• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Тамыз, 2022

Виртуалды батырлық бірлікке бастамайды

1058 рет
көрсетілді

Көптен бері көкейде жүрген әң­гімені Абайға жүгініп айтпағанда кімге жүгініп айтқандаймыз?! «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деген тосын ойды айтқан Абайдың кез келген сөзіне қайран қаламын. Оны ұлылық деңгейге көтеріп тұрған күмәнсіз көрегендігі мен туған халқының алауыздық қасиетінің сырын ашуға батыл ұмтылысы екені дау тудырмайды.

«Алға кеткен адамды артта қалған адам таяқпен түрткілеп жүретіні несі?» деген сұраққа батыл жауап іздеген қайран, Абай?! Ғасырдан астам уақыт бұрын Абай басқаның бағы жанған бойда көре алмайтын адамның бойын қызғаныш оты билеп кететінін қалай айтты екен? Қара басының бағы ашыл­мағанын басқалардың озып кеткенінен көретін қазақтың бойына біткен бұл жаман қасиет бізге опа бермесіне әбден көзі жеткен Абайдың да ашуға мінгенін жаныммен түсінемін. «Бас басына би болған өңкей қиқым» деген ауыр сөзді халқына қарны ашқан соң айтқан да.

Абайдан ой қалған ба?! Мына сөзінің түбіне терең бойлап қараңызшы: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Қазақтың қитұрқы қарым-қатынасындағы жатыпішерлік тізбектің толыққанды логикалық жолын қалай дәл көрсеткен?! Шынында да бізді тамырымыздан буындырып тұрған ең бірінші жауымыз жалқаулық екенін Абай тап басып айтқанын уақыт әлі күнге дейін дәлелдеп тұр.

Дәл қазір жер басып жүрген қазақтың да барлық дерті сол жалқаулықтан бала­лап жатқанын бір-бірімізден жасыр­ғаннан тіршілігіміз жақсарып кетсе, қанекей?! Жалқаулығын жасырғысы келіп тұратын қазақ қазірде де ісі алға басқан адамды талауға дайын тұра­ды. Ең аяғы, баяғы сөзге тоқтайтын қал­пымыздан да айырылып қалудың аз-ақ ал­­дында тұрмыз. Аузының дуасы бар адамға құлақ қою, үлкен адамды сыйлау деген ұлттық құндылықтарымыздан да ада бола бастадық.

Басқа басқа, әр отбасының өзінде мейірім мен сүйіспеншілік азайып барады. «Отан отбасынан басталады» десек, бұл – жақсы құбылыс емес. Күн ұзаққа сыртта жүріп, кешке ғана басы қосылатын бір үйдің адамы рухани сырласудан қалды. Әкесі бір жақта, шешесі бір жақта, балалары әр бұрышта бір-бір смартфонды шұқылап отыратын болды. Бір-бірімен шаруасы болсайшы?! Әке баласына ақылын айтуға мойны жар бермейді. Үнемі мұрнынан шаншылып жүретін шешесінің жүгермектеріне қа­рауға мұршасы жоқ. Балалар ата-ана­ның мейіріміне емес, сананы білдірт­пей улайтын айфонға ұмтылған заман туды. Осыдан 70-80 жыл бұрын Альберт Эйнштейннің айтқан сөзі дәл келгеніне қайран қаласың: «Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған кезде дүниеге жарымес ұрпақ келеді».

Қазір қазақ қоғамында инфантильді адамдар өсіп келе жатқанын жасырғаннан жарамыз жазылып кете қоймайды. Әлгі Абай айтқан жалқау адам енді алдына тіпті мақсат қоюға ерінетін күнге келіп жетті. Жастар тұрмақ, бұрын немересін тәрбиелеп, өмірден көрген-білгенін санасына құйып отыратын ата-әженің өзі сол балалардың ермегіне еріп, күндіз-түні гаджеттің жетегінде жүр. Алпыстан асып, аталы сөз айтып отыратын көшелі кісі­лердің қарасын көрмейтін болдық осы күні. Кесек турап, оқшау ой айтатын адам азайып кетті. Содан да болар, қо­ғамымызда эйджизмнің сарыны қатты байқалады. Мұның астарында ниги­лизмнің жатқаны тіпті дәлелдеуді керек етпейді. Бәрін жоққа шығару түп­тің түбінде жақсылыққа апара қоюы – екіталай.

Ұрпақтардың бір-бірін түсінбеуі – әрине, бүгін ғана пайда болған жағдаят емес. Бұл – адамзаттың алдына түсіп жортып келе жатқан мәңгілік сұрақ. Ке­лісемін, ата-ана ата-ана екенін, бала бала екенін міндет қылмайтын жағдайда нигилизмді соншалықты қауіпті деп бағалаудың қажеті жоқ шығар. Олай дейтінім, адамзат прогресі осы ұрпақтар арасындағы пікірталас арқылы жүзеге асып келеді. Дегенмен де бүгінгі қазақ қоғамындағы нигилизм бізді ұшпаққа шығаратын күйде емес екенін көз көріп отыр. Күн ұзаққа әлеуметтік желіде бір-бірін жоққа шығарудан жалықпайтын жұрт сөздің парқын білуден қалып бара жатқаны былай тұрсын, өздерін виртуалды әлемдегі қайтпас қайсар батырдай се­зінеді. Бұған аға ұрпақ та кінәлі дер едім.

Шынында да аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған, екі сөздің басын қо­сып, жастарға жөн-жосық көрсетуге жа­ра­майтын алдыңғы толқын ағаларды ақпарат ағынында еркін жүзетін жас буынның сыйламайтыны да содан болар. Қиын жағдай! Бағзы замандардан қанымызға сіңген «ата жолын қуған ұрпақ» деген қасиетті де киелі әдет-ғұр­пымыздан айырыла бастағандаймыз. Осының бәрі жинала келе ертеңгі күні­мізді бұлыңғыр ететіні – басы ашық ақиқат. Олай дейтінім, қазақты талай сын­нан аман алып келе жатқан ұрпақтар сабақ­тастығының жібі жіңішкеріп бара жатқаны шымбайға батады. Қай қоғамда да, қай заманда да үлкеннің тәжірибесі мен жастың күш-жігері тоғысқанда ғана алға жылжи аламыз. Бұл екеуі логикалық байланыста екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Ұрпақтар эстафетасы жа­сампаздыққа құрылғанда ғана біз мықты мемлекет құра аламыз. Алдыңғы толқын ағалар қатарына қосылған біздер де енді қоғамда болып жатқан барлық оқиғаға өз үнімізді қосып отырғанымыз дұрыс деп санаймын.

 «Немене, өзін пиарит етпесе отыра алмайтын адам ба, әлде тағы бір үлкен қызметтен дәмесі бар ма, үйінде тыныш жатпай ма екен?!» деген сөзді де құлағым шалатынын біле тұра, бүгін қолыма қа­лам алып отырмын. Біреу қолдар, біреу қолдамас. Әр адамның құқығын сыйлау – бойға бұрыннан біткен қасиет. Оның үстіне, мен өз өмірімде қызметтен де, мақтағаннан да кенде болған жоқпын. Дат­тағанның да небір түрін көрдім. Бір­ақ екеуіне де селт етпедім десем, өті­рік болар еді. Мен де адам баласымын. Пендемін. Мақтаса, марқайып қала­тынмын. Даттаса, қапаланғаным да рас. Алайда мақтау сөзді естігенде аспанға ұшып кеткен жоқпын. Ал даттау сөзге бола ұнжырғамды түсірген емес­пін. Өмірдің мәнін шын түсінген адам бәріне сабырмен қарау керектігін ерте ұққаныма қуанамын. Оның үстіне, әдемі бір тәмсіл бар: «Досыңнан қорық­па, көп болса, сатып кетеді. Жауың­нан қорықпа, көп болса, атып кетеді. Нем­құ­райдылықтан қорық, ол сатып та, атып та кетеді». Осының дұрыстығына кө­зім жет­кендіктен болар, томаға-тұйық­тық­тан аулақ болуды санама сіңір­ген­мін. Кө­кіректегі сындарлы сөзді адам ерік­кен­нен айтпайды, қауіп еткеннен айтады.

Осы күндері ұққан жайт: ел үшін өмір бойы тыным таппаған адам өмірінің соңғы күніне дейін сол халықтың қамын ойламай отыра алмайды. Қазіргі кезде өмірлік белсенді ұстанымыңның өзін дұрыс түсінгісі келмейтін ортаға ел үшін, халық үшін айтатын құдайшылық сөзіңді де өткізу – қиынның қиыны. Осы сөзімді басқа біреу қалай түсінер екен деп қипақтап отыратын халге жеттік. Бірақ артымыздан ерген ұрпаққа ке­лісті сөзімізді айтпай қалу, өзіңе жөн-жо­сықсыз айтылатын айыптаудан қорқып, үйіңде бұғып отыра беру – мемлекетке жауыздық ойлаумен бірдей.

Барлық адамға жақсы адам болып көрінуден асқан көңілдің тыныштығы бар ма екен?! Жоқ. Десек те, бұлай болуы мүмкін емес. Толық ақиқатқа жетудің қиындығы да осы сөздің тұңғиығында бұғып жатқанын байқар едіңіз. Егер сіз ең алдымен істің мүддесін ойлайтын адам болсаңыз. Егер сіз өз еліңізге шынымен жаныңыз ашитын тұлға болсаңыз. Егер сіз жұртыңыздың ертеңін ойлайтын ұлтшыл һәм мемлекетшіл қай­раткер болсаңыз. Осы сөйлемдердің зіл-батпан жүгін сіз өміріңізде сезініп көрдіңіз бе? Ал мен бұл жолдың ең қиын жол екенін 1995 жылы Қызылорда облысына әкім болып тағайындалған күннің ертесіне-ақ ұқтым. Елін сүйген адамның барлық адамға жағуы мүмкін еместігін түсіндім. Өйткені Козьма Прут­ков айтпақшы, «Никто не обнимет необъятного». Шынында да халықтың бәрін құшағыңа сыйдыра алмайсың. Құшағыңа сыйдырғандары алғыс айтады. Сыймай қалғандары қарғыс айтады. Ең қиын шаруа осы. Осының өзі-ақ сенің жаныңды жейтін сүйкімсіз сұрақ екенін жақсы білемін. Көкірегі ояу, көзі қарақты адам осы ойымның астарында қаншалықты жан азабы жатқанын түсінеді деп сенемін.

Саясат «қулық» деген мағынаны білдіретінін көп адам айтады. Мүмкін. Бірақ өз басым саясатта жүріп қулық­қа салынған емеспін. «Арым – жаным­ның садағасы» деп жүріп еңбек еттім. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргеннен бойымды аулақ ұстадым. Себебі желкемнен халық қарап тұр­ғанын үнемі сезініп отыратынмын. Басқа шаруаның бәрін былай қой­ғанда, тоқсаныншы жылдардың барлық тау­қыметін Қызылорданың, жылу мен жа­рықсыз қалған қиын кезді Шым­кент­тің, су тасқынының тотанағын Шы­­­ғыс­тың, діни экстремизмнің жан түр­­шігерлік алапатын Ақтөбенің және Қор­дай жеріндегі ұлтаралық қақтығыс қа­сіретін Әулиеатаның жұртымен бөлі­суді тағдыр маңдайыма жазды. Барлық жерде халықты бірлікке шақыра білдім. Барлық жерде халықпен ақылдасып, шаруа істедім. Барлық қиындықты ха­лықпен бірге жүріп жеңіп шықтым. Бес облысты басқарғанда да басты мақ­сатым қолымнан келгенше халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсарту болды. Ха­лықпен жақын болып, қашанда тілегін орындауға тырыстым. Сол миссиямды қаншалықты орындай алдым, оны халық өзі бағалай жатады.

Қызылорда облысына әкім болып барған алғашқы күндер әлі есімнен кет­пейді. Облыс – өзімнің туған же­рім. Аймақты жақсы білемін. Бірақ әкім­­дік қызметке алғаш кіріскен күн­дері «Не­ден бастау керек?» деген сұ­рақ көлде­неңдеп тұрып алды. Аяқ ас­ты­­нан қазақ әдебиетінің классигі Әб­ді­­жәміл Нұр­пейісов ағам келе қал­ма­сы бар ма?! Ол кісі айтты: «Бер­дібек, Арал ауданында Ақ­басты деген менің ту­­ған жерім бар, сол жердің халқына ба­­рып сұхбаттас».

Кейіннен ойлап отырсам, Әбе «бі­рінші күннен халықтың ортасында бол» дегенді меңзеген екен. Мұны ешқашан естен шығарған емеспін. «Ел іші – алтын бесік» деген қазақтың мәтелі бар. Рас сөз. Елдің ішіне кірсең, көп нәрсеге қаны­ғасың. Бір барып, екі барып, үш барып, қоя салған болмайды. Жүйелі барып тұру керек. Өйткені халық – ұлық­тың ақылын аздырмайтын, сезімін сөндірмейтін ұлы күш. Осы сөз менің ел басқ­арудағы кіршіксіз кредома айналып кетті. Шынында да кабинетте отырып, ха­лықтың мұңын жоқтау – диагнозыңды білмей, дәрі ішумен бірдей.

Өзім қандай жауапты қызметте і­стеген кезде де кез келген адаммен ашық болдым. Түлкібұлаңға салған ке­зім жоқ. Сондықтан да басқалардың да өз ойын күлбілтелемей тікесінен айтқанын қаладым. Көзіңше дұрыс әң­гіме айтып тұрып, былай шыға бере бас­қа әңгіме айтатын адамдар да болды. Кейбіреулердің алдымда өтірік сөйлеп, ашықтан ашық жағымпазданып тұрғанын көргенде қатты ұялатынмын. Өйткені ондай адамдардың талай екі­жүзділік танытқанын да көргенмін. Өмір­­дің тәттісін де, ащысын да көр­дім. Тіршіліктің мәні материалдық құн­дылықта емес екенін жақсы білетіндіктен ешқашан ашкөздікпен байлық жинаған емеспін. Адам толыққанды өмір сүру үшін көп нәрсе керегі жоқ. Оған таза еңбекпен жетуге әбден болатынын өз басымнан білемін.

Тәкежан болыс болғанда Абайдың жер шұқып қалатыны есіңізде ме? Ол жайдан-жай басын төмен түсіріп отырмайды. Бүгін болыс болған інісі ертең орынтағынан түскенде не болады деген сұрақтың төңірегінде мазасы қашады. Сондықтан да бұл жағдайды мен де о басынан дұрыс қабылдауға өзімді дайындағанмын. Қызметтен де артыңа қарайламай кеткеннен асқан бақыт бар ма?! Ең бастысы, кез келген қызметті жақ­сы атпен, абыроймен аяқтай білгенге ешнәрсе жетпейді. Кез келген басшы кейін көңілінің тыныштығы үшін осыны ең алдымен ойлауы қажет.

Көңіл демекші, адамның жанынан ауыр ешнәрсе жоқ. «Кісінің көңілі бір атым насыбайдан қалады». Мына қам­шының сабындай қысқа өмірде адамдардың бір-бірімен сыйласып, ауыз­біршілікте жүргеніне не жетсін. Сай­таннан сұрапты дейді: «Сен неден қор­қасың?». Ол айтқан екен: «Мен бір-ақ нәрседен қорқамын. Адамдардың ауыз­біршілігінен». Меніңше, осында көбіміз мән бере бермейтін үлкен өмірлік философия жатыр.

Осы жерде бүгінгі қадап айтқым келген қауіпті мәселеге де келіп жеттік. Қа­заққа қазір бірлік ауадай қажет. Тү­сінемін, біз бірлік туралы айта-айта бұл сөзді жауыр қылып жібергеніміз рас. Дегенмен бірлік туралы айтпай тұра алмаймыз. Әсіресе қазіргідей ескі жүйеден жаңа Қазақстанға өтіп жатқан тұста. Бүгін біздің қоғамымызда өзара ақпараттық соғыс ушығып бара жатқанын жалқау адам ғана байқамайтын болар. Мұның аяғы жақсылыққа апармайтынын жақсы білемін. Көзге айтқанның зәрі жоқ, біз­дің түбімізге бір жетсе, осы виртуал­ды батырлық жетеді. Әлеуметтік же­лі­дегі ішкі тартыс-төбелесіміз өз орта­мыз­­да қа­лып қойса, игі ғой. Жоқ. Біздің дискуссияға құрылмаған, «әрі тарт та, бері тарт» күйкі әңгімеміздің бәрін көптеген шетелдің зерттеу институттары сараптап отыр.

Дәл осы жағдай біздің еліміздің өркендей түсуіне басты кедергі келтіріп отырғанын астын сызып айтқым келеді. Саясатта «тәуекел» деген категория бар. Кез келген шетелдік инвестор тыныш­тық пен бірлік орнаған елге қаржы құяды. Ал бірлігі жоқ жерге ат басын бұрмайтыны тағы ақиқат. Міне, біз неге бірлік туралы айтудан, елді бірлікке шақырудан жалықпаймыз?! Мәселе осында. Оның үстіне, ынтымағы жоқ елді аласапыранға айналдырып жіберу де өте оңай шаруа екенін кеше ғана болған қаңтар оқиғасы кезінде өз басым анық байқадым. Сондықтан да дәл қазір елдік шаруаларды ойлайтын әрбір азамат осы мәселенің байыбына терең үңілгенін қалар едім.

Екі айдың шамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдауында болдым. Жаңа Қазақстан жөніндегі өз ойларым­мен бөлістім. Бірақ ендігі жерде үлкен қызмет туралы әңгіме болған емес. Оны өзім де қаламаймын. Әр нәрсенің жөнімен болғанын жақсы көремін. Сон­дықтан да енді бізден кейінгі ұрпақтың өз қабілетін көрсететін кезі келді. Жал­пы алғанда, Отанымның, ұлтымның бола­шағы үшін қазіргі жаңа буынға тәжірибем мен білімімді бөлісуге дайын екенімді жеткіздім.

Президенттің қазіргі таңда жасап жатқан жүйелі жұмысын толық және түпкілікті қуаттаймын. Көпке белгілі шаруаларды қайталап жатқым келмейді. Бір айтарым, Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамда әділдік орнатуды өз қызметінің лейтмотиві етіп алғаны айдан анық. Сөз жоқ, әділдік тек тиісті заңдар қабылдау арқылы орнайды. Ал заң қабылдау уа­қытты керек етеді. Сондықтан да бізге шыдамдылық қасиет керек дер едім. Заң үстемдігі орнаған кезде көптеген мә­селе өз-өзінен оңай шешілетінін терең түсі­нетін Президент жұмыстың осы саласына алғашқы күннен батыл кіріскенін ел жақ­сы біледі. Олай болса, оның ойға алған ісін абыроймен аяғына дейін жет­кі­зуі үшін бәріміз сабырлық сақтап, бә­рі­­міз жан-жақты қолдау көрсеткеніміз абзал.

Тағы бір айтпай кетуге болмайтын жайт бар. Халық арасында ескі жүйенің кадрларынан құтылу мәселесі күн тәрті­бінен түспей тұрғаны әлеуметтік желі­ден айқын байқалады. Шынында да қазір кадр мәселесі қиын болып тұр. Би­лікте отырғандардың кейбірі әлі күнге дейін өтірік ақпар беріп, халықты да, Пре­­зидентті де алдаусыратқанын қой­май отырғанын ашық айтуымыз керек. Әри­не, кадр аспаннан салбырап түс­пейді. Кадр саясатында үш принцип бар: Бірінші – кадрларды іріктеу. Екінші – кадр­ларды орналастыру. Үшінші – кадрларды тәрбиелеу. Осы үш принцип толық үйлесімде болғанда ғана бізде кадр саясаты дұрыс жолға қойылады. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мәселені қазір мықтап қолға алғанын көріп отырмын. Сондықтан да бұл өз жемісін береді деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, халқы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды басты мұраты етіп қойған Мемлекет басшысының сая­сатын қазір жан-жақты қолдап, ха­лық біртұтас болғанда ғана еліміздің көсе­гесі көгереді. Сонда ғана біз мерейлі мемлекеттердің қатарына қаймықпай қосыла аламыз. Маған Израильдің экс-премьер-министрі Голда Меирдің сөзі ерекше ұнайды: «Пессимизм – это рос­кошь, которую евреи не могут себе поз­волить». Әр халық үшін де ақи­қат сөз осы. Қара аспанды төндіре бер­геннен жыртығы жамалған елді көр­ген жоқпын. Біз шын мәнінде алдағы күнге оп­тимизммен қарай білгенде ғана алдың­ғы қатарлы халыққа айналамыз. Ал ол үшін бізде қазір өте қолайлы сәт туып тұр. Осы мүмкіндіктен айырылып қал­мау, тағы да қайталап айтамын, біздің ауызбір­шілігімізге тікелей байланысты. Айтары жоқ, тарихи кезеңде тұрған бізді бірлік қана биікке көтере алатыны даусыз.

 

Бердібек САПАРБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері