Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің шақыртуымен Баку қаласына ресми сапармен келді. Екі ел басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулері барысында екіжақты стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері қарастырылды.
Стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейі
Ресми сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен кездесіп, Әзербайжан Президентінің «Загульба» резиденциясында Мемлекет басшысын салтанатты ресми қарсы алу іс-шарасы өтті.
Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Әзербайжанның әнұрандары орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды. Салтанатты рәсімнен соң екі ел президенттері келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
– Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселе туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуге келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Жеке келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарына қосқан зор үлесі үшін Ильхам Әлиевті Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл марапат Ильхам Әлиевке екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосқаны үшін табыс етілді.
Қазақстан Президентінің Әзербайжанға ресми сапарының бағдарламасы мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құраммен өткен келіссөзімен жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
Қазақстан Президенті Бакуге шақырғаны және көрсетілген қонақжайлылық үшін тағы да ризашылығын білдірді.
– Мен шағын құрамдағы кездесуге өте ризамын, онда біз мемлекеттеріміздің өзара іс-әрекетінің барлық мәселелері мен әртүрлі салалары туралы жан-жақты пікір алмастық. Қазақстан мен Әзербайжан – жақын мемлекеттер, біз стратегиялық серіктеспіз және одақтаспыз. Бүгін елдеріміз арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларацияға қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін айтты. Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне егжей-тегжей тоқталды.
– Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын. Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың қолайлы перспективаларына назар аударды.
– Менің ойымша, келесі жылы екі ел үкіметтері арасындағы келісім бойынша біз Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізе аламыз. Сіздің еліңіздің мәдениетіне үлкен қызығушылық бар. Біз әзербайжан мәдениетінің көрнекті өкілдерін өз елімізде үлкен ілтипатпен қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев Қазақстан Президентіне Әзербайжанға келуге шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтты.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен сізді тағы да шын жүректен қарсы алып, қош келдіңіз дегім келеді. Шақыруды қабыл алып, бізге ресми сапармен келгеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұл сапар біздің қарым-қатынасымыздың дамуының болашағы үшін үлкен маңызға ие болатынына сенімдімін. Ең алдымен, мені Қазақстан Республикасының ең жоғары «Алтын Қыран» орденімен марапаттағаныңыз үшін ресми делегацияның алдында сізге тағы да алғыс айтамын. Бұл сыйлықты қабыл алу мен үшін үлкен мәртебе. Мен мұны біздің халықтарымыздың достығы мен бауырластығының дәлелі және Әзербайжанның қарым-қатынасымызды нығайту бағытында жасап жатқан жұмыстарына берілген жоғары баға деп білемін. Сондай-ақ Қазақстанның Әзербайжанға сыйлығы – азат етілген аумақтарда салынатын балалардың шығармашылық даму орталығының тұсаукесері өтті. Бұл халқымызға деген бауырмалдық көзқарастың тағы бір көрінісі, Қарабақты қалпына келтіруге қосқан үлес, – деді Әзербайжан Президенті.
Әзербайжан басшысы екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымды күн тәртібі мен халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты әңгіме болғанын атап өтті.
– Әрине, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөнінде үлкен жоспарымыз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да осы инфрақұрылымды құру бойынша уақтылы шаралар қабылданды. Қазір елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемін және көлік транзитін арттыру жөнінде бастама көтеріліп жатыр. Тиісті органдар бұл бағытта өзара белсенді жұмыс атқарып отыр. Сауда-экономикалық қатынасты дамытуға да тың серпін беретінімізге сенімдімін. Тауар айналымын арттырудағы резервіміз айтарлықтай көп. Бүгін біз келешектегі сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың бірқатар бағыты бойынша пікір алмастық. Өзара тауар жеткізу көлемін арттыру жоспарын нақтылай аламыз. Сондай-ақ инвестиция саласында зор мүмкіндігіміз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Шетелдік инвестицияның көлемі үлкен. Осы бағыттағы күш-жігерімізді біріктіріп, Қазақстан мен Әзербайжандағы, сонымен қатар өзге де елдердегі бірлескен инвестициялық жобаларға қатысатын уақыт келді деп ойлаймын, – деді Ильхам Әлиев.
Сонымен қатар Әзербайжан Президенті жақында Сумгаит қаласының орталық көшелерінің біріне қазақ халқының көрнекті азаматы, ағартушы, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілгенін еске салды. Ол бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынас табысты дамитынына сенім білдірді.
Он құжатқа қол қойылды
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға қол қойды.
Екі ел басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулері кезінде ұзын-саны он құжатқа қол қойылды. Олар:
Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2023-2024 жж. арналған Ынтымақтастық жоспары Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған бағдарлама Түркістан қаласы мен Шуша қаласы арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттама Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Медианы дамыту агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы транзиттік жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.Бауырластықтың бір белгісі
Қазақстан Президентінің Бакуге ресми сапары шеңберінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Әзербайжанның Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығының іргесі қаланатыны жайлы мәлімделді.
Мемлекет басшысы қазақ халқының атынан жасалған бұл сыйлық елдеріміздің достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатынын атап өтті.
Өнер орталығының жалпы ауданы – 3100 шаршы метр. Екі қабатты ғимарат 600 адамға арналған. Биыл қыркүйек айында іргетасы қаланып, 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.
Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығы музыка және музыкалық аспаптар, заманауи технологиялар: жұмыс жабдықтары, 3D модельдеу, веб-дизайн, фото және видео курстар бағытында жұмыс істемек. Сонымен қатар кілем тоқуға, қолөнерге, түрлі спорт пен хореографияға баулитын сыныптар ашылады.
Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа шексіз алғысын айтып, Физули қаласының балалары үшін әлемдік деңгейдегі шығармашылық орталық болады деп сенетінін жеткізді.
Отыз жыл одақтастықтың оң нәтижесі
Бакудегі басқосулардан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен өткен келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ-қа мәлімдеме жасады.
Сөз басында президент керемет қала Бакуге ресми сапармен келуге шақырғаны үшін шын жүректен ризашылығын білдірді. «Біз бүгін кең ауқымды мәселелер жөнінде жемісті келіссөз жүргіздік. Әзербайжан Президенті дұрыс атап өткендей, ешқандай проблема, кедергілер болған жоқ. Керісінше, экономикалық салада болсын, гуманитарлық бағытта болсын нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін күш-жігерді арттыруға өзара ниет таныттық», деді Мемлекет басшысы.
Мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жарғысы мен қарарларына сәйкес территориялық тұтастығын жеңіспен қалпына келтіре отырып, Әзербайжан өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басқандығын атап өтті.
«Әрине, бауырлас ел Әзербайжанның ұлттық көшбасшысы, Президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиевтің жеке еңбегі зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздің қуатты басшылығыңызбен бүгінде Әзербайжан өзінің дамуында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын тағы да айтқым келеді. Біз сіздің еліңіздегі осы үрдістерді бақылап отырмыз әрі шын жүректен қуанамыз. Қарабақ пен Шығыс Зангизурдың қалпына келіп, дамып жатқанын көріп отырмыз. Сіздің жеке еңбегіңіздің арқасында бұл өңір таяу болашақта гүлденген аймаққа айналады, оған еш күмән жоқ», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан өз тарапынан бұл игі іске белгілі бір дәрежеде үлес қосуға дайын екенін мәлімдеген Президент: «Бүгін қазақ халқының атынан берілетін сыйымыздың таныстырылымы өтті. Келесі жылдың аяғына дейін Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығы бой көтереді. Менің бұл сапарым мерейтойлық дата – елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы қарсаңында өтуінің да символдық мәні бар. Нақтырақ айтсақ, үш күннен кейін біз бұл датаны атап өтеміз. Жалпы, мен өзімнің қызметтік міндетіме байланысты елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты дамыту процесіне алғашқы күндерден-ақ араласқанымды айта кету керек. Біз ұзақ жолды жүріп өттік», деді.
«Біз ықпалдастықты басынан бастадық және бүгінде біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық туралы сенімді түрде айта аламыз. Осы серіктестігімізді одан әрі нығайту, оны әртараптандыру туралы декларацияға қол қойылды. Бұл – алға қарай жасалған нақты қадам. Арамызда сенімді саяси диалог орнады, мемлекеттеріміз халықаралық алаңдарда, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЕҚЫҰ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы аясында ынтымақтасып келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті Ильхам Гейдар оғлу, сізге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес отырысын шақыру туралы Қазақстан бастамасына қолдау білдіргеніңіз үшін алғыс айтамын. Биылғы қазан айының ортасында біздің еліміздің астанасында саммит өтеді және оған сіздің қатысуыңызды асыға күтеміз. Бұл іс-шараға сіздің атсалысуыңыз күтілетін нәтижеге қол жеткізу тұрғысынан оң әсер ететініне сенімдіміз», деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының көлемі 3 есе артқанын атап өтті. «Яғни өсу қарқыны сақталып келеді. Алайда жалпы алғанда бұл нәтиже айтарлықтай көп емес, сондықтан бүгін өзара сауданың абсолютті көрсеткішін арттыруға күш салу жөніндегі уағдаластыққа қол жетті. Мүмкін жақын болашақта миллиардтық меже туралы айтатын болармыз», деді Қ.Тоқаев.
«Ортақ күш-жігердің арқасында мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықтың да күшейіп келе жатқаны қуантарлық жайт. Әрине, бұл халықтарымыздың одан әрі жақындасуына зор септігін тигізеді. Мен бүгін елімізде Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізу туралы бастама көтердім. Бұл іс-шараның танымалдылығына ешқандай күмән келтірмеймін. Себебі халқымыз әзербайжан мәдениетін, оның өнер қайраткерлерін сағынғаны анық. Бұл іс-шара сәтті өтеді деген ойдамын», деді Мемлекет басшысы.
Тауар көлемін ұлғайту көзделіп отыр
Мемлекеттер басшылары қатысқан БАҚ өкілдеріне арналған брифинг кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арасында мәдениет қайраткерлері мен делегацияларды тұрақты алмасуға келіскені туралы айтты. Ол сондай-ақ, Сумгаит қаласындағы көшелердің біріне қазақ халқының көрнекті өкілі Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілгеніне алғысын жеткізді.
«Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы осы – Баку қаласында өткен бірінші Бүкілодақтық түркологтар съезіне делегат ретінде қатысқан. Бұл факт бiздiң елiмiз бен халықтарымыз арасында қашан да тығыз байланыс болғанын тағы бiр рет дәлелдейді. Кезінде елордамыздың бір көшесіне көрнекті мемлекет қайраткері, Әзербайжан халқының біртуар перзенті Гейдар Әлиевтің есімі берілген.
Қаламыз, астанамыз қарқынды дамып келеді, бүгінде бұл көше ауқымды емес. Сондықтан мен елорда әкіміне елімізде шынайы құрметке ие Гейдар Әлиевтің есімін астанамыздың үлкен көшелерінің немесе даңғылдарының біріне беруді ұсыну туралы тапсырма бердім. Яғни, көше атауын қолайлырақ нысанға ауыстырамыз, бұл әбден орынды деп есептеймін.
Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың көлік-логистикалық саласын дамыту туралы егжей-тегжей талқыладық. Жан-жақты талдап, екі ел үкіметтеріне тиісті тапсырмалар берілді деп айта аламыз және бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілетініне күмән жоқ. Қалай болғанда да, Қазақстан тарапында ынтымақтастықтың бұл түрін дамытуға қызығушылық жоғары.
Ауыл шаруашылығы саласын ерекше атап өткім келеді. Бұл жерде біз бір-бірімізді толықтыра аламыз. Қазақстан астық, бидай және ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін жеткізуге мүмкіндігі бар екенін білесіздер. Өз кезегінде бізге Әзербайжаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін – жеміс-жидек пен көкөністерді импорттау қажеттілігі туындап отыр. Жалпы алғанда, қазақстандық өндірушілердің бірқатары Әзербайжанға жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 100 түрлі тауар көлемін ұлғайтуға дайын. Сондықтан біз осы тауар айналымның логистикасын қамтамасыз етуіміз керек және бұл біздің үкіметтеріміздің міндеті. Бүгін осы жөнінде келістік.
Жалпы, сапарымның нәтижесін өте табысты деп бағалаймын. Ең алдымен, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиевке, сондай-ақ оның үкіметіне ынтымақтастығымызды тереңдету жолындағы өте жемісті жұмысы үшін алғыс айтқым келеді», деді Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарына жасаған мәлімдемесінде.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанға келетін болсақ, біздің тарапымыздан ешқандай кедергі болмайды, біз табысты жұмыс істейміз. Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипаты туралы айтуымызға нақты негіз бар. «Стратегиялық» деген сөз бізді көп нәрсеге міндеттейді, біз бұл бағыттағы ортақ ісімізге нақты мағына, нақты мазмұн беруіміз керек. Мен ынтымақтастығымыздың келешегіне оптимистік көзқараспен қараймын», деп қонақжайлылық танытып, жұмыс істеуге қажетті жағдай жасағаны үшін Әзербайжан елінің басшысына тағы да алғысын білдірді.
Мемлекет басшысы Әзербайжанға ресми сапары кезінде осы елдің жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев пен оның зайыбы Зарифа Әлиеваның бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Қазақстан Президенті бұдан кейін Әзербайжанның азаттығы мен территория тұтастығы үшін қаза тапқан жауынгерлер жерленген Шаһиттер аллеясындағы мәңгілік алауға да гүл шоғын қойды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Баку көшелерінде серуендеді.
Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Каспий теңізінің жағасын аралап көріп, мұнда орнатылған қазақтың киіз үйіне кірді.