• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 26 Тамыз, 2022

Алтын белбеу елде қалды

261 рет
көрсетілді

Алматыда аралас жекпе-жектен Naiza Fighting Championship 42 турнирі өтті. Аталған жарыстың басты бәсекесінде қазақстандық Әліби Ыдырыс өз атағын сақтап қалу үшін бразилиялық Флавио Сантоспен сайысқа түсті.

Дәл осы промоушнде аса же­ңіл салмақта өнер көрсетіп жүр­ген Әліби жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жет­ті. Бұған дейін ол Медет Жұ­ма­мұрат, Ислам Айбатов, Теймур Жапаров, Арген Мәліков және Аслан Өтеғалиевті ұтып, алтын белбеуді иеленді. Одан кейін чешенстандық Жохар Эскиевті есінен тандырып, чемпиондық атағын сақтап қалды. Міне, енді қандасымыз Бразилиядан келген сақа спортшыны сан соқтырып, өзінің мықтылығын тағы бір мо­йын­датты.

Naiza ұйымының басшысы Нұрбек Қарабаланың сөзіне сенсек, UFC менеджерлерінің Әліби Ыдырысқа біраз уақыттан бері көздері түсіп жүрген көрінеді. «Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр», дейді ол. Егер осы әңгіме рас болса, онда әлемдегі ең белді промоушннің қатары тағы бір қазақ жігітімен толығады.

Алматыда өткен жарыста тағы бірнеше спортшымыз өздерінің өрелі өнерімен жергілікті жан­күйерді қуантты. Атап айтсақ, Бағдат Жұбаныш қырғызстандық Сұлтанбек Орозмаматұлын «қыл­қындырып» тастады. Жұман Жұ­мабеков Нұрбек Отарды «сабмишн» әдісімен жеңді. Нұрбек Қабдырахманов әзербайжандық Хазар Рустамовқа дәл осындай тәсіл қолданды. Айбек Бекбо­латов пен Олжас Жақыпбекұлы ара­сындағы бәсекеде техникалық нокаут тіркелді. Жеңіс Айбектің уысында кетті. Ал Әкімжан Ха­шимов өзбекстандық Фируз Яку­бовты ұпай санымен ұтты.

Сондай-ақ UFC-де өнер көр­сетіп жүрген қос жерлесіміздің қарсыласы анықталды. Былтыр Ислам дінін қабылдап, намазға жығылған ақтөбелік Сергей Морозов 17 желтоқсанда амери­калық Джорни Ньюсонмен күш сынасады. «Мороздың» жерлесі Жалғас Жұмағұлов 19 қарашада АҚШ-тың тағы бір өкілі Чарльз Джонсонмен жекпе-жекке шы­ғады. Аса жеңіл салмақтағы спортшыларымыздың UFC-де ала-құла өнер көрсетіп жүр­ген­дері баршаға мәлім. Олар бірде ұтса, енді бірде ұтылып жүр. Сол себепті де дәл осы жекпе-жектерде екеуіне де жеңіс ауадай қажет.