• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Тамыз, 2022

Лопес қарқынын күшейтті

175 рет
көрсетілді

Бұл күндері велоспорттан Испанияда өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндігінің алтыншы кезеңінде Мигель Анхель Лопес мәре сызығын 16-шы болып қиып өтті.

«Астананың» намысын қорғап жүрген колумбиялық легионер жоғарыдағы көр­сеткішінің арқасында бірден 15 сатыға жо­ғарылап, қазіргі кезде 17-орынды иеленуде. Испанияның солтүстігіндегі Ирун қаласы мен Пико Яно таулы аймағын жалғастырып жатқан 181,2 шақырымдық қашықтықта бельгиялық Alpecin-Deceuninck клубы сапында өнер көрсететін 26 жастағы Аустра­лияның велоша­бандозы Джей Вайна шашасына шаң жұқтырмады. Оның көрсеткіші – 4 сағат 38 минут. Жеңімпаздан небәрі 15 секунд қалып қойған Бельгияның беткеұстары Ремко Эвенепул (Quick-Step) екінші орынды иеленсе, испаниялық Энрик Мас (Movistar) үшінші сатыға табан тіреді.

Ал жалпы есепте Ремко Эвенепул бірінші орынға көтерілді. Оның уақыты – 20 сағат 50 минут 07 секунд. Өткен кезеңде көш бастаған франциялық Руди Молар (Groupama – FDJ) екінші сатыға сырғып түсті. Үздік үштікті Энрик Мас түйіндеуде.