Ел мен жұрттың есендігін ескеріп, саулығына сақ қарайды дейтін салмақты саланың жетістігі де, жетіспеушілігі де бар. Соның бірін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айшықтап айтты. Бұл – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі.
«Жалпы, денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мұнда түйткілді мәселелер көп. Қазақстанда созылмалы ауру салдарынан қайтыс болу көрсеткіші өте жоғары. Әсіресе Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда біздегі ахуал өте нашар. Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ.
3 млн-ға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 3 млн-ға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалды деген болатын. Олар кімдер? Кәсіпкерлер ме, мемлекеттік қызметшілер ме? Жас ерекшеліктері қандай? Аталған сұрақтарды МӘМС қорының өкілдеріне жолдаған болатынбыз.
«Жұртшылықты сақтандыру мәртебесімен қамтамасыз ету – МӘМС жүйесіндегі негізгі бағыттардың бірі. 2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша МӘМС жүйесіне қатысушылар саны 16 млн-нан астам адамды құрайды (бұл ел халқының жалпы санының 83,6 %-ы). Ал 3,1 млн-нан астам азамат елімізде сақтандырылмаған. Олардың ішінде 3 млн адам – еңбекке қабілетті, яғни ресми түрде жұмыс істемейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз тұлғалар. Олар үшін жұмыс беруші медициналық сақтандыруға аударым жасамайды да, жұмыскерлердің сақтандыру мәртебелері болмайды. Saqtandyrý ақпараттық жүйесінде соңғы 12 ай ішіндегі деректерді талдау кезінде МӘМС жүйесіне қатысушының алдыңғы мәртебесі тұрғысынан сақтандырылмағандардың 69%-ы мүлде жарна төлемегені анықталды. Азаматтардың тағы 16%-ы – өз қызметін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша атқаратын тұлғалар. Қазір жарналарды төлеуді тоқтатқан бұрынғы жалдамалы жұмысшылар 7%-ды құрайды. Дербес төлеушілердің үлесі – 4%», деп жауап берді қордың мамандары.
Қазір жарна төлемейтін және сақтандыру мәртебесін жоғалтқан жеке кәсіпкерлер мен бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеушілердің саны 3 %-ды құрайды. Бұл негізінен 38-40 жастағы адамдар. Олар бейресми жұмыс істейді және жарналарды төлемейді. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығына барып ресми тіркеле алатын жұмыссыздар да бар. Бұл жағдайда осы азаматтар жеңілдік санатына кіріп, олар үшін төлемдерді мемлекет жасайды. Түптеп келгенде мұның бәрі әлеуметтік-экономикалық мәселелер. Сондықтан қор бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жұмыс істеуде. Себебі бұл өзге мемлекеттік органдармен және мекемелермен бірлесіп шешуді қажет ететін мәселе», деп жауап берді қордың мамандары.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Ләззат Сейтқазықызы денсаулық сақтау саласында тұрақты қаражат ағынын қамтамасыз ету және қолданыстағы бюджеттік басымдықтарды оның пайдасына асыру бойынша өткір мәселелер барын тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап айтқан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің проблемалары денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесін түбегейлі өзгертуді талап етеді. Қаржыландыру көздерін кеңейтуге ұмтылу – денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесін өзгерту бағыты ретінде сақтандыру медицинасын таңдаудың негізгі факторы. Қазақстанда мемлекеттік медициналық және стационарлық көмекке ақы төлеу жан басына шаққандағы және клиникалық-статистикалық топтар әдісі бойынша ақы төлеу жүйесі бойынша іске асады. Денсаулық сақтау саласында тұрақты қаражат ағынын қамтамасыз ету және қолданыстағы бюджеттік басымдықтарды оның пайдасына асыру бойынша өткір мәселелер бар. Қарастырылып отырған мәселелер аясында жұмыс берушілер үшін де, қызметкерлер үшін де сақтандыру жарналары енгізілді, жарна мөлшерлемелерінің шкаласы белгіленді, ол 2022 жылы жұмыс берушілер үшін еңбекақы қорының 3 %-ына және қызметкерлер үшін 2 %-ға дейін өсті. Жұмыс істемейтін халықты міндетті медициналық сақтандыру бойынша өңірлік жарналардың мөлшерлемелері де белгіленді. Жұмыспен қамтылған халық табысының тиісті пайызын денсаулық сақтау саласына төлейді», деді экономика ғылымдарының докторы Л.Сейтқазықызы.
Сонымен қатар ол Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша COVID-19 пандемиясының салдары мен инфляция қазақстандықтардың дәрі-дәрмекке, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен техникаға жұмсаған шығыстарына әсер етіп, 63%-ға өскенін атап өтті.
«2020 жылы отбасы орта есеппен дәрі-дәрмекке, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен құрал-жабдыққа 47,1 мың теңге жұмсады. Тұрғындардың денсаулық сақтау шығындарының жоғары болуына байланысты, ең көп қаражатты Алматы қаласында (71,7 мың теңге), ең азы Қызылорда облысында (29,8 мың теңге) жұмсаған. Мәселен, 2018 жылы денсаулық сақтауға жұмсалған қаржы құрылымында қазақстандықтар ең көп қаражатты (60,7%) дәрі-дәрмекке жұмсаған. Жан басына шаққандағы дәрі-дәрмекке жеке шығындар 19 356 мың теңгені, мемлекеттік шығыстар 5 213 мың теңгені құрады. Дәрі-дәрмекке жұмсалған жалпы шығын 24 569 мың теңгені (70 доллар) құрады. ЭЫДҰ елдерінде әр отбасының дәрі-дәрмекке жұмсаған шығындары 2018 жылы денсаулық сақтау шығындарының жалпы көлемінің 38,1%-ын құрады, ал жан басына шаққандағы дәрі-дәрмекке жұмсалған шығын 376,7 долларды құрады. Біріншіден, Қазақстан халқының өзіне тән белгілері – мемлекетке деген «патерналистік» көзқарасы, биліктен пайда, көмек күтуі, сондай-ақ бастамашылдықтың төмендігі деп болжауға болады. Халық санының 50,6 %-ы ауыл тұрғындары болатын елімізде мұндай жағдай билікке деген сенімге нұқсан келтіруі және одан әрі экономикалық реформалар жүргізу үшін бірқатар күрделі мәселе туғызуы мүмкін. Халықтың ең кедей топтары үшін «апатты» денсаулық сақтау шығындарының қаупін азайту керек. Ешбір отбасы ауырып қалса, материалдық жағынан қиналмауы керек. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп көшіп жатқан еңбек мигранттарына медициналық-санитарлық қызмет көрсету мәселесі өткір болып тұр. Сақтандыру жарналары жалақысы төмен еңбек мигранттарының өздері үшін де, олардың жұмыс берушілері – арзан мигранттардың жұмыс күшін пайдаланатын және сақтандыру пакеттерін сатып алуға жеткілікті қаржылық ресурстары жоқ шағын және орта кәсіпорындар үшін де тым жоғары. Осылайша, медициналық сақтандыру тұрғысынан еңбек мигранттары халықтың ең проблемалы бөлігі болып табылады», деді маман.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мамандары 2022 жылғы қаңтар-маусым аралығында МӘМС үшін төленген аударымдар мен жарналар сомасы 485,9 млрд теңге екенін жеткізді. Оның ішінде жеңілдікке ие 15 санат үшін төленген мемлекет жарнасы 180,5 млрд теңгені құрады. Осы аралықта жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін шамамен 172 млрд теңге аударым жасаған. Сондай-ақ қызметкерлерден, жеке кәсіпкерлерден, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер және дербес төлеушілерден 133 млрд теңге жарна түскен. МӘМС үшін жарналар мен аударымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзіне емес, Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі. Ол жерден қаражат МӘМС пакеті бойынша көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеуге медициналық ұйымдарға жіберіледі.
«Медициналық қызметтерді қаржыландырудың қолданыстағы жүйесі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға және медициналық көмекті қаржыландыруды ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мысалы, 2019 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мөлшері 1,039 трлн теңгені құрады. 2021 жылы қор медициналық ұйымдармен 2 трлн теңгеге, оның ішінде МӘМС бойынша шамамен 700 млрд теңгеге шарт жасады. Медициналық көмекті қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 94%-ға өсті. Осыған орай 2019 жылмен салыстырғанда келесі бағыттар бойынша медициналық қызметтердің қолжетімділігі артты. Олар, консультациялық-диагностикалық қызметтер – 5 есе өсті, медициналық оңалту бойынша тәуліктік стационар жағдайында емделген жағдайлардың өсімі 33%-ды құрады, жоғары технологиялық медициналық көмек 2 есе артты, репродуктивті денсаулығында проблемалары бар отбасылар үшін экстракорпоралдық ұрықтандыруды (ЭКҰ) жүргізуге көрсетілетін қызметтер 7,7 есе өсті, пациенттерді амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету 54,1%-ға артты. МӘМС жүйесінің қағидаттарының бірі – әлеуметтік бағдарлану. Яғни МӘМС жинақтаушы жүйе болып табылмайды, сондықтан жүйеге қатысушылар жарналардың мөлшеріне қарамастан медициналық көмекті қажетті көлемде ала алады. Айта кетерлігі, МӘМС үшін ай сайын 3 мыңнан 12 мыңға дейінгі аралықта төлем жасайтын азаматтар еміне қажетті көлемде, яғни жүздеген мың, тіпті миллиондаған теңгеге ем ала алады. Сондай-ақ бұрын сақтандырылмаған азаматтар жарна төлеп, сақтандыру мәртебесіне ие болады. Олар бұның экономикалық тұрғыда тиімді екенін түсінеді», деді МӘМС қорының өкілдері.
Ал «Ұлттық медицина орталығы» АҚ дәрігері Ғабит Нұрханұлы МӘМС жүйесі жүйелі жұмыс істеу үшін ақша жинаумен шектелмеуі керек деген пікірде.
«Қор ашылғандағы мақсат – медициналық мекемелердің жағдайын жақсартып, сапасын арттыру еді. Бірақ қор ақша жинаумен ғана шектеледі. Сапа үшін жауап бере алмайды. Емханалар сол күйінде. Жаңа медициналық мекемелер пайда болған жоқ. Үлкен қалаларда халықтың саны көп, емхана саны аз. Жалпы айтқанда, сол баяғы 2016-ның деңгейінде қалды. Сақтандырылған адам медицинаға өз қалтасынан ақша төлемеуі керек», деді Ғ.Нұрханұлы.
Сонымен қатар ол азаматтардың саулығына жауапты саладағы жемқорлықты жоймай, елдің сенімі артпайтынын алға тартты.
«МӘМС-тің тиімді тұсы қандай десеңіз, қазір нарық заманы болғандықтан барлық нәрсеге төленеді, бәрі сатылады, бәрі сатып алынады. Сақтандыру жүйесі де тек азық-түлік сатып алынбайды, денсаулықты да сатып алуға болады дегенді түсіндіру үшін жасалған. Мұндай жүйе әлемнің барлық елінде бар деп айтуға болады. Ол жақта сақтандыру жүйесі енгізілген емханалардың сұранысы да жоғары. Себебі адамдар өздері төлеген ақысына қарай сапалы қызметті жоғары деңгейде ала алады. Сақтандыру қорына үнемі ақша түсіп отырғандықтан мемлекет денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөледі. Елімізде денсаулық сақтау саласына бөлінетін сома жалпы ұлттық табыстан 2,4 пайыз болса керек. Дамыған мемлекеттерде 10 пайыздан кемі жоқ. Егер бұл жүйені жүйелі жүргізсе ауруханалар салып, денсаулық сақтау саласына орасан зор үлес қосуға болатын еді. Ол үшін ең бірінші халыққа түсіндіру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізу керек. Алдымен қызметтерін ұсынып, сапалы түрде көрсетсе, азаматтар өз денсаулығынан қаржы аямайды. Денсаулық сақтау саласындағы осындай олқылықтардың кесірінен қаншама ақша шетелге кетіп жатыр. Қаншама отандас отандық медицинадан гөрі шетелде емделуге асығады. Сол себепті салмақты саладағы жемқорлықты жою керек. Өйткені басталғанына 6 жыл болған сақтандыру жүйесінің басшылары да жемқорлықпен ұсталды», деді маман.
Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметкерлері Президенттің ескертуі негізінде қор тарапынан бірқатар шаруа қолға алынатынын айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп халықты МӘМС жүйесіне тарту бойынша қосымша шаралар қабылдайды. Десе де бұл жерде, ең алдымен, халықты ел экономикасына тарту мәселелері де бар екенін ұмытпаған жөн. 2022 жылдың 4 шілдесінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сақтандыру мәртебесін алу үшін тек өткен 12 ай үшін емес, алдағы 12 айға да төлем жасауға болады. Яғни МӘМС-ке жарналар төлемеген адамдар сол өзгерістер бойынша МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті алу үшін келесі тәсілдердің біреуін таңдап, жарналар төлей алады. Біріншіден, Республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінің 5 пайызы көлемінде төлем жасаған күнінен кейінгі он екі ай кезең үшін, әрбір ай үшін (2022 жылы – 3 мың теңгеден), екіншіден, Республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінің 5 пайызы көлемінде төленбеген кезең үшін төлей алады. Бірақ әрбір ай үшін төлем күнінің алдындағы он екі айдан асырмау керек (2022 жылы – 3 мың теңгеден, 2021 жылы – 2 125 теңгеден). Осы өзгерістер халықты медициналық сақтандыру жүйесіне тартуға ықпал етеді және объективті себептер бойынша өтіп кеткен кезеңдер үшін жарналарды төлей алмағандарға сақтандырылу мәртебесін ыңғайлы және пайдалы тәсілмен алуға мүмкіндік береді. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, яғни түзетулер қыркүйек айының басында күшіне енеді», деп атап өтті қор мамандары.
Сайып келгенде осының барлығы медициналық әлеуетімізді арттыруға бағытталған басты қадамдар. Халық соның жүйелі жүргізілгенін ғана талап етеді. Қалтасынан қиып берген қаржысына қанағаттанарлық қызмет алуды қалайды.