Жаңа оқу жылы қарсаңында өңір педагогтерінің, дәлірек айтқанда жас мамандардың алдынан кесе-көлдеңен кездесіп отырған үлкен бір мәселе бар. Ол – мектепке жұмысқа қабылдау конкурсындағы әділетсіздіктер. Қабылдау процесінде оқуды жаңадан тәмамдаған түлектер «мүйізделіп», тәжірибесі толысқан педагогтерге мән беріледі екен. Тіпті кейбір «сақа» мұғалімдер бірнеше мектепте жеңімпаз атанып, жастарға орын бермей отыр.
Өңірлік қоғамдық кеңес мүшесі, «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы бұл мәселені жуықта Парламент Мәжілісінің депутаттарына жолдады.
– Конкурстық қабылдау процесіне сүйенсек, тестілеуден өткен жас маман өтінішті сайт арқылы береді. Мектеп әкімшілігі қабылдап алады да, бекітілген талаптарға сәйкес өтініш берушіні жұмысқа қабылдайды. Осы жерде кейбір білім ордалары жас кадрлардан мейлінше бас тартып, көп жыл жұмыс істеген сақа мұғалімдерді таңдайтыны байқалып қалуда. Дипломын қолына жаңа алған жас маманда не тәжірибе, не жеке жетістіктері жоқ. Осы себептерден жастар дәл қазір жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылып отыр. Тіпті зейнетке шыққан ардагер ұстаздар да тізгінді бергісі келмей конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанады да, жастар жұмыссыздар санатын одан сайын молайта түсуде.
Тағы бір мәселе, бір мұғалімнің бірнеше мектептегі конкурсқа қатысуға мүмкіндігі бар. Ол барлық жерде жеңіп шықса, тиісінше барлық вакансияны иеленеді деген сөз. Ал ол туралы мектеп басшылығы тек 1 қыркүйекте ғана біледі. Ал бұл кемшілік мектептердегі мұғалімдердің жетіспеушілігін одан сайын ұлғайтады. Конкурсты қайта өткізгенше уақыт өтеді, яғни оқу процесінде үлкен кедергілер пайда болады, дейді қоғам белсендісі.
Педагогтерді мектепке қабылдау үрдісіндегі осы бір шикілік жойылмаса, қолында күректей дипломы бола тұра жұмысқа орналаса алмай жүрген жас мамандардың қатарын өсіріп жіберетіні айдан анық. Қоғам өкілдері бұл мәселені тез арада шешуді талап етіп отыр. Айтып өтейік, бүгінде өңірде 18 мыңнан астам педагог бар. Орыс тілінде білім беретін оқу ошақтарында орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерінің және бастауыш сыныптың мұғалімдері жетіспейді. Ал мемлекеттік тілдегі бастауыш сынып мұғалімдері керісінше шамадан тыс көп екені байқалады.
Айтпақшы, биыл мектептердегі дене тәрбиесі мұғалімдерінің сағаттары да азайтылып жатқаны мәлім. Жаңашылдықтың кесірінен өңірде жүздеген пән мұғалімі қысқартылып қалуы да мүмкін екен.
Павлодар облысы