• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Медицина 31 Тамыз, 2022

Медициналық қызметке шағым көбейіп тұр

599 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында айтылғандай, Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры­ның 1406 Бірыңғай байланыс орталығы алғашқы жартыжылдықта халықтан денсаулық сақтау мәселелері бойын­ша 400 мыңнан аса арыз-шағым қабыл­дады. Бұл орайда ТМККК мен МӘМС шеңберіндегі медициналық қызметке қатысты шағым 1,7 есе – 6,5 мыңнан 11,1 мыңға дейін өскен.

Мәселен, 2022 жылдың 1 жарты­жыл­дығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 11 мыңнан аса адам медициналық қызметтің төмен сапасына, медициналық қызмет көрсетуден және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бас тартуға қатысты шағым түсірген. Бұл халық арасында медицина қызметінің сапасына көңіл толмаушылық ұлғай­ға­нын әрі жұртшылықтың бұл сыны орынды екенін білдіреді. Министр тал­дау мәліметтерін келтіре отырып, қыз­мет сапасына ең жиі шағым айтылатын аймақтарды атады. Оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қараған­ды, Алматы, Шығыс Қазақстан облыс­тары бар. Шағымдардың түп себебі ме­дициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде проблема бар екенін айқындап берді – мұндай шағымдардың үлесі 26%-ды құрады (2021 жылы – 20,6%), медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдар 23,2% (2021 жылы – 38%), медициналық көмекті ұзақ күтуге қатысты шағым 8,5% (2021 жылы – 8,4%) құрады.

«Медициналық қызметтің сапасына ықпал етуші құрал болуға тиіс Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мониторингінің рөліне айрық­ша тоқталғым келеді. Жалпы, қаржылан­дырудан алынатын соманың өскеніне қарамастан, 2021 жылы қор сарапшылары 25,7 млрд теңгеге 1,1 млн олқылықты әшкереледі. Жалпы алғанда, Әлеуметтік медсақтандыру қорының қаржылық санкцияларының тиімділігі төмен екені байқалады. Медициналық қызметті тиісті деңгейде көрсетпейтін өнім беру­шілерге қатысты ықпал ету шараларын қатаңдату керек», деді А.Ғиният.

Жыл сайын бюджеттің ұлғаятынына қарамастан, министрдің айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытын­да да түрлі бұзушылық фактілері анық­талып жатыр. Мәселен, 2021 жылы Ме­ди­циналық және фармацевтикалық ба­қылау комитеті осындай 28 фактіні анық­тады. 72 жауапты тұлға әкімші­лік жауапкершілікке тартылып, 10 млн тең­геден аса айыппұл салынды. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойын­ша осындай 17 бұзушылық тіркеліп, 2,3 млн теңгеден аса айыппұл салынды.

«Шағымдардың 80%-ына медицина қызметкерлерінің, медицина ұйым­дары басшыларының жұртпен әлсіз ком­муникациясы себеп болып отыр. Пациент­терді қолдау қызметінің жұмысын медицина ұйымының басшылары да, денсаулық сақтау басқармалары да тиісті деңгейде қадағаламайды», деді ведомство басшысы.

600-ден аса қызметкерден тұратын пациенттерді қолдау және ішкі сараптама тобы пациенттердің мәселесін «дәл қазір және дәл осы жерде» қағидатымен кезек күттірмей шешуге тиіс еді. Алайда медицина қызметкерлеріне шағым то­ластар емес. Шағымның 90%-ы жоға­ры тұрған инстанцияға келіп түседі. Демек, халықтың пациенттерді қолдау қызметі мен медицина ұйымдарының және денсаулық сақтау басқармаларының ­басшыларына сенуден қалғанын біл­діреді деп айтпасқа амал қалмады», деп қосты А.Ғиният.

Министр, бірінші кезекте, медицина­лық көмектің сапасын тиімді басқару механизмдерін қолдануға аса мүдделі емес медициналық ұйым басшыларын сынға алды. Өңірлерде медицина­­лық ұйымдарды аккредиттеу бойынша жұмыс дұрыс атқарылмайды. ТМККК/МӘМС өнім берушілерінің 47%-ы ғана (847-ден 401-і ғана) аккредиттелген. Клиникалар ең аз аккре­диттелген аймақ­тар қатарында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарын және Шымкент қаласы тұр. Аккредиттеу деңгейі небәрі 17%-30% аралығында. Сондай-ақ лицензиясыз қызмет көрсету, мамандардың сертификатсыз жұмыс істеу фактілері жиі тіркелетініне назар аударылды. Мәселен, биыл І жартыжылдықта өңір­лерде лицензиясыз қызмет көрсетудің 706 фактісі анықталды: 536 факт – 42 Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымында және 170 факт 32 стационарда тіркелді. Мұндай жайттар көбінесе Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарында, Шымкент, Алматы қалаларында кездеседі. Сөзін қорыта келе министр жергілікті атқару­шы орган өкілдерін кадрмен қамтамасыз ету, медицина техникасымен жабдықтау, МСАК-тағы үздік тәжірибелерді тарату, ақпараттық жүйелерді цифрландыру мен интеграциялау процесін аяқтау секіл­ді бірқатар өзекті мәселеге назар аударуға шақырды.

Сөз соңында А.Ғиният өңірлердің медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты әлсіз жұмы­сын атап, бірқатар тапсырма берді. Ден­саулық сақтау басқармасы басшыларына медициналық ұйым басшыларымен бірге халықпен тұрақты кездесу ұйымдастырып, мәселелерді шешу жөнінде хабардар ету, кадр құра­мын тексеріп, пациенттерді қолдау қыз­ме­­тінің жұмысын жетілдіру, олардың жұ­мысын шағымды азайтуға және ха­лық­пен кері байланысты қамтамасыз етуге бағыттау, медицина ұйымдарының бірінші басшыларының аттестаттауын­ жүргізіп, соның нәтижесі бойынша тиіс­ті шаралар қабылдауға кеңес берілді.

Алқа отырысында сондай-ақ денсау­лық сақтау вице-министрлері мен ведом­ствоға бағынысты ұйымдардың басшылары босандыру қызметі және балалар денсаулығына қамқорлық қызметін жетілдіру, ауылдағы денсаулық сақтау деңгейін жақсарту, EHealth цифрлық денсаулық сақтау жүйесін құру және МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыру секілді бағыттар бойынша Мемлекет бас­шысы тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.