• RUB:
    5.05
  • USD:
    491.71
  • EUR:
    529.97
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Тамыз, 2022

UMAI ұлттық сыйлығына өтінім қабылдау басталды

423 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев UMAI ұлттық сыйлығына қатысуға өтінім қабылдаудың басталғаны жөнінде хабарлады. Жүлде қорының мөлшері 54 млн теңгені құрайды, барлығы 4 бағыт бойынша 19 номинация қарастырылған, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр жағымды жаңалықпен Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесуінде бөлісті.

«Ұлытаудың қазақ халқы үшін ерекше қастерлі мәні бар. Бұл - ұлт бесігі, біздің көпғасырлық тарихымыздың көптеген тарихи маңызды оқиғаларының куәсі. Ұлытаудың маңызды оқиғалар мен жетістіктердің орталығына айналғаны қуантады. Сондықтан дәл осы жерде өнер ордасы, ұлт ұясы Ұлытау төрінде, UMAI ұлттық сыйлығының басталғаны туралы хабарлағым келеді», деді Дәурен Абаев өз сөзінде.

Сыйлық Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен жекелеген орындаушыларына келесі номинациялар бойынша беріледі: театр өнері; музыкалық-орындаушылық өнер; хореография өнері; бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер.

«Театр өнері» бағыты бойынша «Опера өнері» - «Операдағы ерлер партиясын үздік орындау» және «Операдағы әйелдер партиясын үздік орындау» сыйлығының жеңімпаздары 2 млн теңгеден алады. «Актерлік шеберлік» - 2 млн теңгеден 2 сыйлық – «Үздік ер адам рөлі» және «Үздік әйел адам рөлі». Сондай-ақ «Үздік режиссура» және «Спектакльдің үздік көркем безендірілуі» номинацияларының жеңімпазы 2 млн теңге алады. Сонымен қатар «Үздік музыкалық-драмалық спектакль» номинациясы бойынша жеңімпаз 10 млн теңге алады.

«Музыкалық-орындаушылық өнер» - 2 млн теңгеден 3 ақшалай сыйлық – «Үздік дәстүрлі орындаушы» (ән айту), «Үздік дәстүрлі орындаушы» (инструменталист), «Үздік музыкалық ансамбль» (классикалық/халықтық).

«Хореографиялық өнер» - 5 ақшалай сыйлық. «Үздік би ұжымы»  «Балеттегі үздік орындаушы» (2 сыйлық) және «Үздік хореограф» 2 млн теңгеден, ал «Үздік балет спектаклі» 10 млн теңге алады.

«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер». Жеңімпаздар «Сәндік-қолданбалы өнердің үздік туындысы», «Кескіндемешінің үздік жұмысы/графика», «Заманауи өнердегі үздік жоба» номинациялары бойынша марапатталады.

Айта кетсек, «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы сыйлық тағайындалады. Жүлде 2 млн теңгені құрайды.

Конкурстық іріктеуді жүргізу және сыйлық лауреаттарын айқындау үшін төрт номинацияның әрқайсысында 3 тәуелсіз сарапшы және 12 адамнан тұратын сараптама комиссиясы жұмыс істейді. Өтінімдер 2022 жылдың 9 желтоқсанына дейін қабылданады.