Магистралдық газ құбырлары арқылы ел аумағында газ тасымалдауды жүзеге асыратын «Интергаз Орталық Азия» АҚ – республикадағы іргелі құрылымдардың бірі. «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы саналатын кәсіпорында өндірістік қауіпсіздік, еңбек жағдайларын жақсарту, жұмыскерлер денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау талаптары алдыңғы орында тұр.
Биылғы жылды «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қауіпсіз еңбек – 2022» бастамасы аясында өткізуде. Атаулы жыл шеңберінде өткізілетін іс-шаралар акционерлік қоғамда еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға айрықша басымдық берілгенін айғақтап тұр. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына бейжай қарамай, өндірістік жарақаттанудың және кәсіби аурулардың алдын алу бағытындағы көрсеткіштерді жоғарылататын «Қауіпсіз еңбек – 2022» іс-шарасын қолға алған компания басшылығының бастамасы жан-жақты қолдау тауып отыр.
Осы жылдың 24 тамызында «Интергаз Орталық Азия» АҚ пайдаланатын «Қараөзек» компрессорлық стансасының базасында қауіпсіз еңбек жылы аясында шұғыл медициналық көмек көрсету және болжамды зардап шегушілерді шұғыл эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу сабағы өтті. Газ құбырындағы апаттық жағдайды оқшаулау және жою әдістерін көрсететін оқу-жаттығу сабағына «Интергаз Орталық Азия» АҚ Қызылорда филиалының өндірістік блогы, жедел медициналық көмек көрсету мамандары, «Ақберен» авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері, «Жәрдем өндірістік медицина» ЖШС мен объектіні күзететін мердігерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.
Оқу-жаттығу сабақтарының сценарийі бойынша компрессорлық стансада өрт болып, шығу шлейфі жарылды. Рация арқылы түскен хабарламаларға сәйкес жаттығуға қатысқандар крандарды ауыстыра отырып, жұмыс істеп тұрған газ айдау агрегаттарын автоматты түрде тоқтатуға кірісті. Апатты жоюға газ айдау стансасының басшысы жетекшілік етті. Мамандар оқыстан болған оқиғада абыржымай, компрессорлық стансадағыларды эвакуациялауды, өртті оқшаулау мен жоюды қолға алды.
Ауысым инженері өрт сөндіру және құтқару қызметтерінің мамандары жеткенін хабарлады. Өрт сөндірушілер санаулы секунд ішінде шлангты су гидранттарына жалғап, жалынның жолын кесуге асықты. Көп ұзамай желілік құбыр жүргізушісінен апатты жағдайдағы алғашқы міндет ойдағыдай орындалғаны жөнінде хабарлама келіп түсті.
Осы сәт рация арқылы екі адамның зардап шеккені жайлы хабарланды. Оның бірі қолы мен аяғы сынып, көп қан жоғалтса, екіншісінің жүрек соғуы нашарлап, есінен танған. Медициналық қызметкерлер бригадасы жедел түрде барлық қажетті реанимациялық шараны қолға алып, алдымен қанды тоқтатты. Екінші топ жүрек соғысы тоқтаған жұмысшының есін жиғызу әрекетіне кірісті.
Дер кезінде көрсетілген алғашқы дәрігерлік көмектің нәтижесінде зардап шеккендер аман қалып, шақыру бойынша келген «Жедел жәрдем» көлігіне жеткізілді. Сәлден соң өрт сөндіру командасының қарауыл басшысы ауысым инженеріне жалынның толық ауыздықталғанын мәлімдеді.
Оқу-жаттығу сабағы аясында жасалған жұмыстарды «QazaqGaz» ҰК» АҚ және оның еншілес компанияларының басшылары бақылады.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ техникалық директоры Әуезхан Уромбаевтың айтуынша, оқу-жаттығу сабақтарының негізгі мақсаты – барлық жұмылдырылған топтың дайындығын, олардың апаттарды оқшаулау мен жоюдағы өзара іс-қимылын бағалау. Ол жаттығуға қатысқан барлық қызмет маманы берілген тапсырмаларды кәсіби деңгейде атқарғанын атап өтті.
– Компания жариялаған «Қауіпсіз еңбек – 2022» іс-шарасы аясындағы бүгінгі жаттығуда барлық құрылым өкілінің бірлескен қимылының арқасында апаттың ауыздықталғанына куә болдық. Мердігер компаниялар өкілдерімен қатар, «Интергаз Орталық Азия» АҚ мамандары да қойылған міндеттерді орындауда, теориялық білімді тәжірибеде қолдануда нақты әрі үйлесімді әрекет етті. Мұндай жаттығулардың біз үшін маңызы зор. Осылайша, сан мәрте пысықталып, дағдыға айналған іс-әрекеттер компанияға тұрғындарға табиғи газды үздіксіз және қауіпсіз тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Әуезхан Уромбаев.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ үшін қауіпсіздік мәселесі өте маңызды.
Компанияның Шымкент қаласындағы Оқу-курстық комбинатында мамандар арнайы оқытылады. Олардың кез келген жағдайда апаттың жолын кесетін техникалары да сай. Компания басшылығы шеберлікті шыңдайтын осындай жаттығулардың нәтижесінде соңғы жылдары апатты жағдайлар тіркелмегенін айтып отыр.
Жаттығу өткен «Қараөзек» компрессорлы стансасында газ қысымын көтеретін 3 агрегат, электр стансасы бар. Олардың жұмысын үйлестіріп, апаттың алдын алу, оқыс оқиға бола қалған жағдайда жолын кесу мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты. «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қызылорда» МГҚБ «Қараөзек» КС бастығы Кеңес Ембергенов жаттығуда кәсіби мамандармен қатар, арнайы дайындықтан өткен компания өкілдері де үздік көрсеткішке қол жеткізгенін айтты.
– Компрессорлық станса тоқтаусыз жұмыс істеуі керек. Мұндағы жұмыс вахталық әдіске негізделген. Жазғы күндері мұндағы 3 қондырғының біреуі жұмыс істеп, қалғандары резервте тұрады. Бүгінгі жаттығу сценарийі бойынша қысым көтеретін тұстан өрт шығып, оны тоқтатуға түрлі қызмет мамандары жұмылдырылды. Бұл ретте өзіміздің парамедиктер қызметін ерекше атап өткен жөн. Өз мамандарымыздың осындай оқыс оқиғаларға дайындығын бағалауға арналған жаттығу нәтижесі көңілімізден шықты, – деді станса бастығы.
Жаттығу аясында алғашқы тапсырманы мүлтіксіз орындаған мамандар екінші тапсырмаға сәйкес болжамды апат салдарын жоюға кірісіп кетті. Жарты күнге созылған іс-шара нәтижесінде оған қатысқан барлық қызмет өкілінің жұмысы жоғары бағаланды.
ҚЫЗЫЛОРДА