• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Тамыз, 2022

Елдің күткені – автобанның біткені

409 рет
көрсетілді

Қарағандыдан басталып, Балқашты басып өтетін күре жолдың құрылысына келгенде тіл күрмеле береді. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2019 жылы басталған төртжолақты бұл автобанның құрылысы сағызша созылып, бүгінге дейін бітпей тұр. «Бұған не себеп болды екен?» деген заңды сұрақ туындайды.

Ұзындығы 363 шақырым болатын бұл жолдың құрылысын өз көзімізбен көріп, жауапты мамандармен сөйлескенде, бұл сұрақтарға да там-тұмдап жауап алдық. «Қаз­АвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыс­тық филиалының директоры Сы­рым Хамзин күре жол құрылысына кі­ді­ріс болған себептерді былайша жіпке тізіп берді.

– 2020 жылы пандемияға байланыс­ты қиындықтар туындады. Ол кезде мамыр айына дейін блок-бекеттер болды. Өзге қалалар мен шетелдерден келген жұмысшылар кезек-кезегімен 14 күндік карантинге жіберіліп отырды. Соның салдарынан жұмысшы күші жетіспей, жол құрылысының екпіні бәсеңдеді. Одан кейін екі бас мердігердің бірі жобадан шығарылды. Сөйтіп, жұмыстың бар ауыртпашылығы мен жауапкершілігі Қытайдың Construction Co. Ltd. компания­сына артылды, – деді С.Хамзин.

Одан кейінгі проблеманың бірі битум мен дизель отынының жетіспеушілігі болған екен. Дизель отыны демекші, мұндай мәселе биыл да туындауы мүмкін.

– Біздегі техниканың бәрі соляркамен жүреді. Күніне 100 тоннаға дейін жағамыз. Ал енді, таяуда егін ору науқаны басталады. Дизель отынына деген тапшылықтан бәрібір қашып құтылмаймыз, – дейді жауапты маман.

Мұндай тығырықтан шығу үшін бас мердігерлер дизель отыны үшін төлемді алдын ала жасап қойған екен. Осының нәтижесінде үлкен проблема болмауға тиіс дегенге сенгісі келеді мамандар.

«Қарағанды – Балқаш» автобанының құрылысы басталғалы жүргізушілер үшін азапты күндер туғаны рас еді. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, үш жыл бойы 148 шақырым болатын сексенге тарта айналма жолмен шаңға көміліп, салдыр-гүлдір етіп жүру оңай дейсіз бе? Уақытша деп амалдап салынған бұл жолдар талай көліктің түбіне жетті, талай жүргізушінің шашын ағартып, жүйкесін тоздырды.

Әйтеуір, биыл бұл құрылыстың бойында тіршіліктің нышаны байқалды. Қазіргі таңда күре жолдың барлық сегіз телімінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрбір телім бойынша іс-шара жоспары әзірленіп, жұмыс кестесі бекітілген. Ма­мандардың айтуынша, биыл айналма жолдардың саны 94 %-ға азайыпты. Мұны өзіміз де байқадық: бүгінде 70 ша­қы­рымнан астам асфальт төселген. Бұған дейін айналма жолдардың жалпы ұзындығы 148 шақырым болатын еді, қазір оның тоғыз шақырымы ғана қалыпты. Сонымен қатар күре жолдың бойында жасанды конструкциялар құ­рылысы да қарқынды жүріп жатыр екен. Атап айтқанда, жоба аясында мал айдау, жол өтпелері, көлік айрықтары мен көпірлер сияқты 46 ірі жасанды конструкция құрылысы қарастырылған. Ал қазіргі уақытта бұл жұмыстардың 65 %-ы аяқталыпты. Бұдан бөлек, жол құрылысшылары су өткізгіш 298 құбыр орнатып, ауыл шаруашылығы техникалары өтетін 18 көпір салған.

Аталған жолдың әңгімесі көбейіп тұр­ған учаскесі Шет ауданының аумағындағы Қызылқой және Нұраталды ауылдары ара­с­ында болатын. Қазір мұнда екі жолақ бойымен қозғалыс ашылған. Мұның өзі Алматыға қарай және Алматы жақтан ағыл­ған көліктерге сәл де болса демеу болды.

Жалпы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қара­ғанды облыстық филиалының басшысы Сырым Хамзиннің сөзіне құлақ түрсек, құрылыс жұмыстары үш негізгі бағыт бойынша жүріп жатыр. Атап айтқанда, айналма жолдар жойылып, көпірлер мен мал өткелдерін салу бойынша жұмыстар жалғасады және асфальт төсеу де қолға қызу алынған. «Қазіргі уақытта 260 ша­қы­рымда қозғалыс қамтамасыз етіліп отыр. Шарт талаптарына сәйкес, құрылыс жұмыстарын толық аяқтау 2023 жылдың соңына көзделген», дейді ол.

Иә, жол құрылысының созылып кет­кенін, жүргізуші біткеннің өкпе-назын айта берсе, әңгіме көбейейін деп тұр. Осы туралы ел ішінде онсыз да түрлі қауесет кезіп жүр. Әйтсе де, күңірене бермеген жөн-ау деген ұйғарымға келдік, күре жолдың бойындағы қызған жұмысты көріп. Биыл жол құрылысындағы арнайы техника саны үш есе, ал жұмысшылардың саны төрт есе артты. Нақты айтар болсақ, бүгінде жол салу жұмыстарына 560 бір­лік арнайы техника мен 1 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылған.

Жол салу бар да, оның ұзына бойын абаттандырып, қызмет көрсету нысандарына толтыру жұмыстарын да ұмытпаған жөн. Мысалы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы басшысы берген мәліметке сай, өңірде бұл саланы одан әрі дамыту үшін 19 демалыс алаңы дайын тұрған көрінеді. Бұл алаңдар болашақта жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандарына айналмақ. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін «Қарағанды – Балқаш» тасжолының бо­йында әрбір 100-150 шақырым сайын «А» және «B» санатына жататын үш сервис нысаны ашылады.

Жасыратыны жоқ, бұл күнде Қараған­ды мен Балқашты жалғап жатқан жаңа жолдың сапасына қатысты ел ішінде қауе­сет көп. Бәзбіреулер дәл қазіргі уақыт­та жұмысы қауырт жүріп жатқан жол құрылысының сапалы боларына күмәнмен қарайды. Енді бір жүргізушілер жаңа жол табанының кейбір жерлері қазірдің өзінде төмен түсіп кеткенін айтып жүр. Олардың бәрі мұны асыққанның шаруасы деп есептейді.

Ал жауапты мамандар болса, жол құрылысында мұндай олқылықтарға жол берілмейтініне нық сенімді. Олар жол сапасын бақылаудың өзі бес сатылы жүйеден тұратынын айтады. Мысалы, битумның, топырақтың, қиыршық тастың және бас­қа да қажетті материалдардың сапасы мерді­герлердің өндірістік базаларындағы зертханалар да қатаң тексеруден өтеді. Одан кейін техникалық бақылау бар. Бұл ұйымның сегіз бірдей инженері күн са­йын нысанда жүріп, жол жұмыстарының барысын қадағалайтын көрінеді. Бұдан бөлек, авторлық бақылау деген бар. Яғни жобалаушы мердігер жұмысы­ның жобалық құжаттамаларға сәйкестігін тек­середі. Сосын бұл жұмысқа «Ұлттық жол активтері сапасының орталығы» араласады. Оның мамандары материалдардың үлгілерін алып, алуан түрлі сараптама жүргізіп, кінәрат біткенді майшаммен іздейді. Ал ең соңында тапсырыс беруші, яғни «ҚазАвтоЖол» компаниясы жол сапасын тексерудің тізгінін өз қолына алады. Кесімді сөзді айтып, түпкілікті шешімді шығаратын да солар.

Сапа демекші, автобан құрылысында бұл мәселеге айрықша мән беріліп отыр­ғанға ұқсайды. Мысалы, тексерушілер Ақшатау кентінің тұсында 80 метрдей асфальт жабынының стандарттарға сай келмейтінін анықтап, мердігерге сол учас­кені қайтадан дұрыстап салдыртқан.

Сонымен, үш жыл бойы құрылысы ащы ішектей созылып, бітпей қойған автобан келесі жылдың соңына таман толықтай іске қосылуы мүмкін. Әне біте­ді, міне бітеді деп жүрген жауапты маман­дардың ауызы күйген болса керек, бұл күнде олар сақ сөйлейді. Жауаптары сыр­ғақ. «Бәрі жақсы болса, әрине» дегенді қосып қояды.

Иә, бұл автобан құрылысының біткенін елдің бәрі күтіп жүр. Айналма жолдар әбден зықысын шығарған автожүргізушілер қуанатын күн де таяу қалғандай. «Естіген – танық, көрген – анық» деген бар ғой, күре жолдың бойындағы бұрқыраған жұмысты көзбен көргендегі түйген ой осылай деуге негіз береді.

 

Қарағанды облысы