24 тамыз күні Алматыдағы АҚШ Бас консулдығы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі және америкалық гид, оқытушы Деннис Кинмен бірлескен жоба ретінде Мұхтар Әуезовтің 1960 жылғы Америкаға сапары туралы жолжазба жинағы «Америка әсерлерінің» арнайы шығарылымы жұртшылыққа таныстырылды.
1960 жылы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов КСРО-дағы бірнеше әріптесімен бірге АҚШ Мемлекеттік департаментінің шақыруымен Америкаға сапарлаған. Жазушы Құрама Штаттарда бір ай бойы аралап, сол сапары туралы «Америка әсерлері» атты сапар естелігін жазған, бірақ жазушы тұтқиыл қайтыс болып, кітап аяқталмай қалады.
Алматыдағы АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж: «60 жыл бұрын АҚШ пен Кеңес Одағы екі ел арасында мәдени байланыс орнаса, өзара қарым-қатынас та жақсара түсер деген келісімге келеді. Дәл сол жылымық кезінде мәдени тәжірибе алмасу үшін ұйымдастырған алғашқы сапарға Мұхтар Әуезов топ жарып, алғашқылардың бірі болып барған екен. Екі еліміз серіктес болуға алғаш қадамын басқан кезде әлемнің ұлы суайрығында тұр еді. Бірақ Әуезов бізді жақындататын ортақ құндылықтарды таба білді. Жаңа түскен бүршіктей шағын ғана мәдени тәжірибеден басталған бұл сапар осы күні екі ел арасында отыз жылдан астам тарихы бар мызғымайтын ынтымақтастыққа айналып отыр. Осы тарихтың бастауын Мұхтар Әуезовтің бірінші болып жазып кеткені де бекер емес болар», деп атап өтті.
Жазушының «Америка әсерлерін» ағылшын тіліне аударған Деннис Киннің еңбегі көп. Оның айтуынша, ол Әуезовтің Америкаға сапары туралы америкалық газет беттеріндегі мақалаларға көптен бері назар аударып келген. «Сапарынан оралғаннан кейін Әуезов көпшілікке беймәлім «Америка әсерлері» деген жолжазбаларын жазады. Әуезовтің бұл очеркі орыс тіліне де, әлемнің басқа тілдеріне де аударылмай қалады. Мен Әуезов орталығының басшысы Диар Асқарұлы Қонаевпен кездесіп, бұл туындының тарихи маңызы туралы сөйлесіп, ағылшын тіліне аударсақ тамаша болар еді деп келістік. Бағымызға орай, АҚШ консулдығы бұл идеямызды қолдап, Әуезов кітабының арнайы шығарылымын бүгін көпшілік назарына ұсынып отырмыз», дейді аудармашы Д.Кин.
Кітаптың тұсаукесеріне Әуезов мұражай-үйі мен Әуезов орталығын басқаратын Диар Асқарұлы Қонаев та қатысты. Ол мұражайда Мұхтар Әуезовтің Ұлы Каньонда түскен суреті әлі де ілулі тұрғанын сөз етті. «Әуезов үшін Америкаға сапарының орны бөлек болатын. Өкінішке қарай, жазушы сол сапарынан алған әсерлерін аяқтап үлгермей, өмірден өтті», деді Д.Асқарұлы.
Айталық, «Америка әсерлерінің» қазақ және ағылшын тіліндегі алғашқы тиражы әзірге сатылымға түскен жоқ. Бірақ жазушының 125 жылдық мерейтойына орай Kitap.kz мобильді қосымшасынан қыркүйек айының аяғына дейін тегін оқуға болады. Сондай-ақ Әуезов мұражай-үйінің келушілеріне тегін таратылады деп жоспарланып отыр.