мен құзыреттердің оңтайлы құрылымын қалыптастыру маңызды. Осы мақсатта логистикалық блокты күшейту жоспарлануда.

Қолданыстағы транзиттік бағыт­тарды дамыту және жаңаларын құру, логистикалық инфрақұрылымды жаң­ғырту – басты назарда. Қазіргі уақытта Қазақстан арқылы өтетін маршруттар бұрынғыдан да сұранысқа ие бола бас­тады. «Қазақстан темір жолы» Транс­каспий халықаралық көлік бағыты дәлізін ынталандыру бойынша шаралар қабылдауда. Қазіргі таңда Грузия, Түркия порттарына транзиттік және экспорттық қатынаста контейнерлік тасымалдарға бәсекеге қабілетті ставкалар қолданылады.

Достық – Мойынты темір жол дәлізін жаңғырту жобасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілді. Оны іске асыру жүктерді тасымалдау жылдамдығын және Қытай – Еуропа – Қытай транзиттік дәлізі бо­йынша темір жол инфрақұрылымы­ның өткізу қабілетін бес есе арттырады. Бұдан басқа, компания Дарбаза – Мақтаарал темір жол желісі мен Алматы стансасын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек Бек айналма темір жол желісін салуды жоспарлап отыр. Дарбаза – Мақтаарал желісі Сарыағаш мемлекетаралық түйісу пункті мен Ташкент торабында инфрақұрылымдық шектеулерді «реттеуге» мүмкіндік береді. Жетіген – Қазыбек Бек айналма желісі жүк ағынын қайта бағдарлау есебінен Алматы торабы жүктемесінің төмендеуін қамта­масыз етеді және жүктерді жеткізу уақытын қысқартады. Бұл жобалар жоғары локализацияға (85 пайыз) байланысты экономикаға айтарлық­тай мультипликативтік әсер етеді және қосымша жұмыс орындарын құруға жол ашады.

Бақты – Аягөз темір жол учаскесі мен үшінші шекара өткелінің құрылысы мәселесі қарастырылып жатыр. «Қазақ­стан темір жолы» қазіргі уақытта ресейлік серіктестермен және қытайлық әріптестермен осы жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жүргізуде. Орталық Азия өңіріне қатысты айтар болсақ, қазіргі таңда Сарыағаш стансасы толық қуаттылыққа ие, резервтер шамамен 1 млн тоннаны құрайды. Осыған байланысты Дарбаза – Мақтаарал темір жолының құрылысы жоспарланған. Темір жолдар Мақтаарал ауданын негізгі магистральдық темір жол желісімен қосуға мүмкіндік береді. Тиісінше, осы өңірдің дамуына оң әсер етеді.

Қазіргі жағдайда елдің көлік-тран­зиттік әлеуетін дамыту жөніндегі шара­ларды күшейту әрі жандандыру қажет екені түсінікті. Бүгінгі таңда Қазақстанда темір жол көлік дәліздерінің тармақталған желісі бар. Бұл ретте қазіргі өткізу қабілетіне қол жеткізілді деуге болады. Яғни біз өз мүмкіндіктеріміздің шегінде жұмыс істеп келеміз. Осы орайда транзиттік-экспорттық әлеуетті арттыру үшін белгілі бір шаралар қабылдау маңызды. Қосымша темір жол инфрақұрылымын, терминалдық қуаттарды салу бойынша жоспарлар бар.

Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ, мұнай-газ саласының сарапшысы:

– Қазақстан қалыптасқан геосаяси жағдай және Ресей мен Батыстың санк­ция­лық текетіресі аясында еуро­палық сатып алушыларға өз өнімдерін Ресейді айналып өтіп жеткізудің жаңа бағыттарын іздеуге мәжбүр. Сөз жоқ, бұл жерде Транскаспий халықаралық көлік бағыты маңызды әрі басымдыққа ие маршрут болып саналады. Транскаспий бағыты Қазақстан мұнайы үшін республиканың батысындағы ірі кен орындарынан бас­тау алады және одан әрі Каспий теңізі акваториясы арқылы Әзербайжан мен Грузияға, одан әрі Түркия мен Еуропа елдеріне өтеді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты Каспий құбыр консорциумына бәсекелес болуы үшін бірқатар мәселені реттеп алу керек.

Біріншіден, Әзербайжанға, Бакуге, одан әрі Грузиядағы Батуми арқылы Қара теңіз портына, одан әрі темір жол арқылы Түркияға және Еуропаға жеткізу үшін бізге танкерлер керек. Әзірше бізде танкерлер жоқ. Сондықтан бұл мәселені шешу қажет.

Сонымен қатар Әзербайжандағы Сангачал терминалындағы жалғас­тыр­ғышты қалпына келтіруге және кеңей­туге қаражат салу қажет. Оны әзірге жөндемейінше, бұл бойынша ең көп тасымалдауға болатын көлем жылына 1,5-2 млн тонна ғана. Ал Каспий құбыр консорциумы арқылы жылына емес, айы­на 4,5 млн тоннадан астам өнім кетеді. Айырмашылық жер мен көктей.

Сондай-ақ Қазақстан Әзербайжанмен жеткізу көлемі және тариф бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізу маңызды. Менің білуімше, Әзербайжан тарапы Қазақстан мұнайын өз шарттарымен қабылдауға келіседі. Бұл кепілдендірілген 10 жылдық жеткізілім шарты болуы керек.

Біздің мұнайды Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы айдауда да проблемалар бар. Баку – Тбилиси – Жейхан өз қуатының жартысын ғана пайдаланып отырғанына қарамастан, бұл арқылы Azeri Light жеңіл мұнайы ағып жатыр. Ол әлемдік нарықта Brent маркасына қарағанда қымбат. Егер Теңіз бен Қашағанның анағұрлым күкірті және ауыр мұнайы Баку – Тбилиси – Жейхан құбырымен өтетін болса, онда құбыр акционерлері мұнай сапасының төмендеуіне байланысты өз кірістерін жоғалтпау үшін айдау тарифін көтеруі мүмкін.

Сондықтан біздің мұнайды экспорт­тауға Транскаспий бағытын жаңарту үшін уақыт қажет. Әзірге Каспий құбыр консорциумы ең қуатты әрі арзан бағыт болып қалып отыр. Егер одан бас тартатын болсақ, онда үш ірі жоба бойынша (Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз) мұнай өндіруді қысқартуға тура келеді. Акционерлер бұған келісуі екіталай. Оның үстіне мұнайдың қазіргі әлемдік бағасы (барреліне 100 доллардан астам) өткен жарты жылда алғаш рет республиканың Ұлттық қорына 3,1 трлн теңге түсірді. Мұндай жағдай ұзақ жылдар ішінде алғаш рет орын алып отыр.

Меніңше, бүгінгі таңда Қазақстан үшін тығырықтан шығудың жалғыз жолы – Ресеймен келіссөздер үстеліне отыру және балама бағыттарды бірге талқылау.

Санат КӨШКІМБАЕВ, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

– Транскаспий бағыты – бұрыннан әзірленген әрі мақұлданған бағыт. Сон­дықтан оны жаңа бағыт деп айта алмаймыз. Қазіргі кезеңде бағытты жолға қойып, транспарентті және ашық болатын мультимодальді тасымалдау жүйесін құру қажет.

Транскаспий халықаралық көлік бағытының штаб-пәтері Нұр-Сұлтанда орналасқан. Сондықтан біз бенефициар болып саналамыз және көлік бағытының ауқымды түрде жұмыс істеуіне аса мүдделіміз. Осы бағыт бойынша жылына 200 мың контейнер тасымалдауға мүмкіндік бар. Контейнерлік тасымалдан бөлек, мұнай-химия өнімдерін, қара және түсті металдарды да тасымалдай аламыз. Бұл Еуразия елдерін біріктіретін перспективалы маңызды магистраль.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолын» ұлттық көлік-логистикалық компанияға айналдыратын кез келгенін атап өтті. Ұлттық компания темір жол тасымалына ғана емес, жалпы, осындай инфрақұрылымдық жобаларға да назар аударуға тиіс. Бұл бағытты іске асырудың біздің ел үшін әсері зор, бірінші кезекте, магистраль өтетін өңірлердің дамуына серпін береді. Маршрутты іске асыру экспорттық мүмкіндіктерімізді күшейтеді. Мысалы, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдай аламыз. Транзиттің ұлғаюы дегеніміз – бюджетке түсетін түсімдер. Бұдан басқа, біз темір жол, автомобиль тасымалдарын дамыта аламыз. Бұл инфрақұрылымдық жоба өтетін Қазақ­станның Орталық өңірлеріне, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына оң әсер етеді. Қысқасы, мультипликативтік әсері зор. Өйткені сабақтас өндірістер, инфра­құрылымдық жобаларға қызмет көрсету, транзит үшін ақы төлеу, сервис­тік орталықтар жолға қойылатын болады.

 

Дайындаған

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»