• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Тамыз, 2022

Жарайсың, Жәнібек!

330 рет
көрсетілді

Күні кеше ғана алыс­тағы Амери­кадан қуа­­нышты хабар жетті. Штаб-пәтері Пуэр­то-Рико­ның Сан-Хосе қала­сында орна­лас­қан Дүние­жүзілік бокс ұйымы (WBO) ор­та салмақта күш сына­­­сатын танымал кә­сіп­қой боксшы, қазақ­тың мақтан тұтар ұлы Жәнібек Әлімхан­ұлының әлем чемпионы атанғаны жайын­да ресми түрде мәлімдеді. Бұл жаңалықты жан­күйерлердің барлығы да қуана қабылдады. Расында да, қандасымыздың ол атаққа әбден лайық екені еш күмән туғызбаса керек. Осылайша, Жәнібектің есімі Қазақстаннан шыққан бесінші әлем чемпионы ретінде тарихта қалды.

«WBО нұсқасы бойынша орта салмақта кімдер әлем чемпионы атанды?» деген сауалға келсек, ХХІ ғасыр табылдырықтан аттаған тұста бұл тізгін ұлыбританиялық Джейсон Меттьюздың қолында еді. Одан кейін швециялық Арманд Крайнц, намибиялық Гарри Саймон, аргентиналық Эктор Веласко және германиялық Фелика Шторм біраз уақыт бойы өз үстемдіктерін жүргізді.

2004 жылы АҚШ-тың «алтын баласы» Оксар де ла Хойя теңдессіз деп танылса, одан кейін алты жылдан аса уақыт бойы Бернард Хопкинс, Джермен Тейлор және Келли Павлик сынды атақ­тары жер жарған америкалық өрен­дер тізгінді ешкімге бермеді. 2010 жылы аргентиналық Серхио Мар­тинес­тің мерейі үстем болса, кейіннен Дмитрий Пирог (Ресей),  Хассан Н’Дам Н’Жикам (Франция), Питер Куиллин (АҚШ), Энди Ли (Ирландия) және Билли Джо Сондерстің (Ұлыбритания) алтын бел­беуді иеленді. Ал 2018 жылдың 20 қазанында  Деметриус Андраденің асығы алшысынан түсті. Міне, енді сол чемпиондардың қатарына Мұрат Си­қым­­баевтай білікті бапкердің төл шә­кірті – Жәнібек бауырымыз да қосылды. 

Қазақстанның кәсіпқой боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Василий Жиров еке­­нін жанкүйерлер жақсы біледі. «Бал­қаштың барысы» атанған сақа спортшы әуелде әуесқой рингте то­ла­­ғай табыстарға қол жеткізді. Өт­кен ғасырдың тоқсаныншы жылда­ры­­ның бірінші жартысында ол әлем чем­пионатының екі дүркін қола жүл­дегері атанды. Құрлық чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, Азия ойындарында қола медальды иеленді. 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында Жиров бас жүлдемен қатар, ең үздік былғары қол­ғап шеберіне тиесілі Баркер кубогын да олжалады.

Келесі жылы 22 жастан асқан шы­ғында алыстағы Америкаға сапар шек­­кен Вася тұсаукесер кездесуінде жер­гілікті боксшы Винсент Браунды екінші раундта ұрып жықты. Арада үш жылдан аса уақыт өткеннен соң Миссисипи штатының Билокси қала­сындағы Grand Casino кешенінде аме­рикалық Артур Уильямсты жетінші раундта есінен тандырып, IBF нұсқасы бойынша бірінші ауыр салмақтың алтын белбеуін жеңіп алды.

Алғаш рет Вася 2003 жылдың 26 сәуірінде жеңілістің кермек дәмін тат­ты. Өз атағын жетінші мәрте қор­ғамақ болған ол АҚШ-тың жойқын жұ­дырықты жігіті Джеймс Тониден таяқ жеді. Сол кезге дейін Жиров қа­та­­рынан 31 қарсыласын қоғадай жа­пырған еді. Содан кейін екі кездесуде жеңіске жетіп, тағы екеуінде ұтылды. Бұл жекпе-жектерде отандасымыз Джо Месси мен Майкл Мурер сынды дүлей күш иелеріне есе жіберді. Кейіннен тағы бес бәсекеде басымдық таны­тып, бір рет тең түсті. Алайда жасы келіп қалған Жиров бұрынғы дең­гейіне қайта көтеріле алмады.

Василий Жиров 1997-2009 жылдар аралығында кәсіпқой рингке 42 мәрте көтеріліп, 38 рет жеңіске жетті. 32 кез­десуін нокаутпен аяқтады. Талай жылдан бері АҚШ-та тұрып жат­қан «Бал­қаштың барысы» ара-тұра Қа­зақстанға да ат басын бұрып тұрады.

Қазақ елінің гүрзі жұдырықты жі­гіттері арасынан екінші болып чем­пиондық атақты Бейбіт Шүменов иеленді. Шымкент қаласының тумасы ХХІ ғасырдың алғашқы бес жыл­дығында әуесқойлар арасында тәуір нәтиже көрсетті. Ол Азия чемпионы атанып, Афро-Азия ойындарында күміс медальды еншіледі. 2004 жылы Афина Олимпиасына қатысты. 2007 жылы Бейбіт кәсіпқой рингте күш сынасуға бел буды. Арада екі жылға жуық уақыт өткеннен соң жартылай ауыр салмақта WBA-ның алтын бел­беуі үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Алайда 2009 жылдың 15 тамызында елордада ұйым­дастырылған жарыста қандасымыз испа­ниялық Габриэль Кам­­пильодан ұты­лып қалды. Есе­сіне арада бес ай өткеннен соң Лас-Вегаста дәл сол Пиреней тү­бе­­гі­­нің түлегін жеңіп, 26 жа­­сында көз­деген мақсатына қол жет­кізді.

2010-2013 жылдары Шүменов WBA Super мен IBA нұсқалары бо­йын­ша өз атағын бес мәрте сәтті қорғады. 2014 жылдың көк­те­мінде аты аңызға ай­налған боксшы Бер­нард Хопкинстен ұпай санымен ұтылып, барлық бел­беуінен айырылды. Одан кейін Би Джей Флорестен айласын асырып, бірінші ауыр салмақтың «уақытша» чем­пионы атанса, Джуниор Энтони Райтты 10-раундта техникалық нокаут­пен жеңіп, WBA-ның тең­дессізі деп та­нылды. Соң­ғы жекпе-же­гін Бейбіт 2018 жылы Герма­ния­ның туы астында өнер көр­сететін түрік жігіті Хизни Алтункаяға қарсы өткізіп, тоғызыншы раундта оны ай­қын басым­дықпен ұтты. Одан кейін қазақ бокс­шысы шаршы алаңға шық­қан жоқ.

Бейбіт Шүменовтің рекорды – 20 кездесу, 18 жеңіс, 12 нокаут. Бір қуан­тарлығы, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы жеті бірдей жекпе-жегін өз Отанында өткізіп, жергілікті жан­күйерлердің қошеметіне бөленді. Бұл бәсекелер Шымкент (5 рет) пен Нұр-Сұлтан (2 рет) қалаларында аса жо­ғары дең­гейде ұйымдастырылды.

Әуесқой рингті армансыз шайқаған Геннадий Головкинде Олимпиаданың алтынынан басқа медальдардың бар­лығы да бар. 2001-2004 жылдар ара­лығында Қарағандының көкжалы әлем және құрлық чемпионы, Азия мен Шығыс Азия ойындарының же­ңім­пазы атанды. Әлем кубогында екі рет жүлдегерлер қатарына қосылды. Осы орайда бұл командалық сайыс болғанын ескерген жөн. Ал Генаның өзі Нұр-Сұлтан мен Мәскеуде қарсы кел­ген­дерді кескен теректей сұлатып салды. Жекелеген жарыс болғанда ол алтын тұғырға көтерілетін еді. Афи­на Олимпиадасында отандасымыз ақтық сынға дейін алқынбай жет­ке­ні­мен, финалда ресейлік Гайдар­бек Гайдарбековке ойда-жоқта жол берді. Осы сәтсіздіктен кейін ол кәсіп­қойлармен жұдырықтасуды жөн көрді.

Кәсіпқой рингте Головкиннің бір­ден асығы алшысынан түсе қой­мады. Бұл оның әлсіздігінен емес. Ке­­рісінше, Гена өз бәсекелерінің бар­лығында айқын басымдық танытты. Бірақ Германияның «Universum Box-Promotion» компаниясы қазақстандық боксшының чемпиондық тәж үшін таласқанын қаламай, уақыт созып жүріп алды. Сол кезге дейін Гена 19 жекпе-жектің барлығында жеңіс тойын тойлап, 17 қарсыласын сеспей қатырған еді. Шыдамдылықтың да шегі бар емес пе. Ақыры көпе-көрінеу қиянатқа шыдамай, төзімі әбден тусылған Гена Америкаға аттанды. Мұ­хиттың арғы жағалауында жер­лесіміздің жұлдызы жарқырай жанды.

Геннадий Головкин 2010 жылдың 14 тамызында Панамада колумбиялық Нил­тон Нуньесті бірінші раундта сұ­латып салып, WBA-ның «уақытша» чем­­пионы атанды. Сол жылдың 16 жел­­тоқсанында Астанада дәл сол елдің өкілі Нильсон Хулио Тапияны үшінші раундта есінен тандырып, толыққанды әлем чемпионы атанды. Ал GGG-ның одан кейінгі жүріп өткен жолы барша жанкүйердің көз алдында.

40 жастағы Қарағандының қыраны кәсіпқойлар арасында барлығы 44 кездесу өткізіп, 42 мәрте мерейі үстем болды. Сол бәсекелердің 37-сін нокаутпен аяқтады. Орта салмақтағылар ара­сында GGG-нің тегеурініне төтеп бере алған бір ғана боксшы табылды. Ол – Сауль Альварес. «Канело» деген жанама есімді иеленген Мек­си­каның марғасқасы 2017 жылдың қыр­­күйегінде Лас-Вегаста тең есепке қол жеткізсе, дәл бір жылдан кейін ұпай санымен жеңіске жетті. Бірақ бұл жағдай Генаның жігерін жасыта алған жоқ. 2019-2022 жылдары ол ка­надалық Стив Роллс, украиналық Сергей Деревянченко, польшалық Камил Шеремета және жапониялық Риото Муратаны жолынан ығыстырды. Келесі айда отандасымыз «Канеломен» қайта күш сынасады. Сол бәсекеде біз GGG-ға жеңіс тілейміз. Бұл күндері Геннадий Головкин WBA Super, IBF және IBO нұсқаларының чемпиондық белбеуін иеленіп отыр.

33 жастан асқан шағында әлем чемпионы атанған Жанат Жақияновтың жанкештілігіне сүйсінбеу мүмкін емес. Бір айта кетерлігі, Солтүстік Қа­зақстан облысының тумасы әуес­қойлар арасында ел біріншілігінің қола жүлдегері деген атақтан аса ал­мады. Есесіне кәсіп­қой рингте ол өзін түбегейлі мойын­­датты. Аса жеңіл сал­мақта сын­ға түскен Жанат тұсау­кесер кез­десуін 2007 жылы Шым­кентте Нәби Қа­бы­ровқа қарсы өткізіп, одан айласын асырды. Содан бергі 10 жылда 29 мәрте айқас алаңына шығып, 27 рет мерейі үстем болды. 18 қарсыласын нокаутқа жіберді.

2011 жылы Жанаттың өмірін күрт өзгерткен бір оқиға болды. Швей­царияның Мартини қаласында ол жер­гілікті жұлдыз Бенжамин Петиу­даны оңдырмай сабады. Қан­да­сы­­мыздың өнеріне тәнті болған Ұлы­британияның «Хаттон Промоушн» ком­­паниясының басшысы, атағы жер жарған бокс­шы Рикки Хаттон біз­дің жігітті өз қам­қорлығына алды. Сол кезден бері оның тасы өрге домала­ды. Өзінің жан­қияр­лығы мен еңбек­қор­лығы, табан­дылығы мен тө­зімді­лігінің арқасында Жақиянов діт­теген мақ­­сатына қол жеткізді. Әуе­лі Еу­ропа чем­пионы атанса, одан кейін «уақыт­ша» чем­пиондық белбеуді беліне тақты.

2017 жылдың 10 ақпанында То­лидода АҚШ боксының жарқын жұл­дызы, әуесқойлар арасында әлем чем­пионы және сол жарыстың екі дүр­кін қола жүлдегері, WBA Super мен IBO нұсқаларының теңдессізі Роши Уорренмен қолғап түйістірді. Ол дәл сол Огайо штатының тумасы еді. Сондықтан да барша көрермен Ро­шиға керемет қолдау көрсетті. Соған қанат­танған америкалық боксшы Жанат­ты бірінші раундтың өзінде-ақ екі рет нокдаунға жіберді. Сол сәтте бұл айқастың ұзаққа созылмайтынына көпшіліктің еш күмәні болмады. Бірақ Жақиянов екі рет есеңгіресе де, тез есін жиды. Үзілістен кейін-ақ қайсар қазақ өзінің жұдырықтасу мәнерін күрт өзгертіп, дамылсыз шабуылдай бастады. Бұл тактика өз жемісін берді. Қалған раундтар біздің боксшының басымдығымен өтті. Ол Уорреннен барлық компонент бойынша басым түсті. Нәтижесінде, Жанат ұпай санымен жеңіске жетіп, Жер-жаһан жан­күйерлерінің зор қошеметі мен ыстық ықыласына бөленді.

Арада жеті ай өткеннен соң Жа­қиянов Белфаста Ұлыбританияның тағы бір өкілі 25 жастағы Райан Бар­неттен ұпай санымен ұтылды. Бірақ жерлесімізге өкпе айтқан ешкім болмады. Өйткені талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткен қандасымыздың есімі Қазақстанның кәсіпқой боксшылары арасынан шыққан төртінші әлем чемпионы ретінде тарихта қалды.

Сөйтіп, әлемдегі ең белді нұсқалар бойынша әлем чемпионы атанған жерлестеріміздің саны бесеуге жетті. Ал бес саусақ жұмылса, тас жұ­ды­рыққа ай­налатыны белгілі ғой. Олай болса алдағы уақытта алтын бел­беуді иеленген жойқын жұдырықты жігіт­теріміздің саны арта түсуге тиіс.

Әлем чемпионы атанған Қазақстанның кәсіпқой боксшылары

Василий Жиров – IBF, крузервейт (1999-2003 жылдары). Бейбіт Шүменов – WBA, жартылай ауыр салмақ (2010-2014 жылдары). Геннадий Головкин – WBA, орта салмақ (2012-2018 және 2022 жылдары), IBF (2015-2018 және 2019-2022 жылдары), WBC (2016-2018 жылдары). Жанат Жақиянов – WBA, аса жеңіл салмақ (2017 жылы). Жәнібек Әлімханұлы – WBO, орта салмақ (2022 жылдан бері...).