Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ғасырлық дәстүр – тұрақты даму» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара отандық мұнай-газ кешенінің қарашаңырағы – «Ембімұнайгаз» компаниясының 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Семинарға ұйытқы болған «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анатолы Тегісбаевтың айтуынша, қыркүйек айының алғашқы жексенбісі – Мұнайшылар күні. Биылғы кәсіби мереке отандық мұнай-газ кешенінің бастауында тұрған «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
– Мұның бәрі – мұнайшылар үшін үлкен мереке, зор жетістік. Бірнеше күннен кейін Атырау өңірінде тарихы тереңде жатқан компанияның мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі. Біз осынау айтулы оқиғаның алдында семинар өткізуді жөн көрдік. Ондағы мақсат – өткенімізден өнеге алып, бүгінімізге бағдар жасау, аға буын мен қазіргі буынның арасына алтын көпір болу. Осылайша, саладағы жетістіктер мен кемшіліктерді саралай отырып, мұнай-газ кешенінің дамуына үлес қосқанды жөн көрдік. Ардагерлердің айтары көп. Қазіргідей алмағайып кезеңде отандық мұнай-газ саласы ардагерлерінің мол тәжірибесіне, терең біліміне сүйенуі керек. Біз де өз тарапымыздан ортақ іске жұмылуға әзірміз, – деді Анатолы Тегісбаев.
Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет қайраткері Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, отандық мұнай-газ өндірісінде «Ембімұнайгаздың» алатын орны ерекше.
– Осыдан 123 жыл бұрын Ембі өңірінің Қарашүңгіл деген жерінен алғашқы мұнайдың бұрқағы атылған. Содан бері бұл жерде отандық мұнай өндірісінің негізі қалана бастады. Инвесторлар келіп, мұнай көздерін ашты. 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру үшін «Ембімұнай» тресі құрылды. Содан бері мұнайлы өлке елдің дамуына ерекше серпін беріп келеді. Бір ғана мысал, Екінші дүниежүзілік соғыста осы өлкенің мұнайы әскери техникалардың еркін жүріп-тұруына пайдаланылды. Сонымен қатар «Ембімұнайгаздың» отандық мұнайшы мамандарды даярлаудағы орны бөлек. Оны кәсіби мамандарды әзірлеп шығарған ұстахана десе де болады. Өйткені еліміздегі өзге де мұнай кен орындарын игеруде ембілік мұнайшылардың сіңірген еңбегі ерен. Ембіден басталған мұнай өндірісі ел экономикасының алтын діңгегіне айналды. Бүгінде Қазақстан әлемде мұнай қоры бойынша 12-ші орында, газ қоры бойынша 17-ші орында тұр. Бұл – Ембіден басталған игі істің жемісі, – деді Ұзақбай Қарабалин.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиевтің мәліметінше, бүгінде «Ембімұнайгазда» жылына 2 млн 640 мың тонна мұнай өндіріледі.
– «Ембімұнайгаз» компаниясының ел экономикасындағы орны ерекше. Компанияның болашағы зор. Оған қолға алынып жатқан жоба-жоспарлар дәлел. Мәселен, Тайсойған полигонында 18 млрд теңгеге 3D сейсмикалық барлау жүргізілді. 428 млн тонна геологиялық қор бары анықталды. 5,5 мың шаршы метр аумақты қамтыған мұндай ауқымды барлау компания тарихында алғаш рет жүргізілгенін атап өту керек. Бүгінде мұнда 5,5 мың адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, компанияның айналасында қызмет көрсететін жеке компанияларда мыңдаған адам жұмыс істейді. «Ембімұнайгаз» болашаққа сеніммен қарайды. Жинақталған мол тәжірибе мен білікті ұжымның арқасында алға қойылған міндеттерді абыроймен орындап келеді. Осы биіктен түспесіне сенеміз, – деді Құрманғазы Есқазиев.
«Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі осыдан үш жыл бұрын құрылған болатын. Бүгінде оның бірнеше өңірде филиалы бар. Мұнай-газ саласында тынымсыз тер төккен еңбек ардагерлерінің басын біріктіріп отырған ұйымның қатарында 20-дан астам ғылым докторы мен кандидаты, басшылық қызметте болған 30-дан астам ардагер бар. Ардагер деген аты болмаса, әлі күнге дейін қатардан қалмай, отандық мұнай-газ саласының дамуына хал-қадерінше үлес қосып келеді.
«Ембімұнайгаз» компаниясының 100 жылдығына арналған семинар мазмұнды өрбіді. Іс-шара барысында тарихтан бөлек, отандық мұнай-газ саласының дамуына қатысты келелі ойлар, тың ұсыныстар да айтылды.
Еске сала кетейік, «Ембімұнайгаз» – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны. Оның тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары – геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау өңіріндегі алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар – «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме – «Ембімұнайэнерго», «Өндірістік-техникалық қызмет ету және жабдықтарды жинақтау» басқармалары.
«Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай елдегі мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы және Өзен – Атырау – Самара құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ұлттық компаниясы арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап 2021 жыл аралығында Ұлттық қорға, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд теңгеден астам, ал өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4 млрд 900 млн теңгеге жуық қаражат аударды.