• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Тамыз, 2022

Адам құқықтарын асқақтатқан Ата Заң

1115 рет
көрсетілді

Республиканың Негізгі Заңының 1-бабында «Қазақстан Республикасында демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат құндылық болып табылады» деп көрсетілген. Ал Конституцияға 2022 жылғы 8 мау­сымдағы конституциялық Заңмен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекетімізде адам мен азаматтың мәртебесі туралы жоғарыда жарияланған негізгі нормаларды іс жүзінде іске асыруға жаңа негіздер береді.

Жаңартылған Конституциядағы адам құқықтары бойынша кейбір нормаларды талдауға кіріспес бұрын конституциялық және гуманитарлық құқықтағы доктринада кеңінен зерттелген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысқаша түсініктеме беру қажет.

Негізгі Заңның ІІ бөлімі «Адам және азамат» деп аталады. Ресей және кейбір басқа елдердің конституцияларын­да­ғы ұқсас мазмұндағы тарау «Адамның ­жә­не азаматтың құқықтары мен бостан­дық­­тары» деп аталады, бұл осы консти­ту­­ция­лық нормалардың жиынтығының мә­нін дәлірек көрсетеді. Қазақстан Кон­ститу­­циясының ІІ бөліміне сәйкес адам және азамат құқықтары мен бостан­дық­та­ры әдетте бірнеше түрге топтас­тыры­лады. Бұл жеке құқықтар мен бос­тан­дық­тар, саяси құқықтар мен бостан­дықтар, экономикалық құқықтар мен бостандықтар, әлеуметтік құқықтар мен бостандықтар, мәдени құқықтар мен бостандықтар.

Сонымен қатар Негізгі Заң нормаларын зерделеу кезінде әрбір оқырман «адам» және «азамат» терминдерінің айырмашылығын түсіне бермейді. Ар­найы ғылыми ізденістерді жасамай-ақ, мысалы, Конституцияның 10, 11, 33-бап­тары тек «азаматқа» қатысты деп түсі­неміз, яғни мемлекетіміздің азаматы бо­лып табылатын адамдарға. Егер рес­публиканың халықаралық шарттарын­да өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды, республика өз азаматтарын өз шекарасынан тыс жерде қорғауға және қамқорлыққа алуға кепілдік береді (11-бап). Ал егер 13, 14, 15 және басқа да баптарда «әркім», «барлығы» деген ұғымдар қолданылса, онда әңгіме азаматтығына қарамастан кез келген адамның құқықтары мен бостандықтары туралы болып отыр деп түсіну қажет. Осылайша, әрбір азаматтың адам құқығы бар, бірақ белгілі бір мемлекетте әрбір адам азаматтың құқықта­рына ие емес. Сонымен, адам құқықтары оның әлеуметтік табиғатымен алдын ала белгіленеді, туғаннан бастап пайда болады және одан айырылмас құқығы болып танылады (мысалы, өмір сүру құқығы, жеке қадір-қасиетіне құқық). Субъективті құқықтардың құрамдас бө­лігі болып міндеттер танылады. Осы­лайша, әскери қызметті өтеу міндеті тек Қазақстан Республикасының азамат­тарына жүктеледі (36-бап), ал салық төлеу міндеті, азаматтығына қарамастан, бар­лығына қолданылады (35-бап).

Демек, Негізгі Заң адамның биоло­гия­лық текті кез келген жеке тұлға ре­тін­де де, мемлекетімізбен құқықтық қаты­наста болатын азамат ретіндегі де жеке тұл­ға­лардың құқықтары мен бостандықтарын бекіткен.

Сондай-ақ адам мен азаматтың су­бъек­тивті құқықтарын олардың бостан­дықтарынан ажырата білу қажет. Құқық (субъективті) – ол адамның қандай да бір нәрсеге ие болу немесе істеуге болатын заң­ды қабілеті. Атап айтқанда, өмір сүру, еңбек ету, білім алу құқығы, сайлау және сайлану құқығы, сот арқылы қорғалу құқығы және т.б. құқықтары. Мемлекет азаматтың өз құқықтарын жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді, тиісті құқықтарды жүзеге асыру тетіктерін әзірлеуі керек.

Бостандық (еркіндік) дегеніміз ол таңдауда немесе әрекетте қажеттіліктің, мәжбүрлеудің немесе шектеудің болмауы. «Бостандықтар» – бұл кез келген адам құқықтары, оларды жүзеге асы­ру үшін мемлекет адамға кедергі жа­са­мауы, бостандықтарын шектемеу ке­рек. Мысалы, Конституцияның екін­ші бөлімінде бекітілген сөз бен шы­ғарма­шы­лық еркіндігі, ой, ар-ождан, жиналыстар мен бірлестіктер бостандығы, жүріп-тұру бостандығы, т.с.с.

Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының жіктелуі өте ауқымды, оны осы мақала көлемінде толығымен зерделеу мүмкін емес. Осылайша, жеке (азаматтық) құқықтар мен бостандықтар – бұл адамның табиғи жағдайынан туындайтын құқықтар мен бостандықтар, олар оған туғаннан бастап тән немесе кейін пайда болады.

Жеке құқықтар мен бостандықтарға өмір сүру құқығы, жеке қадір-қасиетін сақтау құқығы, ізгілікті қарым-қатынас құқығы, жеке бас бостандығы мен қол сұғылмау құқығы, жеке өмірге қол сұ­ғыл­­маушылық, жеке және отбасылық құ­пиялар, ар-намыс пен абыройын қорғау, адамның жеке басының құпиясы, хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу, пошталық, телеграфтық және т.б. құпиялар жатады.

Ал саяси құқықтар мен бостандық­тар дегеніміз – ой және сөз бостандығы, ақпарат алу, бірлесу, қоғамдық іс-шаралар өткізу, мемлекет істерін басқаруға қаты­су, сайлау және сайлану құқығы, мемлекет­тік қызметке тең қолжетімділік құқығы және т.б. Жекеменшікке құқығы және оны мұраға алу құқығы, кәсіпкерлік қыз­мет бостандығы, еңбек ету және еңбегі үшін ақы алу құқықтары экономикалық құқықтар мен бостандықтардың белгісі.

Ана болу, әке атану, балалық және отбасын қорғау құқығы; мүгедектер мен қарт азаматтарды мемлекеттік қолдау; қартайған кезде, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру; тұрғын үйге құқығы, денсаулық сақтау және медициналық қызмет көрсету құқығы – мұның барлығы әлеуметтік құқықтарға жатады. Мәдени құқықтар: білім алу құқығы, конкурстық негізде тегін жоғары білім алу құқығы және т.б.

Жоғарыда айтылғандардың аясында республика тұрғындарының ерекше назарын алған нәрсе ретінде 6-баптың 3-тармағына енгізілген түзетулерді айтуға болады. Конституцияның 6-бабында «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, ал халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады», делінген.

Бұл – қазақстандықтардың экономи­калық құқықтарына қатысты өте маңызды жаңалық. Сонымен бірге меншік пен меншік құқығы бір нәрсе емес, олар әртүрлі санаттағы құбылыстар ретінде ерекшеленетінін түсіну керек. «Меншік» экономикалық, өндірістік қатынас, ол қоғамның «базисі» ұғымына кіретіні белгілі. Ал «меншік құқығы» ол құқықтық категория, құқықтық қондырманың бір бөлігі. Конституцияның 6-бабының нормаларын осы тұрғыдан ғана түсіну керек. Өкінішке қарай, қоғамда мемлекет өз аумағындағы барлық жерді телімдерге бөліп, халыққа үлестіру міндетті деген теріс түсінік қалыптас­қан. Мұндай түсініктің қателігі анық, өйткені жерлердің жіктелуін, олардың құрылымын, мақсатын, белгілі бір мақсаттарға жарамды-жарамсыздығын кез келген адам біле бермейді; жерді өңдеуге және пайдалануға қажетті техникалық және басқа да құралдар барлығында бола бермейді. Ал мемлекетіміздің аумағының кеңдігін ескере отырып, «оларға заттай берілген» жер телімдері көпшілік үшін қолжетімсіз болады және т.б. Сондықтан да кез келген мемлекетте жер қорын және басқа да табиғи ресурстарды басқаруға міндетті уәкілетті органдар, ұйымдар бар, олар азаматтық құқық тіліне аударғанда халыққа тиесілі жерді (яғни басқаның мүлкін) «иелену, пайдалану және билік етуді жүзеге асырады» дегенді білдіреді, бірақ тек осы халықтың мүддесі үшін және олардың игілігі үшін. Конституцияның 6-бабының 3-тармағының жаңартылған редакциясында дәл осылай көрсетілген. Осы орайда айта кететін жайт: мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өз міндеттерін толық атқармауынан халық арасында орынды наразылық тууда.

Халықтың жерге және басқа да табиғи ресурстарға меншік құқығы туралы нор­ма­­лардың мемлекет жүзеге асыруынан ха­лықтың экономикалық пайда алуы тұрғысынан практикалық мәнін түсіну өте маңызды. Ол үшін табиғи ресурстарды пайдалана отыра, мемлекет (ұлттық ком­паниялар) осындай қызметтен алған табыстан белгілі бір үлестерін халыққа қолжетімді ету қажет.

Мысалы, Үкіметтің 2011 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ енші­­лес және тәуелді ұйымдары акция­ла­ры­ның пакеттерін «Халықтық IPO бағ­дарламасы» деп аталатын бағалы қағаз­дар нарығына шығару бағдарламасы бекіт­ті. Бағдарлама Қазақстан азаматтарына қызметі әлемдік тауар нарықтарындағы жағдайға тәуелді емес компаниялардың акцияларын ұсынуға бағытталған. Ұлттық компаниялардан біріншісі болып 2012 жылы «Қазтрансойл» АҚ, кейін 2014 жылы «KEGOC» АҚ жай акцияларын шы­ғарды, оларды біраз азаматтар сатып алып үлгерген. «Самұрық-Қазына» АҚ веб/сайтында 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін 5 компанияның «Халық­тық IPO-ға» шығуы туралы хабар­ландыру жарияланған болатын. Алайда 2015 жыл­­дың қарашасында бұл бағдар­лама «Астана» халықаралық қаржы орталығы­ның құрылуына байланысты жойылды.

Соңғы айларда осындай әрекеттер әлеуметтік желілерде белсенді түрде жар­­намаланып жүр және мұндай жар­на­малар ел Президентінің актілері мен оның фотосуреттеріне сілтемелер арқылы жасалған. Мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды. Алайда әлі күнге дейін уәкілетті органдар аталған жарнамалар бойынша жария түрінде пікірлерін біл­дірмеді. Өйткені «Халықтық IPO» бағ­дар­ламасын жаңғырту туралы ресми құ­қықтық актілер әлі жарияланған жоқ.

Адамның өмір сүру құқығы жөнінде кепілдіктері Конституцияның 15-бабында (2-тармақ) өлім жазасын алып тастау арқылы жүзеге асырылған.

Адамның еңбек ету құқығы бұрын да басты құжаттың 24-бабында бекітілген болатын. Бұл жерде жаңа норма ретінде мәжбүрлі еңбекке тарту «қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін соттау немесе төтенше немесе соғыс жағдайында ғана жол берілетіні» туралы нақтылау болды.

Пандемиямен байланысты төтенше жағдай (ТЖ) кезеңінде, әсіресе 2020 жылы екі айға жуық уақытқа созылған төтенше жағдай режімі кезінде бүкіл халықтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары әртүрлі шектеулерге ұшырады. Мұндай төтенше жағдай бірінші рет болды. Қазақстанда, басқа да көптеген мемлекетте сияқты пандемия кезінде қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу тәжірибесі бұрын-соңды болмаған. Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс туралы заңнама мұндай жағдайларға бейімделмеген болып шықты. Іс жүзінде қарапайым тұрмыс­тық мәселелерге дейін әлеуметтік, кәсіпкер­лік, еңбек, білім беру қатынастары және т.б. салалардағы барлық ұйымдас­тыру мен басқару құзыреттері санитарлық-эпидемиялық қызметке жүктелді.

Осыған орай 61-бапқа енгізілген но­веллалар бойынша халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құры­лысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төн­діретін жағдайларға жедел ден қою мақ­сатында Үкіметтің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары Парламент палаталарының бірлескен оты­рысында дереу қарауына жатады. Ал мұндай заң жобалары Парламентке енген жағдайда Үкімет уақытша нормативтік-құқықтық актілер қабылдауға құқылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданыста болады деп реттелген.

Тәртібі мен шарттары конституция­лық заңмен белгіленетін азаматтардың Конституциялық сотқа жүгіну құқығы туралы жаңашылдық (72-бап) та әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған. Бұл новелла азаматтардың жалпы сот төрелігіне деген сенімін айтарлықтай нығайтады, өйткені Конституциялық кеңес (сот) халық арасында жалпы юрисдикциядағы соттарға қарағанда жоғары сенімге ие.

Конституцияға адам мен азамат­тың құқықтары мен бостандықтарын қор­ғауға бағытталған өзгерістер мен толық­тырулардың бағытын көрсететін тағы бір фактор – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын, оның мәртебесі мен өкілеттіктерін нығайту. Оған осы институт туралы негізгі ережелер енгізілген жаңа 83-1 бап дәлел бола алады, бұл нормалар одан әрі арнайы конституциялық заңда бекітіліп, нақтыланбақ.

Азаматтардың сайлау және мем­ле­кеттік басқаруға қатысу құқықтары Кон­сти­­туцияның 87-бабында тиісті сал­дар­лармен мәслихат депутаттарының әкімге сенімсіздік білдіру құқығы туралы нормалармен толықтырылған.

Олай болса адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы нормалар еліміздің Негізгі Заңында одан әрі бекітіліп, олардың іс жүзінде жүзеге асырылу дәрежесін арттыруға әкелетіні сөзсіз деп айтуға толық негіз бар.

 

Сара ИДРЫШЕВА,

заң ғылымдарының докторы