Алдағы 5-11 қыркүйек аралығында Astana Opera халықаралық опера академиясының тыңдаушылары Дінмұхамед Көшкінбаев пен Гүлдана Алдадосова Венгрияда өтетін Ева Мартонның V халықаралық вокалистер байқауына қатысады. Олар әлемнің 29 елінен келген 70-ке жуық жас опера орындаушыларымен бірге сынға түседі.
Astana Opera халықаралық опера академиясының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев өз сөзінде өнер жолын енді бастаған опера әншілері үшін осындай байқауларға қатысу олардың вокалдық қабілетін ғана емес, табиғи талантын көрсетуге үлкен мүмкіндік екенін айтады.
Айта кетейік, Ева Мартонның халықаралық байқауы Венгрияның жетекші жоғары оқу орны – Ференц Листтің музыка академиясы негізінде өткізіледі. Оның іргетасын опера дивасы Ева Мартон қалаған.
Біздің елімізден байқауға қатысатын Дінмұхамед Көшкінбаев әйгілі әнші Бибігүл Төлегенованың Х халықаралық вокалистер байқауының лауреаты.
– Бұл байқауға қатысу – менің арманым. Соған жету үшін біраз еңбектеніп, үш ай дайындалдым. Әсіресе дайындық кезінде бізге «Астана Опера» концертмейстері Зәру Жазықбаева көп көмектесті. Байқауға бұрын сахнада орындаған шығармаларымен бірге Ф.Листтің Lasst mich ruhen романсын алып шығамын. Бір қарағанда бұл туынды қарапайым көрінгенімен өте күрделі, – десе, екінші қатысушы Гүлдана Алдадосова: – Жалпы алғанда, біз байқауға 8 туынды дайындап отырмыз, олар дауыстың техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, оның ауқымын, шыдамдылығын, сипатын көрсету үшін таңдап алынды. Бірінші кезеңде барлық қатысушыға Ф.Листтің шығармасын орындау міндетті саналған. Ал өзім байқауға Г.Ф.Гендельдің операсынан Альцинаның ариясын, В.Беллинидің «Капулетти мен Монтекки» операсынан Джульеттаның ариясын, В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсынан Донна Аннаның ариясын және Н.Римский-Корсаковтың «Алтын әтеш» операсынан Шемахан патшайымының әнін орындаймын, – деді ол.
Әлемнің жас опера әншілері бақ сынайтын дүбірлі доданың соңғы кезеңі 10 қыркүйекте Венгрия мемлекеттік опера оркестрінің қатысуымен өтеді.