Атырауда №5546 әскери бөлім бар. Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер қолбасшылығына қарайды. Қазір мұнда 400-ге жуық сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуде. Бұрын мұнда жергілікті жастар да әскери міндетін өтеуге шақырыла беретін. Тіпті, сырқаты бар бір жас жігіттің сонау Қызылордадан әскерге шақырылып, осы бөлімнен үйіне кері қайтарылғанына да куә болған едік. Ал қазір ше? Аталған әскери бөлімде әлгіндей проблема кездесіп жүр ме? Осы сауалдарға жауап алу үшін әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Атабек САЛЫҚБАЕВҚА жолыққан едік.
Бөлім командирінің орынбасары әскери тәртіпке сай әңгімеге сараң болып шықты. Онысы түсінікті де шығар. Майор Атабек Салықбаевтың айтуынша, жақын арада 100-ден аса сарбаздың әскери міндетін өтеу мерзімі аяқталады. Соған орай сарбаздар қатары маусым айында толығады деп күтілуде. Негізінен әскери бөлім сарбаздары Атырау қаласы көшелеріндегі қоғамдық тәртіп сақтауға, сонымен бірге, еңбекпен түзеу мекемесіндегі тәртіпті нығайтуға атсалысады. Бірақ, бір кездердегідей батыс облыстар мен жергілікті жердің жастары бұл бөлімге жіберілмейтін болыпты. Керісінше, өзге өңірлердің жастары көбірек жіберіледі. Мәселен, өткен жылғы күзде Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласының жастары әскери міндетін өтеуге келіпті. Жақын арада әскери міндетін өтеу мерзімі аяқталатын сарбаздар арасында Кереку өңірінің жастары да бар. Соның бірі, сымдай тартылған қатардағы жауынгер Дәулет Зекенов газет тілшісін бақылау-өткізу бекетінен әскери бөлім командирінің орынбасарының кабинетіне дейін ертіп жүрді.
Мұндағы сарбаздарға барлық жағдай жасалған екен. Казарма, асхана секілді ғимараттарға “көгілдір отын” желісі жүргізіліпті. Бұрын казарманың қыста жылудан, судан тарығатынын білетін едік. Енді бәрі басқаша, жақсылық жағына қарай өзгерген. Бөлім сарбаздары үшін арнайы монша да салыныпты. Бөлімде майор Владимир Нутков жетекшілік ететін әскери оркестр бар. Оның құрамындағы 18 музыкант келісім-шартпен жұмысқа алынған. Келісім-шарт демекші, былтыр әскери міндетін өтеу мерзімі аяқталған 10 сарбаз осы бөлімде келісім-шартпен қызметін жалғастыруға қалыпты. Ал биыл 6 сарбаз әскери училищеге баруға тілек білдіріп отыр. Бұл – Ішкі әскерлер құрамындағы ең үздік бөлімнің бірі. “Біздің сарбаздар өздерінің әскери міндетіне адалдығымен әр кез танылып келеді. Қолдау күткен жандарға қорған болуды жүктейтін жауапкершілікті түсінді. Қазақтың жігіттері негізінен шымыр, қайратты болып келеді ғой. Бөлім сарбазы Жандос Қалдышев 23 сәуірде Жайық өзеніндегі суға батып бара жатқан адамды құтқарып қалды. Судан құтқарған адамды ауруханаға апарып, өміріне араша болды. Ал қатардағы жауынгер Болат Нұрсапаев ІV шағын ауданда анасынан адасып қалған үш жасар балдырғанды 12 сағаттан кейін “Жеңіс саябағы” аумағынан тауып берді. Әрине, мұндай сарбаздарды өзгелерге үлгі-өнеге етеміз. Ішкі әскерлер бас қолбасшысы Р.Жақсылықовтың бұйрығымен қатардағы жауынгер Жандос Қалдышев “Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін” төсбелгісімен марапатталды”, дейді бөлім командирінің орынбасары Атабек Салықбаев.
Өкінішке қарай, мақаламыздың басында айтылғандай, сырқат жасты әскерге жіберу оқиғасы әлі де кездеседі. Былтырғы күзде Жезқазған өңірінен эпилепсия сырқатына шалдыққан бір жігіт осы бөлімге жіберіліпті. Сонда дәрігерлер сырқат жігітті тәуелсіз еліміздің қорғаны бола алады, деп жіберген ғой шамасы. Өзге емес, эпилепсия сырқатына көз жұма қарауға болмайтынын дәрігерлер қауымы жақсы біледі. Ендеше, қалтырап-дірілдеп, есінен танып қалатын сырқаты бар жігіт әскери-медициналық комиссия жіті талқысынан, бақылауынан қалай өткен? Әлде әскерге барғысы келмеген дөкей баласының орнына “абайсызда” “құрбандыққа” шалынды ма екен?
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.