Соңғы екі жылда елімізде жалған дәрі-дәрмек әкелу бойынша 700-ге жуық заң бұзушылық фактісі тіркеліпті. Қазір Қазақстанда дәрілік препараттарды цифрлық таңбалау жүргізіліп жатыр. Жобаның бірінші кезеңіне өндірушілер мен импорттаушылар қатысады.
Әртүрлі бағалаулар бойынша фармацевтика нарығындағы медикаменттердің 2-10 пайызы – жалған және сапасыз өнімдер. АҚШ, Қытай, Бразилия және Еуроодақ елдері тауарларды таңбалау және бақылау бастамасын бұрыннан жүзеге асырып келе жатыр. Мәселен, швециялық Ferring биофармацевтика компаниясы 1950 жылдан бері дәрілік препараттарды әзірлеумен айналысады. Компания өкілдіктері әлемнің 60 елінде жұмыс істесе, компания өнімдері 110 мемлекетте қолжетімді. Зерттеушілік қызметтің басты бағыттары – репродуктивті денсаулықты қорғау, онкология, урология, гастроэнтерология, эндокринология және ортопедия.
«Жалған дәріні тұтынудың басты тәуекелі – бақылау сапасының жоқтығында. Жасанды дәрілердің сапасының төмен болуына байланысты құрамы төмен немесе белсенді заттың шамадан тыс үлесі бар препаратты қабылдау қаупі бар. Таңбалау жүйесі Ресейде іске қосылғалы бері біздің компания жалған дәріні ұшыратқан жоқ. Алайда «сұр» импорт жағдайы кездесті. Бүгінде ең тиімді және негізгі әдіс – дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалауды енгізу. Нарықта компанияның тек түпнұсқа препараттары ұсынылған. Цифрлық таңбалау Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат етпеген контрафактілік өнімдердің таралуын азайтады. Екіншіден, жүйе дәрі-дәрмек өндіруші компанияларға даму стратегияларын құруға мүмкіндік беретін қуатты аналитикалық құрал болып саналады», дейді Ferring компаниясының менеджері Артем Берсенев.
STADA фармацевтикалық компаниясы да 125 жылдан бері нарықта жұмыс істеп келе жатыр және 2D-кодтау технологиясын қолдану арқылы контрафактімен күреседі.
«Дәрілік препараттарды таңбалау – халықты сапалы өнімдермен қамтуда және жалған өнімдерден қорғаудағы маңызды аспекті. Себебі жалған дәрісі бар бір қаптаманың өзі-ақ науқас денсаулығына залал келтіруі мүмкін. Жаңа талаптарды енгізуге дайындық жаңа өндірістік жабдықты сатып алуды, IT жүйелерін жетілдіруді, бақылау жүйесінде жұмыс істеу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны алуды, орау материалдарын бейімдеуді және тағы басқаларды қамтитынын ескере отырып, біздің тәжірибеміз бойынша дайындық 16 айдан 28 айға дейін созылады. Жаңа ұлттық жүйені енгізуден индустрияға тиетін тағы бір пайда – бұл бақылау жүйесінен меншікті өнімдердің қозғалысы туралы мәліметтерді алу. Бұл өндірушілер мен импорттаушыларға тауарлық-материалдық қорларды азайта отырып, өнімді өндіруді және нарыққа жеткізуді дәлірек жоспарлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде», дейді дәрілік препараттарды таңбалау менеджері Артем Силянский.
Қазір де осы STADA Қазақстан аумағында дәрілерге міндетті таңбалау енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Еске салайық, елімізде дәрілік препараттарды цифрлы таңбалаудың қанатқақты жобасы 2019 жылдың күзінде басталып, 2021 жылдың 31 шілдесінде аяқталды. Оған өндірушілер, дистрибьюторлар, импорттаушылар, дәріханалар және медициналық ұйымдар қатысты. Қазір ел Үкіметі бекіткен тізімдегі 90 дәрілік затты таңбалаудың бірінші кезеңі енгізілуде. 2023 жылдың соңына дейін елдегі дәрілік препараттарды цифрлы таңбалау толығымен аяқталмақ.
Цифрландыру жұмыстары жер қойнауын пайдалану секторында да белсенді енгізіліп жатыр. Сөзімізге биыл қыркүйекте іске қосылғалы отырған KazNedra цифрлы сервисі дәлел. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, сервис ашықтықты қамтамасыз етуге және бақылауды күшейтуге арналған. Бірыңғай KazNedra жүйесі пилоттық форматта ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жерасты сулары, гидротехникалық және инженерлік құрылыстар туралы мәліметтерді береді. Бұған дейін жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін бірнеше ұйымға барып, сертификат жинау қажет болатын. Қызметті іске асырғаннан кейін бүкіл процесс автоматтандырылады. Жер учаскелерін іздеу, геологиялық ақпарат алу және лицензия алу рәсімдеріне онлайн-қолжетімділік беріледі.
Сонымен қатар алдағы уақытта бұл платформада тіркелу QR-код арқылы жүзеге асырылмақ. Министрдің сөзіне қарағанда, платформадағы аздаған кемшіліктер түзетіледі.