Бұл күндері Нью-Йоркте өтіп жатқан АҚШ-тың ашық біріншілігінің іріктеу сайыстарында Қазақстанның теннисшілері сәтсіз өнер көрсетті. Сөйтіп, негізгі жарыста үш жерлесіміз ғана бақ сынайтын болды.
Ерлер арасындағы еліміздің екінші ракеткасы Михаил Кукушкин ширек финалда аргентиналық Николас Кикерді 6:3, 6:7, 4:0 есебімен ұтты. Үшінші сетте қарсыласы кездесуді жалғастырудан бас тартты. Жартылай финалда ол испаниялық Фернандо Вердаскомен күш сынасты. 38 жастағы Пиреней түбегінің өкілі Аустралияның ашық біріншілігінде үздік төрттікке еніп, АТР турнирлерін жеті рет ұтқан. US open мен Ролан Гарростың ширек финалында ойнап, әлемнің жетінші ракеткасы атанған. Бірақ Вердаскода қазір ондай қарқын жоқ. Бұл күндері ол АТР рейтингінде небәрі 122-орынды қанағат тұтуда. Бірақ Фернандоның «сыры кетсе де, сыны кетпеген» екен. Бұл бәсеке 7:6, 6:3 есебімен испаниялық теннисшінің пайдасына шешілді.
Тұсаукесер кездесуінде италиялық Андреа Пеллегринодан 4:6, 7:5, 6:2 есебімен басым түскен Дмитрий Попко екінші кезеңде Норберт Гомбошпен шеберлік байқасты. Словакияның өкілі үздіктер тізімінде 114-орынды иеленуде. Екі ойыншы 2 сағат 16 минут бойы айқасты. Нәтижесінде, 6:4, 4:6, 6:2 есебімен Гамбош келесі айналымға өтті.
АҚШ-тың ашық біріншілігінің негізгі бәсекелері 29 тамызда басталады. Ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик АТР рейтингінде 71-орында тұрған франциялық Юго Гастонмен күш сынасады. Әйелдер арасындағы үздігіміз, Уимблдон-2022 турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакинаның қарсыласы әлі анықталған жоқ. Отандасымыз іріктеу сынында жеңімпаз атанған теннисшімен кездеседі. Ал оның кім болатыны әзірге белгісіз. Юлия Путинцева әлемнің 24-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимовамен ойнайды.