• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Тамыз, 2022

Мен көрдім күре жолдың күрсінгенін

4147 рет
көрсетілді

Бұған дейін жолау­шылардың базынасын естігеніміз болмаса, Қызылорда – Жезқазған бағытымен жүріп көрмеппіз. Енді, өз көзімізбен көр­дік те, басымызды шай­қап қайттық. Оны қойы­ңызшы, өзіміз де шай­қалып, діңкеміз құрып келді. Әбден. Әсіресе, жап-жаңа Ұлытау облысының шекарасына аяқ артқанымызда, «жыларман» күйге түстік.

Неге Ұлытау шекарасынан кейін шекеміз тырысқанын айталық онда. Қызылорда облысының аумағында жол жөндеу жұмыстары басталып кетіпті. Қазір құм төсеп жатыр екен, теп-тегіс қылып. Сонымен зырғытып, уақыт ұтып алдық.

«Қазавтожол» ұлттық компа­ниясының дерегінше, тасжолдың жалпы ұзындығы 427 шақырымды құрайды. Оның 219-ы Қызылорда аумағына тиесілі болса, 208 шақыры­мы Ұлытау облысы­ныкі. Былайша айтқанда, шекара қақ бөлінген. Қызыл­ор­да облысы әкімдігінің был­тырғы жариялаған мәлі­метіне сүйенер болсақ, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 мил­лион доллар тұратын жоба­ға 2021 жылы қол қойған.  Қызыл­орда мен Жезқазған арасын­дағы ұзындығы 204 ша­қы­рымдық ескі жолды күрде­лі жөндеуге, сондай-ақ Қызыл­ордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына жұм­салмақшы бұл қаржы. Бас­тысы, Сыр өңірінде сең қоз­ғалды. Ал жаңа құрылған Ұлы­тау облысы ше? Шы­нын­да да, бұл жақтағы жол­дың күрсінгенін көзбен көрдік...

Сонымен, астымдағы көлігімді Қызылордадан шыққанда ғана тексертіп алған едік. Бәрі оңды екеніне көз жеткізген соң барып бір-ақ шыққанбыз. Сол сапарда «Аталған жолдың жай-күйін әдейілеп көзбен көрейік» деген мақсатымның болғанын да несіне жасырайын? Әйтпесе, еңбек демалысында ел аралап жүрген біздің айналма жолмен қайтуға уақытымыз да бар еді. Жеттік: мақсатқа да, көлік­тің алдыңғы «тірегінің» түбі­не де. Әйтеуір, аман-есен жет­кенімізге тәубе дестік. Келе сала көлік жөндейтін ше­берге көрсеткенімде, әлгі ма­ман басын шайқады да: «Қал­қам-ау, Қызылордадан келе жат­сың ба?», деді. Әрі қа­рай әлгі әңгімені сарнатты-ай келіп...

Республикалық маңызы бар тас жол дейміз-ау. Осы бағытпен қызыл­ор­далық жолаушылар елордаға өтеді. Ал тақтайдай тегіс жолмен жүрейін десе, жарты Қазақ­стан­ды шарлауы керек. Жол азабынан қаша­йын десе, шығыны да шаш етек­тен. Жезқазған қаласының өзін­де Қызыл­орда облысының қан­шама бала­сы білім алып жатыр. Олар да осы жолмен қатынауға мәжбүр. Жүк көлік­терінің де жүрер жолы – осы. Ой­дым-ойдымнан қашып, қара жолмен жүрмек болған едік, кері қайттық. Жүк көліктері езіп жіберіпті. Олар да осы жолмен амалдаған ғой. Түсіп кет­кен жолдың ортасы көліктің астына тиіп, әбігерге әбден түсірді. Жеңіл кө­лік жү­рерлік мүмкіндік мүлде жоқ екен. 

Сізге өтірік болғанымен, бізге шын, Ұлытау облысы­ның шекарасына кіргеннен кейінгі 120 шақырымды төрт сағаттан аса әзер еңсердік. Ал алдымыздан асфальт төселген жол шыққанда автобанға шыққандай қуандық. Екі-үш шақырым жүре түскеніміз сол еді, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Асфальт жол бітті де қалды. Ойқы-шойқы, шұңқырдан көз ашпайсың. «Шіркін-ай, тым бол­маса осы ойықтарды тегістеп қой­са болмас па еді?», деген ой маза бермеді.

Әлгі ойқыш-ойқыш «грейдер жолды» аңсап кетесіз. Жезқазған маңындағы Талап деген ауылға жеткенше сол бейнет көретініңіз. Қанша жерден әккі жүргізушімін десеңіз де, көліктің астын оңдырмай соғасыз. Иә, біз жүріп өткен бір күнгі бейнет – осы. Айтпақшы, жол бойы жаңбыр жаумағанын тілеп келдік. Сәтін салғанда, жауынға ұрынбадық. Әйт­пегенде, ми батпаққа батып,  сорымыз тіпті қалың­дар ма еді, кім білсін?

...Осы жолдың азабын күнде көре жүріп, күн көріп жүрген таксистер  бар екен. Жиырма жылдан астам екі ортаға жолаушы тасумен күнін өткізген Бауыржан Әкімов есімді азаматты та­уып, хабарласқан едік.

– Е, шырағым, несін сұрайсың? – деп бастады көңілсіздеу әңгімесін ол кісі. – Бұл жолдың бейнетін бізден көп көрген адам жоқ шығар. Бір қыста тоғыз күн далада қалғанымыз бар. Елсіз жер ғой. Сонда қасымыздағы жүк көлігі тері әкетіп бара жатыр. Үшінші күн. Аш  жатырмыз. Өлеміз бе, енді? Терінің құйрық жағындағы майын суға қайнатып, сорпа қылып іштік. Қасымыздағы «Камаз» ұн артып алыпты. Қардың суын қайнатып, ұнды илеп, «пәтір» қылып жедік. Осылай тоғыз күн қиналғанымыз есімнен кетпейді. Жолдың 205-інші шақырымын үнемі қар басады. Қыста осылай қиындық көрсек, көктем мен күзде батпақта қалатынбыз. Әлі де сол. Жаңбыр жаумаса деп отырамыз. Жол пісте май төккендей шылқып жатады...

Осы секілді бейнет көр­ген көпшілік көп. Бауыржан Әкімовтің айтуынша, Sprinter-ге алған жаңа доңғалақпен бес-алты мәр­те ғана жүріп өтеді екен жол­ды. Әсіресе Жезқазған аума­ғындағы пышақтай болып жататын үшкір тастар оңдыр­майды. Тапқан-таян­ғанының көбі көлігін жаңа­лауға кететін көрінеді. «Көлік­тен артылғанын ғана бала-шағаға апарамыз», дейді ол...

Біз де «Қазавтожол» ұлттық компаниясына сұрау салдық. Ұлытау жаңа облыс болып жатқандықтан, жақсы жаңалық болып қалар деген үмітпен. Компанияның ресми өкілі Ләззат Стамға­зиева қуантып қойды. Өзін сөйлетейік...

– Қазіргі уақытта Қызыл­орда облысы бойынша тасжол жөнделіп жатыр. Ал Ұлытау облысы бойынша мердігерлерді анықтау бойын­ша конкурстық рәсім­дер жүргізілуде. Жыл­­дың соңына дейін келі­сім­шарттарға қол қою жос­парланып отыр. Яғни қайта жаңарту жұмыстары бо­йынша Қайта жаңарту жұ­мыстарынан соң, күре жол II техни­калық санатқа сай екі жолақты болады. Жобалық-сме­талық құжатқа сәйкес жұ­мыс 2025 жылға дейін аяқ­талуға тиіс, – дейді ресми өкіл.

Ал ресми дерек болса, аталған жолдың соңғы рет 2003 жылы орташа жөндеуден өткенін айтады.

Ресми өкілдің хабарын жоғарыда айтқан таксист ағайға жеткізген едім,  ол кісі: «Осындай құрғақ уәдені естіп келе жатқанымызға отыз жыл болды ғой», деп күңк етті.

Қызылорда-Жезқазған кү­ре­жолының тамырына қан жүгірсе, жаңа облыстың эконо­микасы да жан бітер еді. Ұлытаулықтарды қос бүйір­ден қысқан қымбат­шы­лық тоқтар еді. Бұл – біздің ғана пікі­ріміз емес, халықтың арман-тілегі...

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

журналист

 

Ұлытау облысы