Отандық киноөндірістің мәселесі қай уақытта да өзекті. Бәсекеге қабілетті һәм сұранысқа ие фильм түсіру бүгінгі қазақ киносының негізгі мақсаты болып отыр. Осы орайда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кинорежиссерлермен кездесіп, «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту және кинематография саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын, сондай-ақ аталған саладағы бірқатар мәселені талқылады.
Кинематографистер одағының басқарма төрағасы Ермек Тұрсынов жүргізген басқосуға Досхан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Рашид Нұғманов, Қанат Төребай, тағы басқа кино мамандары қатысты.
Кездесудің басты сұрақтарының бірі – конкурстық іріктеуге қатысушыларға арналған қаржылық тұрақтылық талабы. Сала өкілдерінің айтуынша, бұл көптеген компаниялардың мемлекеттік қолдауға ие болуына кедергі келтіреді.
«Бұл талапты Қаржы министрлігі берді. Қазіргі уақытта киноөндіріс өкілдерінің пайдасына мәселені қарастырып жатырмыз. Біздің тарапымыздан кино мен жалпы осы саланы дамыту үшін барлық күш-жігер жұмсалады», деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, биыл конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 62 киножоба мемлекеттің қаржыландыруына ие болды. Бұл ретте сараптамалық кеңестің құрамы 80%-ға жаңартылды. Конкурсты өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қорғаудың барлық процесі онлайн-трансляция арқылы жүргізілді.
«Егер 2020 жылы мемлекет 39 жобаны қолдаса, биыл екі есе көп – 62 картина қаржыландырылды. Питчинг нәтижелеріне сай іріктеуден өткендердің көпшілігі – жас режиссерлер. Олар кино әлеміне алғаш қадам жасағандар. Біз жас мамандардың жарқырап танылуларына мүмкіндік беруіміз керек», деді министр.
Сонымен қатар қатысушылар анимациялық фильмдер өндірісі туралы да сөз қозғады. Атап айтқанда, киностудия өкілдері интернет-кеңістікте қазақ мультфильмдерінің жоғары танымалдылығын атап өтті.
«Мен осыған дейін де балаларға сапалы және көруге лайықты анимациялық фильмдер қажет екенін айттым. Биыл «Қазақфильм» киностудиясының базасында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады. Жыл соңына дейін кемінде он пилоттық анимациялық жобаны ұсыну жоспарланып отыр. Мемлекет анимация саласындағы креативті идеялар мен жобаларды қолдауға дайын. Бұл жұмыс өз жемісін беретініне және бәсекеге қабілетті отандық өнім алатынымызға сенімдімін», деп атап өтті министр.
Сондай-ақ кино саласындағы қолданыстағы заңнаманы өзгерту мәселесі көтерілді. Дәурен Абаевтың айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі кәсіби мамандар мен тәжірибелі сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, заңнамалық базаға түзетулер мен ұсыныстар енгізу бағытында жұмыс істеуге дайын.