• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 27 Тамыз, 2022

Талапты оқушы – табысты түлек

567 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, Назарбаев уни­вер­сите­тінің студенті Арман Бол­атов Болгарияда өткен 29-шы ха­лық­аралық математика бай­қауында алтын медаль жеңіп алды. Бұл білім бәйгесі қатысу­шы­ларының саны бойынша ең ірі олим­пиада бо­лып есептеледі.

Екі күндік жарыс барысында білімпаз өте жақсы нәтиже көрсеткен. «Арман – ерекше математик», дейді студенттерді IMC олимпиадасына дайындаған НУ Жа­ратылыстану әлеуметтік және гума­ни­тарлық ғылымдар мектебінің (NU SSH) ассистент-профессоры Пиотр Скрипач.

Бүгінде жас талапкер «Информатика» мамандығының үшінші курс студенті. Бұл, жалпы, университет үшін екінші алтын медаль болса, Арман үшін алғашқы жеңіс.

«Мен математикадағы теорияны өте жақсы көремін. Математиканы шама­мен қолданбалы және таза деп екі  бө­лікке бөлуге болады. Қолданбалы – бұл адамзатқа практикалық пайда әкеледі. Мысалы, Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтында (ISSAI) күнделікті мәселелерді шешуде математика қолданылады. Қалғаны таза математика», дейді А.Болатов.

Ол аталған университетте Өнеркә­сіптік және қолданбалы математика қоғамы (SIAM) клубының мүшесі және ғалымдар машиналық оқыту әдістерін қолданатын ISSAI-да ғылыми көмекші болып жұмыс істейді. Қазір Орталық Азия тағамдарының деректер жинағын топтауға және кескіндерді жіктеу үлгі­лерін дайындауға көмектесуде.

Арманның айтуынша, жаңа тақы­рыптарды зерделеу кезінде іс-қимыл алгоритмін механикалық түрде жаттап қана қоймай, материалдың мәні мен тұжырымдамасын түсінуге тырысу керек. Ең ізденімпаз балалар қосымша ақпа­рат көздеріне жүгінеді. Мысалы, Beyond Curriculum қоғамдық қорының «Сұрау» форумы (ask.bc-pf.org). Бұл жерде мектеп оқушылары бір-біріне көмектеседі.

Айтпақшы, Beyond Curriculum қо­ғамдық қордың негізін қалаушы да Талдықорған қаласындағы NIS-тың 2017 жылғы түлегі Антон Моргунов екенін атап өткен жөн.

 

Жетісу облысы