• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 31 Тамыз, 2022

Құран деп сақтап жүргені А.Байтұрсынұлының «Маса» кітабы болып шықты

692 рет
көрсетілді

Керекуде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды. Төте жазумен теріліп басылған көне кітапты жуықта Аққулы ауданының тұрғыны Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейіне әкеліп тапсырған екен. Жәдігердің парақтары әбден сарғайғаны болмаса, жазулары айқын көрінеді. Жергілікті тарихшылар әзірше оның қай жылы шыққанын тап басып айта алмай отыр.

Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров хабарласып, сүйінші хабардың бар екенін жеткізген соң же­делдетіп музейге бардық. Жуықта мә­дениет мекемесі арнайы акция жария­лап, өңір жұртшылығынан көненің көзі, жүзжылдықтардың куәсі болған жәдігерлерді жиыстырған. Нәтижесі жаман болмаған сыңайлы.

– Аққулы ауданындағы Шақа ауы­лының тұрғыны Нұрлан Қасымов музейге Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» ат­ты өлеңдер жинағының түпнұсқасын әкеп тапсырды. Отағасының айтуынша, мұны енесі әкеліп берген. Ол кісі Алтай жақтан көшіп келіпті. Үй үлкендері жылдар бойы Құран деп ойлаған ғой, сөйтіп оны мешіт ашылғанда имамға апарып берген көрінеді. Дін қызметкері кітаптың Құран аяттарына қатысы жо­ғын айтып қайтарып жіберіпті. Ұлт ұс­тазының 150 жылдық мерейтойында бұл біз үшін күтпеген жаңалық болды. Мұқабасы, ішкі беттерінің 46 па­рағы (93 беті сақталған) таза сақталып қалған. Басылған қағазы әбден сарғайып, ескірген демесеңіз, төте жазу оқи біле­тінге жарап тұр, – дейді Е.Қайыров.

Кітапты Павлодар педагогикалық уни­верситетінің профессоры Әділбек Әміренов оқып көріп, оның «Маса» кітабының түпнұсқасы екенін айтқан. Дегенмен қайдан, қай жылы басылып шыққаны ақпарат жоқ. Жалпы, «Ма­са» жинағы кезінде баспадан 3 мәрте шы­ғарылған екен. Оның алғашқысы 1911 жылы басылса, соңғысы 1922 жылы оқырман қолына тиіпті. Ал осы екі ара­лық кезеңдегі екінші кітаптың жы­лын ғалымдарымыз анықтай алмай отырғаны мәлім. Бұл жәдігер сол екінші кітап болуы да мүмкін.

Музей басшысының сөзіне құлақ салдық. Айтуынша, кітапта Пушкиннен «Балықшы мен балық», Лермонтовтан «Мцыри» өлеңдерінің, Жадовская жыр­ларының аудармалары, ұлт ұстазы­ның өзінің көптеген өлеңдері бар. Мәсе­лен, «Жазушының қанағаты», «Ат», «Ғылым», «Бақ», «Данышпан Аликтың ажа­лы», «Қожанасреддин ақылы», «Оқуға шақыру», «Нәбік аты» және басқа жалпы саны 17 өлең басылған.

– Биыл жазда арнайы акция жария­лап, өңір тұрғындарынан 40-қа жуық жәдігер жиналды. Оның тең жартысы – ескі қолжазбалар, алтауы – көне кітаптар. «Маса» соның ішінде алғаш оқылып, жұртқа жариялағалы отырған құнды дүниеміз. Біздің музей қызметкерлері төте және қадым жазуды тани алмайтыны белгілі болды. Негізгі қор бөлімі, әдебиет бөлімі, өнер бөліміндегі барлық 15 қызметкерді алдағы күзден бастап осы жазуға үйреткелі жатырмыз. Бұдан басқа бірнеше құнды кітаптар табылды. Оларды әзірше құпия ұстап отырмыз. Қошке Кемеңгерұлының 1924 жылы Мәскеуде шығарылған «Қазақ тарихынан» кітапшасының түпнұсқасын, Алтынсарин мен Қошкеге қатысты қолжазбаларды таптық. Былтыр алыс аудан-ауылдарды аралап, ел ішіндегі фольклорды жинаған уақытта көлемі 15 дәптер болатын қолжазба алып ке­ліп едім. Олардың барлығы оқылған жоқ. Бұйыртса, біз жинаған құнды жә­дігерлердің барлығы мамандармен оқылып, түсініктеме беріліп, құпия­лары жария етілетін болады. Кезінде мекемемізге тапсырылып, тасада қалып қойған дүниелер көп екен. Соларды іздеп тауып, келушілердің назарына ұсынып жатырмыз. Тұңғыш кәсіби режиссер Жұмат Шанинның жұбайы Жан­бике Шанинаның портреті, Иса Байзақовтың дауысы жазылған таспа, саз аспабын жасаудың әйгілі шебері Қамар Қасымовтың хаттары осы жұмыстар аясында анықталды, – дейді Ербол Мәтіұлы.

Бүгінгі таңда музей қорында 60 мың­дай жәдігер бар болса, оның 15 мың­нан астамы негізгі қорға еніп отыр. Экс­понаттардың басым бөлігі атақты ақын-жазушылар мен өнер иелері ке­зінде ұстаған заттар мен қолжазба-кітаптарынан тұратынын айтып өту керек. Мұнда Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы жарық көрген «Қартқожа» романының түпнұсқасы, ақын Сұлтан­махмұт Торайғыровтың 1933 жылы шыққан толық шығармалар жинағы, Сабыр Шәріповтің өткен ғасырдың 20-сыншы жылдары басылған 2 бірдей кіта­бы, Әбушахман Нұрсейітұлы (Шах­ман молда) өз қолымен музей қоры­на өткізіп кеткен татар тарихына, ислам ша­риғатына қатысты жазылған көне басылымдар сақталған.

 

Павлодар облысы