Қызылордалықтар үшін электр энергиясы алаңдатарлық мәселенің бірі. Қаланы жылумен қамтып отырған орталық жарты ғасырдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп, ондағы электр желілерінің тозығы әбден жетіп тұр. Осының жолын іздеген облыс әкімдігі мен Энергетика министрлігінің біріккен жұмысы нәтижесінде қалада құны 215 млрд теңгеден асатын жаңа жылу электр стансасы салынады. Сағатына 277 гекокалория жылу мен 240 мегаватт электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отырған энергетикалық жобаны Түркияның «Акса Энерджи» компаниясы жүзеге асырады.
Биылғы мамыр айында Сыр еліне жасаған сапары барысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов елімізде бұрын-соңды жылу электр орталығын шетелдік инвестор көмегімен салу болмағанын, мұндай мүмкіндікке осы облыс алғаш болып қол жеткізіп отырғанын айтқан еді. Жуырда нысан құрылысын жүргізетін компания анықталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инвесторлармен кездесіп, жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Басқосуға «Акса Энерджи» компаниясының Қазақстандағы өкілі Мұстафа Кемаль мен Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының директоры Гүлжан Қалижанқызы қатысып, тараптар арасында екіжақты келісімшарт жасалды.
– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 3 жылда қуаттылығы 1 мың мегаватт маневрлік стансалар салуды тапсырған болатын. Осы бағыттағы бастамамызға қолдау білдірген салалық министрлік пен «Акса Энерджи» компаниясы басшылығына аймақ жұртының атынан алғысымды білдіремін. Маңызды жобаның сапалы және уақтылы жүзеге асырылуына күш саламыз, – деді облыс әкімі.
Түрік компаниясының өкілі Мұстафа Кемаль энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға айрықша мүмкіндік беретін жаңа нысан 2025 жылы ел игілігіне берілетінін атап өтті. «Акса Энерджи» мазут, табиғи газ, жел генераторлары мен су электр стансалары арқылы электр энергиясын өндіруден әлемдік тәжірибесі мол, жетекші компаниялардың бірі. Осыған дейін Африка мен ТМД елдерінде осындай нысандар салған «Акса Энерджи» Қызылордадағы құрылысты биыл желтоқсан айында бастамақ.
Жиында биыл облыста 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандығы қайта жаңғыртылатыны, оған республикалық және облыстық бюджеттен 676 млн теңге бөлінгендігі айтылды.
Қызылорда облысы