«Түкіргенім бар» деу қазір қауіпті. Қоғамдық орында шабытыңды шақырып, бақырып айғайлауға болар, бірақ қақырып түкіруге рұқсат жоқ. Аз түкірігің үшін көп айыппұл арқалайсың. Түкірмейтін адамдар «маған түк қатысы жоқ» деп ережені елемейтін шығар. Ал сәт сайын түкіретіндердің қалтасының түбі көріне бастауы әбден мүмкін.
Бір қарағанда, тәртіп сақшыларына түкіріктен басқа айналысатын шаруа жоқ па деуіңіз мүмкін. Кейбіреулер түкірік жайлы Ораза кезінде ғана ойға алып жатады. Шын мәнінде, қазір аялдамалар мен қоғамдық орындарда түкіріктен аяқ алып жүру қиын. Бұрындары насыбай ататындар түкіреді деп ойлаушы едік. Түнгі уақытта жиналған жастар да «бүгін не істейміз?» деп түкіргісі келмесе де, қолын қалтасына салып, сотқардың «рөліне» еніп, айналасын көл қылатын. Қазір денсаулығы сыр бергеннен бе, тұрмыстық проблемадан шаршағаннан ба екінің бірі жиі түкіре беретін болыпты. Көрінбейтін жерге қақырса бір жөн, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда «таңба» салады.
Бұл мәселе қоғам арасында қызу талқыға түсіп, белсенділер қоғамдық орындарда түкірген адамдарды заң аясында жазалауды ұсынған болатын. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұл ұсынысты қолдаған-ды. «Мен қоғамдық орындарда түкіруге тыйым салуды толығымен қолдаймын. Бұл – мәдениет, бұл – гигиенаға және тәрбиеге қарама-қайшы. Барлығымыз бірге депутаттарға осындай бастама көтеруіміз керек. Тыйым салу деген сөз заң тұрғысынан алсақ, салдары жауапқа тарту мәселесін қозғауы мүмкін. Сондықтан әбден пісіріп, қоғам талқысынан өткізу керек», деген еді министр.
Көп ұзамай бұл мәселеге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының мәслихат депутаттары да үн қосты. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Арман Айтмағаметов қоғамдық орында түкіру мәселесі заңмен қалай реттелгенін түсіндіріп берді.
– 17 қыркүйекте қалалық мәслихат депутаттары қоғамдық орында түкіргені үшін қолданылатын әкімшілік жауапкершілікті күшейту туралы мәселе көтерген болатын. Оның ішінде көлікте кетіп бара жатып түкірушілерге де шараны күшейту ұсынылған. Қоғамдық тәртіпті бұзудың аталған түрі үшін Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 434-бабының 2-қосымшасы бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш (15 900 теңге) айыппұл көзделген. Аталған әрекет қайталанса, айыппұл екі есе артады, яғни 31 800 теңге арқалайды. Хабарлама алғаннан кейін 7 күннің ішінде айыппұл төленсе, сомасы 50 пайыз қысқарады, – деді департамент өкілі.
Қоғамдық орында тек урнаға түкіруге рұқсат етілген. «Урнаға түкіру – тәртіп бұзу болып саналмайды. «Урнаға түкірген едім, қиыс кетіп қалды» деп ақталатындар болуы мүмкін. Заңда «нөлдік төзбеушілік» деген ұғым бар. «Қиыс кетті», «дәл түсті» деп сөзбұйдаға салуға болмас. Сондықтан урнадан тыс түкірудің бәрі заңды бұзу болып есептеледі. Сәйкесінше айыппұл салынады. Жүрек айнып құсу – түкіру емес. Адам қасақана құспайды. Сондықтан адам факторын, ондай жайттарды сол кезде қарастырамыз. Жекелеген жағдайлар бар екенін түсінеміз. Бірақ ондай жағдайдың өзінде әркім өзі былғаған жерді тазалап кетіп отыруы керек», дейді басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта құқық бұзудың мұндай түрі көшедегі камералар арқылы автоматты режімде де, полиция қызметшілерінің қадағалауы нәтижесінде де анықталуда. Әрине, азаматтардың хабарлауы арқылы да белгілі болып жатады. Егер мұндай әрекетке куә болсаңыз, тәртіп бұзылған сәтті фото немесе видео түрінде тіркеп, «102» мобильдік қосымшасы арқылы мәлімдеуге болады. Дей тұрғанмен, қоғамдық тәртіп бұзудың аталған түрі көбінесе көшедегі бейнебақылау камералары арқылы анықталып жатады. Мәселен, бір күннің өзінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша полиция қызметкерлері дәл осы түкіру әрекетіне жататын 23 әкімшілік заң бұзу фактісін анықтаған. Олардың бәрі әкімшілік жауапқа тартылды. Анықталған 23 жайттың 17-сі көшедегі камераға түсіп қалса, алтауын полиция қызметкерлері тіркеген.
Алматы қаласында да «түкірушілермен» күрес қарқынды жүргізілуде. Мұнда жыл басынан бері «102» қосымшасы арқылы азаматтар 500-ге жуық хабарлама жолдаған. Соның ішінде ең жиі кездесетіні – түкірген адамдардың фотосы мен видеосы екен. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, жыл басынан бері 5 мыңнан астам алматылық қоғамдық жерде түкіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. «Қоғамның әрбір мүшесі салғырттық танытпай, қырағы болса, дер кезінде дабыл қақса, онда біздің айналамыздағы ортаны жақсартуға барынша мүмкіндік бар», дейді ол.
Алматы қаласының тұрғыны Зәру Досымбаевтың Атыраудан көшіп келгеніне 30 жыл болыпты. Мамандығы – эколог. Табиғат жанашырының айтуынша, адамды жастайынан мәдениетті болуға отбасында тәрбиелеу керек. «Адамның мәдениеттілігі өз отбасынан басталады. Бәріміз түкіре берсек, демалатын ауамызды өзіміз ластаған боламыз. Оның құрамында микроб болады. Ол ауаға тарайды. Ал далада ойнап жүрген балалар да, өзге адамдар да сол ауамен тыныстайды. Ауру-сырқаудың тез таралуына алып келеді. Денсаулыққа зиянды тұсын ескерген жөн», дейді эколог.
Дамыған шетел мемлекеттерінде көшедегі тазалық мәселесі қатаң қадағаланады. Мысалы, Бейжіңде көшеде түкіргені, қоқыс тастағаны, тіпті итінің «бүлдіріп» кеткен әрекеті үшін арнайы айыппұл салынады. Сингапурде сағыз шайнамақ түгілі, оны сақтауға, бір-біріне таратуға болмайды. Ол есірткімен теңестірілген және бұл үшін үлкен айыппұл (1000 АҚШ доллары) арқалайсыз. Сондай-ақ тасталған қоқыс үшін 500-ден 1000 долларға дейін, көшеде түкіргені үшін 1000 доллар, жеделсатыда темекі тартқаны үшін 1000 доллар айыппұл қарастырылған. Малайзияда асфальтқа тасталған сағыз үшін 1 ай қоғамдық жұмыс және 500 доллар көлемінде айыппұл салынады. Мұндай салақтық үшін Ұлыбританияда 90 фунт стерлинг айыппұл белгіленген. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде көшеде тасталған сағыз үшін кінәлі адам – 137 доллар, темекі тұқылы үшін 55 доллар төлейді.
Алыстан мысал іздеп керек емес. Іргедегі Қытай мен Қырғызстанда көшеде түкіргендер, ұсақ-түйек қоқыс тастағандар қомақты айыппұлға кесіледі. Көшеде түкіру проблемасын біздің елдің қоғам белсенділері көп жылдан бері айтып келеді. Бірнеше мәрте оған тыйым салу туралы бастама көтерілгенімен, қолдау таппады. Сең енді қозғала бастағандай. Көпшілік жүретін жерлерде түкіру – айналаңдағы адамдарды құрметтемеу екенін естен шығармаған жөн!