Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, Назарбаев университетінің студенті Арман Болатов Болгарияда өткен 29-шы халықаралық математика байқауында алтын медаль жеңіп алды. Бұл білім бәйгесі қатысушыларының саны бойынша ең ірі олимпиада болып есептеледі.
Екі күндік жарыс барысында білімпаз өте жақсы нәтиже көрсеткен. «Арман – ерекше математик», дейді студенттерді IMC олимпиадасына дайындаған НУ Жаратылыстану әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің (NU SSH) ассистент-профессоры Пиотр Скрипач.
Бүгінде жас талапкер «Информатика» мамандығының үшінші курс студенті. Бұл, жалпы, университет үшін екінші алтын медаль болса, Арман үшін алғашқы жеңіс.
«Мен математикадағы теорияны өте жақсы көремін. Математиканы шамамен қолданбалы және таза деп екі бөлікке бөлуге болады. Қолданбалы – бұл адамзатқа практикалық пайда әкеледі. Мысалы, Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтында (ISSAI) күнделікті мәселелерді шешуде математика қолданылады. Қалғаны таза математика», дейді А.Болатов.
Ол аталған университетте Өнеркәсіптік және қолданбалы математика қоғамы (SIAM) клубының мүшесі және ғалымдар машиналық оқыту әдістерін қолданатын ISSAI-да ғылыми көмекші болып жұмыс істейді. Қазір Орталық Азия тағамдарының деректер жинағын топтауға және кескіндерді жіктеу үлгілерін дайындауға көмектесуде.
Арманның айтуынша, жаңа тақырыптарды зерделеу кезінде іс-қимыл алгоритмін механикалық түрде жаттап қана қоймай, материалдың мәні мен тұжырымдамасын түсінуге тырысу керек. Ең ізденімпаз балалар қосымша ақпарат көздеріне жүгінеді. Мысалы, Beyond Curriculum қоғамдық қорының «Сұрау» форумы (ask.bc-pf.org). Бұл жерде мектеп оқушылары бір-біріне көмектеседі.
Айтпақшы, Beyond Curriculum қоғамдық қордың негізін қалаушы да Талдықорған қаласындағы NIS-тың 2017 жылғы түлегі Антон Моргунов екенін атап өткен жөн.
Жетісу облысы