Әлем үнемі өзгеріп отырады. Өмірдің түрлі салаларына еніп жатқан заманауи технологиялардың қарқынды дамуы телевизия саласын да біржола жаулап алды.
Қазақстанда аналогты телехабар таратудың цифрға көшірілуі 2018 жылы басталды және шынымен де кең ауқымға ие болды. Цифрлық хабар тарату дәуіріне бірнеше облыс қадам басып, тұрғындарды қамту деңгейі 92%-дан асты. Елде аналогты хабар тарату 2025 жылы тоқтатылады деп болжанып отыр.
Бүгінде халықтың көпшілігі теледидар көреді. Бұл – ақпарат таратудың маңызды құралы және әрбір азаматтың конституциялық құқығы болып саналады. Цифрлық хабар тарату – ақпараттар ағыны мен қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтерудегі жаңа сапалы қадам. Цифрландыруға көшу қоғам мен қазіргі заманғы технологиялардың даму динамикасын көрсететін ең маңызды техникалық, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси мәселе десек, артық айтқандық емес.
«Цифрлық» телевизияның ерекшелігі неде? Цифрлық хабар тарату – сигнал беру жылдамдығы жоғары жаңа буын телевизиясы. Ол көптеген мүмкіндіктер мен қызметтерді ұсынады: көп арналар, сурет пен дыбыстың үздік сапасы, электрондық пошта, мультимедиялық қосымшалар, радио, батырманы бір басу арқылы экранға шығатын электрондық хабарлар бағдарламасы, субтитр тілін таңдау және басқа да көптеген жаңашылдықтар. Цифрлық сигнал кедергіге төзімді және көрермендерге, тіпті ең алыс елді мекендерге өзінің бастапқы түрінде, бөтен шу мен бұрмаланусыз жетеді.
ЦЭТВ-ға көшу телевизиядағы жаңа бағытқа жол ашты. Ол іс жүзінде кейінгі ұрпақтың ұялы байланысымен тығыз байланысты, телевизия бағдарламаларын бөлме ішінде де, жүріп бара жатқан көлік ішінде де, мобильді құрылғыларға да қабылдауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ цифрландыру шағын елді мекендердің тұрғындарына да аналогты пішімдегі 2-3 телеарнаның орнына, цифрлық 15 телеарнаны қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, оларды таратуға кететін электр энергиясының шығынын едәуір азайтады.
Қазақстандықтар отандық телеарналарды цифрлық сапада және ай сайынғы төлемсіз көре алады. Олардың саны облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 30-ға жуық, ал өңірлердің елді мекендерінде 15-тен кем емес. Телеарналар екі тілде – орыс және қазақ тілдерінде ұсынылады.
2025 жылға қарай цифрлық эфирлік телевизиямен Қазақстан Республикасы халқының кем дегенде 98%-ын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сіз тұратын елді мекенде цифрлық сигналдың бар-жоқтығы туралы сұрақтармен сall-орталыққа қалалық телефоннан 193 және ұялы телефоннан 8 8000 800 193 нөмірлері арқылы хабарласа аласыз – қоңырау шалу тегін.