Былтыр халықты көмірмен қамтуда көп мәселе туындаған еді. Қара жердің қойнауындағы қатты отынның қоры жеткілікті болса да, қалың бұқара отындық көмірге қол жеткізе алмай қиналғаны есімізде. Биыл мұндай жағдай қайталануы мүмкін бе? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.
Былтырғы «былық»
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың сөзіне сүйенсек, ведомство осы жылы былтырғыдай келеңсіздікті болдырмас үшін ерте қимылдап жатқан көрінеді. Сондықтан министрлік көмірмен қамту үдерісінің қалай жүргізілетінін халыққа ерте бастан жеткізіп, түсіндіруді қолға алған. Комитет төрағасының айтуынша, 2022-2023 жылғы жылу беру маусымын ұйымдастыру, коммуналды-тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен алдын ала қамтамасыз ету іс-шаралары наурыз айында басталған.
Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халыққа қажетті көмірдің негізгі өндірушілері үшеу – Қарағанды өңіріндегі «Шұбаркөл көмір», Абай облысындағы «Қаражыра» және Павлодар аумағындағы «Майкөбен-Вест» компаниялары. Министрліктің дерегінше, осы жылдың 7 айында халық пен бюджеттік ұйымдар үшін кеніштерден 4,5 млн тонна көмір тиелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Жылдың соңына дейін жоспар бойынша 5,1 млн тонна тиелуі қажет.
– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы салқын ерте түсті де, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы көмір сататын нүктелерде ұзын сонар кезек пайда болды. Бұл өз кезегінде халық арасында дүрбелең тудырды. Өңірлерде халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі мүдделі тараптардың қатысуымен күнделікті жедел кеңестер өткізу арқылы шешілген еді. Бұған биыл жол бере алмайтынымыз анық. Былтырғыдай әрбір вагонды қадағалап, кеңес өткізуге құлықты емеспіз. Халық салқын түспей тұрып көмірмен қамтылуы қажет, – дейді Ілияс Оспанов.
Осы орайда комитет төрағасы былтырғы көмір дауын туындатқан негізгі себептерді атап көрсетті. Оның пікіріне қарағанда, біріншіден, өңірлерде қажетті қор уақтылы сатып алынбаған әрі дұрыс қалыптаспаған. Екіншіден, сұраныстың артуына байланысты салқын түскен кезде көмір тасымалдауға арналған ашық вагондарға деген жетіспеушілік туындаған. Үшіншіден, кеніштер халықты көмірмен қамтуға басымдық бермеген. Өйткені олардың өз міндеттемелері бар. Алдымен сол міндеттемелерді уақтылы орындауға күш салған.
Қысқасы, биыл өткен жылғы қателікті қайталамау маңызды.
Биылғы бағыт
Жоғарыда, алдағы жылыту маусымына дайындық осы жылдың наурызында басталғанын айттық. Министрлік тиісті Жол картасын әзірлеген. Құжат әкімдіктердің бюджеттік ұйымдар мен халық үшін көмірді алдын ала дайындауын көздейді.
– Жол картасын облыстар мен республикалық қалалардың әкімдіктеріне екі рет жолдадық. Олар ұсынған деректер негізінде 2022-2023 жылдарға арналған қажетті көлемнің жоспары қалыптастырылды. Осы жоспарға сәйкес биылғы жылыту маусымында тұтыну көлемі шамамен 9,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық бағытқа 2,6 млн тонна, халыққа 7 млн тонна көмір керек. Жоспарды көмір өндіруші кәсіпорындар мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына да жолдадық. Әкімдік осы жоспардан ауытқымауы керек. Әйтпесе былтырғыдай тағы да мәселе туындайды. Өкінішке қарай, қазірдің өзінде оңтүстік өңірлердің жоспардан қалып келе жатқаны анықталды. Біз бұл мәселені жедел реттеуге тырысамыз, – дейді І.Оспанов.
Былтыр Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарында көмір жеткізуге қатысты күрделі мәселелер орын алғаны есімізде. Ал соңғы деректерге сүйенсек, қазір Жамбыл (12,7 пайыз), Алматы (17 пайыз), Қызылорда (20,7 пайыз) облыстары мен Нұр-Сұлтан (5,4 пайыз), Алматы (11 пайыз) қалаларының жоспарды орындау көрсеткіштері төмен. Ал мамыр айынан бері Қарағанды (51,3 пайыз), Жетісу (96 пайыз), Ұлытау облыстары үш айлық көмір қорымен қамтамасыз етілген.
– Жергілікті атқарушы органдар салқын түскенін күтпей-ақ қазірден бастап көмірмен барынша қамту мәселесіне мән беруі керек. Тиісінше, халықпен жұмыс жүргізуі қажет. Өйткені салқын түскен соң, көмірге деген сұраныс артады. Демек баға да өседі. Жоспарлаудағы негізгі мәселелер жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректерге қатысты. Олардың мәліметтері кеніштер және «Қазақстан темір жолы» ұсынған деректермен сәйкеспейді. Мұны былтыр аңғардық. Сондықтан биыл барлық көзден алынған мәліметтерді салыстыра отырып, қайта тексереміз, – дейді комитет төрағасы.
І.Оспановтың айтуынша, көмірге деген ең жоғары сұраныс шамамен отыз күнді құрайды екен.
– Алдымен өңірлер қанша көмір қажеттігі туралы өтінім қалыптастырып, ұсынады. Аталған өтінім кеніштерге келіп түседі. Олар ондағы көлемді әр айдың 15-іне дейін әзірлейді. Әрі қарай оны көлік ұйымына жолдайды. Көлік ұйымы өтінімді бірнеше күн қарастырып, мақұлдайды. Бұдан кейін көмірді тиеу және тасымалдау басталады. Сондықтан көмірге деген ең жоғары сұраныс түсетін отыз күннің көлемін тұтас кезеңге бөліп тастау керек. Соның нәтижесінде біз қазір жоспарды 10 пайызға артығымен орындап келеміз. Қысқасы, халықты көмірді суық түспей тұрып сатып алуға шақырамыз, – дейді Индустриялық даму комитетінің төрағасы.
Шекарадағы шикілік
Былтыр көмірмен қамтамасыз ету бағытында бетпе-бет келген тағы бір мәселе бар. Ол – жылыту маусымында көмірді республикадан тыс жерлерге кедергісіз шығару фактілерінің анықталуы. Мәселен, Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, былтыр «Айша бибі», «Сыпатай батыр» және «Қарасу» кеден бекеттері арқылы Қырғызстан бағытында халыққа арналған 123 мың тоннаға жуық көмір экспортталған. Бұл жағдай Ұлттық статистика бюросының және «Қазақстан темір жолының» деректерімен де расталып отыр. Өкінішке қарай, көмірді республикадан заңсыз шығару әлі де жалғасуда.
– Меркі ауданы тұрғындарының ақпаратына сенсек, көмір тұйықтарында тіркемелері бар, қырғыз нөмірлі 50-ге жуық автокөлік дайын тұр. Өкінішке қарай, тәулік сайын халыққа тиесілі 2,5 мың тоннаға жуық көмір шекарадан шығарылады екен, – деді І.Оспанов.
Шамалған және Шілбастау стансаларында да дәл осындай схема бойынша Қырғызстанға көмір экспортталады. Өкініштісі, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері олармен күресуде белсенді емес. Олар проблеманың барын біледі. Бірақ «Мұндай масқараны тоқтатудың тетігі жоқ» деп қол қусырып отыр.
– Сондықтан Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Түркістан, Қостанай облыстары тұрғындарының өтініштері негізінде жылу беру кезеңінде көмір әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы мәселе ведомствоаралық комиссияның отырысына шығарылды. Онда бұл бастама мақұлданды. Қазір бұйрық жобасы мемлекеттік органдарда келісіліп жатыр, – деді ол.
Ведомствоның деректеріне сүйенсек, көрші елдерге көмір экспорты артқан. Атап айтқанда Қырғыз Республикасы бағытындағы экспорт көлемі 19 пайызға, Өзбекстан Республикасы бағытындағы көрсеткіш 30 пайызға өскен. 2021 жылы Қырғыз Республикасына қазақстандық көмірдің экспорты 1 млн 143 мың тоннаны құрады. Оның ішінде «Қазақстан темір жолының» мәліметінше, темір жол көлігімен 1 млн 20 мың тонна шығарылған. Ал автомобиль көлігімен 123 мың тонна (2 050 вагон) отандық көмір шекара асып өткен.