• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 29 Тамыз, 2022

Биыл 34 мектеп пайдалануға беріледі

448 рет
көрсетілді

Түркістан облысында білім саласына бөлінген қаржы былтырғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Өңірде салынып жатқан 57 мектептің 34-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Үш ауысымды және апатты мек­теп­тердің мәселесін, оқушы орнының тап­шы­лығын жою мақсатында 2021-2025 жылдар аралығында облыс­та кезең-кезеңімен 199 мектеп салу жос­парланған.

«Білімді ұлт: терең білім, еңбек­қор­лық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай деректер кел­тірді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық қанатқақты жобасы аясында үш ауысымды, апатты мектептерді толығымен жою көзделіп отыр. Сондай-ақ 300, 600, 1 200 және 2 500 орындық жаңа мектептер салу жоспарланды. Осы құрылыстың нәтижесімен облыстың 65 мыңға жуық оқушысы жаңа типті мектепте оқиды. Облыстық бюджет және «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы аясында 32 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қар­жы бөлінді. Мемлекет тарапынан облысымыздың орта білім беру ұйымдарына қажетті қаржы қаралып, жаңа оқу ғимараттарымен, материалдық-техникалық және оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп, жағдай жасалуда. Былтыр қыркүйек айында Түркістан қа­ла­сында 720 орынға ар­нал­ған химия-биология бағытындағы На­зар­­баев зияткерлік мектебі ашылып, 500 оқушы қабылданды. Қосымша біліммен қамту облыс­та 70 пайызға жетті. Осы бағытта былтыр Түркістан қаласында «Оқу­шылар сарайы», «Ақжайық» саз мектебі және FabLab (лабораториялар фабрикасы) ашылып, 3 500-ге жуық оқушы қосымша біліммен қамтылуда. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әр баланың бос уақытын тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлеміз. Осындай игі шара­лардың нәтижесінде өңірде жасөс­пі­рімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық 26 пайызға төмендеді. Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтарды, отбасылық, рухани-адамгершілік тәрбиені дамытуға ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға тікелей ық­пал ететін «Аналар», «Әкелер», «Арда­герлер» кеңестерінің жұ­мы­сын ерекше атап өту керек», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ білім саласындағы мәсе­лелер талқыланып, жоспарлар баян­дал­ған жиында облыс әкімі еңбегі­мен дараланған бір топ ұстазға Алғысхат, Оқу-ағарту министрлігінің марапаттарын табыс етті.

Облыстық білім басқармасының бас­шысы Д.Болатханұлының айтуын­ша, өңірдегі мектептер жаңа оқу жылына дайын. Биыл Түркістан облы­сындағы мектептерде 510 мың­нан аса оқушы білім алады. Бұл – республикадағы ең үлкен көрсеткіш, яғни әрбір жетінші бала Түркістан облысында білім алады деген сөз. Мемлекеттік бюджеттен бөлек орта білім саласын жеке сектордың инвестициялауы арқылы дамыту қарқынды жүргізілуде. Өткен жылмен салыстырғанда жекеменшік мектептер саны 17-ге артып (31%), бү­гінгі таңда 56-ға жетіп отыр, 1 406 мектепке дейінгі ұйым қызмет ету­де. Балабақша ашу көрсеткіші бо­йын­ша да өңір елімізде алдыңғы орында. Тамыз кеңесінде, сондай-ақ бі­лім сапасын арттыру, Turkistan bilimi стратегиялық даму жоспарын әзірлеу, кі­тапханаларды цифрландыру, ұс­таз­дардың білімін арттыру, мектеп тапшылығын жою және өзге де мәсе­ле­лер талқыланып, баяндамалар жасалды.

Айта кетелік, өткен оқу жылы­ның қорытындысы бойынша оқу­шы­лардың үлге­рім сапасы 69,4 пайыз болып, алдың­ғы жылмен салыстырғанда 5,7 па­йызға өскен. Ұлттық бірыңғай тесті­леу нәтижесі бойынша республика кө­ле­мінде «100 үздік мектеп» тізіміне Түркістан облысының 11 мектебі енді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада екінші орында.

 

Түркістан облысы