• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Тамыз, 2022

Қылмыскер неге қынжылмайды?

1136 рет
көрсетілді

Тапа-тал түсте тапаншамен адам өлтіруді кинодан немесе АҚШ жақтан жеткен жаңалықтардан көруші едік. Қазір елімізде де көптің көзінше қысылмай ауыр қылмыс жасайтындар жиілеп кетті. Мастықпен һәм жастықпен от басты деп «ақтайын» десең, өткендегі Оралдағы оқиғаның сиқы анау...

Адам өмірі – қымбат қазына

Орал қаласында болған кәсіпкердің өлімі қоғамның көрінісін айқындап бер­гендей. Бейнекамералардан жасырынбай, айналасындағы адамдардан тіксінбей адамға пышақ сұға салу деген... Сұмдық енді. Былтыр Екібастұз қаласында куәгерлердің көзінше ер адам­ды атып өлтірген қылмыскердің әре­кеті де көмірлі шаһар тұрғындарының есінен шыға қойған жоқ. Жолға шыққан тауықты абайсызда басып кеткеннің өзінде көңілсіз күйге түсетін едік ғой. Заман алға жылжыған сайын адам азғын­дап бара жатыр ма? Қоғамдағы өзге де ақылға сыймайтын жағымсыз жағ­дайларды көргенде сондай ойға қаласың.

Қоғам демекші, кейбір тұрғындар ауыр қылмыстың тіркелуіне құқық қор­ғау органдарын кінәлап жатады. «Қылмыс­керлер қорықпайтын болды. Жарықта жалғыз жүру мүмкін емес» деп налиды жұртшылық. Осы ретте, отставкадағы полиция полковнигі Елеужан Серімовтің пікіріне құлақ асқан едік.

– Қазақстан Республикасы өзінің ең қымбат қазынасы ретінде адамды, оның өмірін, құқығы мен бостандықтарын таниды. Ол туралы декларациялық тұр­ғыдан ғана айтылып қойған жоқ, бұл ережені өз Конституциясында бекітті. Адамның өмірін, денсаулығын, басқа да игіліктері мен заңды мүдделерін қауіп­ті қол сұғушылықтардан қорғау қыл­мыстық құқықтық міндеті деп танылған. Бұл міндетті жүзеге асыру жолында қыл­мыстық заң адамның маңызды деген игі­ліктеріне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерді қылмыс деп танып, қылмыскерлерге қатаң жаза қолдану мүмкіндігін көздейді.

Адамға қарсы жасалатын қылмыс­тардың ең қауіптісі – адам өлтіру. Қыл­мыстық кодекстің алғашқы баптары адам өлтіруден басталуы тегін емес. Барлық елдің заңдарында адам өлтіру аса ауыр қылмыс болып саналады. Заң сөзімен айтқанда, адам өлтіру дегеніміз – басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру, – дейді Елеужан Серімов.

Асығыс һәм асқыну

Қылмыс қай халықта да болған, қоғам­ның барлық саласына тән әлеу­меттік құбылыс. Әсіресе биліктің саяси, экономикалық тұрғыдағы «сәтсіз» қабылданған шешімдерінен кейін белең алатын бір заңдылық бар. Бұл әр кез болып тұратын табиғи фактор.

– Өткенді бажайласақ, Кеңес мем­ле­кетінің іргесі сөгілгеннен кейін қоға­мымызда қылмыс пен ұйымдасқан қыл­­мыс қарқыны күрт өсті. Сол уақыт­тар­да екпіні мен тепкіні қатты қылмыс­тылықтан кейіндеп қалып қоймау үшін елімізде соттық құқықтық реформа­­лар тым асығыс жүргізілді. Салдарынан құ­қық қорғау органдары мен ұйымдасқан қылмыстың даму қарқыны біркелкі деңгейде болмады. Керісінше, қылмыс атаулы «біліктілікпен» мемлекеттік биліктің бүкіл буындарына жегі құрт­тай дендеп еніп, құқық қорғау орган­дарының бүкіл күш құралдарымен, мүм­кіндігімен салыстырғанда көп айыр­машылықтар тудырды. Бүгінгінің биігінен бағаласақ, кешегі күні құқық қорғау органдары үздіксіз өсу, даму үстіндегі қылмыстылыққа ұзақ уақыт бойына тым әлсіз, мардымсыз қарсы тұрғанын жасырмауымыз қажет. Әл­жуаздық танытқанымыз – тарихи факт. «Ауруын жасырған өледі» деген өткір сөз иірімі осындайда айтылса керек. Қа­зіргі уақыт нақышына қарай қайта өзгертіліп, толықтырылып жатқан құқық саласындағы заңнамалар дені осыған жарқын айғақ бола алады. Қазіргі қыл­мыс төңірегіндегі деректер әділетсіздік пен ұрлық-қарлықтың асқынып бара жатқандығын, әсіресе экономикадағы, тұрмыстық қажеттіліктегі алаяқтықтың белең алғандығын айғақтайды.

Қылмыстың, әсіресе адам өлтіру қыл­­мыс­тарының көбею себебі неде десек, оның бір астары соңғы кездегі заң сала­сын жаппай реформалауда ­жатыр ма деп ойлаймын. Біз қылмысты тым ізгілен­діріп жібердік. Соңғы уақытта қа­был­даған заңнамамызды жаңашылдық пен жасампаздықтың, ізгілік пен әділет­тіліктің туы, жаршысы еттік. Ізгілендіру саясатын басшылыққа алдық, – дейді Е.Серімов.

 Тәртіп сақшысының беделі қандай?

Басы ашық нәрсе, ешқандай мемлекет қоғамдағы қауіпсіздікті, құқықтық және басқа тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған арнайы басқару аппаратынсыз өмір сүре алмайды. Осы тұрғыдан алғанда қоғамда ішкі істер органдарының маңызы жоғары.

– Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. БАҚ-та құқық қорғау қыз­меткерлеріне күйе жағып, орынсыз күс­таналаудан тайынбайтын материалдар жауын құрттай қаптап жүр. Мейлі солай болсын! Әйтсе де мемлекеттік деңгейдегі міндеттердің ең бір ауыртпалығы осы полицейлерге жүктеледі. Қылмыспен күресте алдыңғы қатарда. Ашылып жатқан қылмыстар қаншама? Бұрын құқық бұзушылықпен күресте беделі бар еді. Кәсіби шебер, санасы биік, жемқор­лықтан ада, халықпен жұмыс істей алатын, қарапайымдылық, ұстамдылық пен үнемшілдік, ішкі мәдениет басты орында тұратын. Қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру Қазақстанмен шектеліп қалмас еді. Оған үлкен мән беріліп, он бес елдің бірінші хатшылары араласатын еді. Бұл жоқты аңсау емес, реформалаудың тас диірменіне түсіп, еңсесі бүгілген, елінің алдында беделін жоғалтқан, күнделікті ерлігін емес, жанын қиғанда ғана бағаланып, мемлекеті ұмытқан, қылпылдаған ұстараның жү­гінде жүрген бүгінгі полицейді де сол деңгейде көруді аңсау деп ұққан ләзім. Шын мәнінде мемлекеттік іргесінің шайқалмауын діттеген бұл қызметке өркениетті елдердей дұрыс көзқарас қалыптастыратын күн жеткен секілді, – деді ішкі істер саласының ардагері.

Ұрпақ тәрбиесін ұмытпайық!

Соңғы уақытта қылмыстық іске мек­теп жасындағы балалардың барып жатқаны жиілеп кетті. Пышақ кезенуден қорықпайтын жастар үрей тудырады. Мамандар бұған әлеуметтік желінің тікелей әсері бар деп есептейді. Ауыр қылмысқа әсер етуші факторлардың бірі де осы. Себебі әлемжеліде қазір бәрі бар. Керек десеңіз, адам өлтіру жолдарына дейін. Айтудың өзі қорқынышты. Ауыр қылмыстарға баратындардың дені тұрмыстық қиындыққа тап болған ауыл балалары екен. Кейде ауылдан жақсы тәрбиеленіп шықса да қалаға келіп, басқа ортаға тап болып өзгеріп жататындары жетерлік. Статистика солай дейді.

Адамдар неге қатыгез болып барады? Бұл сұрақты психолог мамандарға қойдық. Нұр-Сұлтан қаласындағы №11 емхананың психологы Гүлнар Кұрман­ғожина қазіргі уақытта адамдарда мейірім азайып бара жатқанын жасырмайды.

– Әлеуметтік желіні, теледидарды қос­қан сайын күнделікті көретініміз: соғысу, өлтіру, жол апаты, кәрі адамдар­ды тонау, балаларды ұрлау, зорлау сияқ­ты жағымсыз ақпараттар. Осының бәрін көріп өскен жастар бар жауыздықты бойларына сіңіріп өсетініне ешкім мән беріп жатқан жоқ. Бұдан мүлдем қорғану, оқшауланып, тұмшаланудың өзі қиын екені де түсінікті. Бірақ әлемді қатыгездіксіз орнатуға болады деп ойлаймын. Әрбір отбасы балаларын кішкентай кезінен бастап мейірімге, сүйіспеншілікке, махаббатқа бөлеп өсірсе, айналадағы адамдарға тек жақсылық жасап, жамандыққа жоламауға бағыттаса, сонда ғана қатыгездік жойылады деп ойлаймын, – дейді Гүлнар Кұрманғожина.

Қылмыстардың көпшілігі мас күйінде жасалатыны анық. Бүгін арақ ішіп, болмашы нәрсені сылтау етіп, кісі өлтірген адам ертесіне өкініштен бармағын тістеп отырады. Қылмыскерлердің ішінде әйел­дердің, жасөспірімдердің кездесуі таңсық емес. Ежелден қоғам мен қылмыс қатар ұғымға айналған. Теріс әрекеттері үшін жылдан-жылға түрлі айла-тәсіл тауып, арына қылау жұқтырмай жүрген қыл­мыскерлер жетерлік. Ал оған қарсы тұратын біздегі жүйенің қабағын қырау шалған. Әсіресе кісі өлтіру қылмыстарын дер кезінде ашып, қылмыскерді жауапқа тарту баяулап тұр. Тіпті бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық­қа Жолдауында қозғаған еді. Мемлекет бас­шысының пікірінше, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтама­сыз етпейінше әлеуметтік-экономика­лық дамудың бірде-бір аспектісін табыс­ты жүзеге асыру мүмкін емес. Қысқасы, адам­ның өмірі ойыншық емес! Ауыр қылмысты азайту үшін құқық қорғау саласына үлкен реформа қажет. Ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмағанымыз абзал. Қоғамның пікірі де осыған саяды.