Татарстан Республикасының (Ресей Федерациясы) астанасы Қазан қаласында Жаһандық жастар саммиті басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Форум «Қазан – ИЫҰ жастар астанасы» халықаралық бағдарламасы аясында өтіп жатыр.
Оның қатысушылары арасында Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше 20-дан астам елдің жастар және спорт министрлері бар.
Форумды Татарстанның Жастар істері министрлігі, Жастар дипломатиясы академиясы және Татарстан Республикасының «Селет» республикалық жастар қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған.
Форум аясында жастар көші-қоны, мәдениетаралық диалог, әлеуметтік лифттер, жастар кәсіпкерлігі және басқа да өзекті тақырыптарды талқылау жоспарлануда.
Саммиттің ашылуында Татарстан Премьер-министрінің орынбасары Лейла Фазлеева сөз сөйледі.
Саммитке Ирак, Ресей, Палестина, Нигер, Пәкістан, Камерун, Ливия, Индонезия, Уганда елдерінің өкілдері, сондай-ақ Әзербайжан, Иран, Мадагаскар, Қазақстан және Сьерра-Леоне министрлерінің орынбасарлары бар барлығы 300-ге жуық адам қатысуда.
Айта кетейік, Қазандағы жаһандық жастар саммиті 30 тамызға дейін жалғасады.